Медицина • 08 Маусым, 2018

Алматыда Түркі кеңесінің Туризм бойынша жұмыс тобы бас қосты

551 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Қазақстан» қонақ үйінде Түркі кеңесінің Туризм бойынша жұмыс тобы бас қосты. Жиын барысында аталған ұйымға мүше мемлекеттер арасында туризм саласын дамыту мақсатында қолға алынған «Заманауи Жібек жолы» жобасы жан-жақты талқыланды. 

Алматыда Түркі кеңесінің Туризм бойынша жұмыс тобы бас қосты

Қазақстан, Түркия, Әзербайжан және Қырғызстан өкілдері қатысқан кездесу барысында туризм тақырыбында талай тартымды әңгімелердің тиегі ағы­тылды. Алма-кезек сөз алған әр тарап осы жобаның міндеті мен мақсаты, мәні мен маңызына тоқтала келе, бұл күндері осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқаны жайында баяндады. Сонымен қатар олар алдағы жоспарларымен де бөлісті. 

– 2014 жылы Бодрумда өткен Түр­кі кеңесінің саммитінде қабылданған шешімге сәйкес, Қазақстан, Түркия, Қырғызстан және Әзербайжанның тарихи-мәдени мұраларын әлемдік деңгейде насихаттай отырып, аталған елдердің туризм саласын дамытуға барынша күш салуымыз қажет. Ха­лықаралық туризм саласындағы соңғы үрдіс – қазіргі кезде туристер тек теңіз бен жағажайда демалумен шектеліп қалмай, сол елдердің мәдени мұраларын тануға барынша ұмтылады. Осы орайда, Қазақстанда да көрікті жерлер аз емес екені баршаға аян. Алматы, Тараз, Шымкент және Түркістандағы тарихи ескерткіштер, Арыстан Баб пен Қожа Ахмет Ясауи сияқты әлемге танымал тұлғалар, Орталық Азияға ғана тән сәулет өнері және басқа да кереметтер өзге мемлекеттерден келген қо­нақтардың қызығушылығын тудыратынына сенімдіміз. Біз ұсынатын туристік пакеттің бағасы Еуропа және Америка нарығымен салыстырғанда едәуір арзан екенін де атап өткен жөн. Ал Түркия мен басқа елдер үшін туристердің қал­тасына салмақ түсірмейтін баға қарастырылып жатыр», – деді Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Өмер Коджаман. 

Түркияның Алматыдағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз Түркияны көруге құштар Қазақстан азаматтарының қатары күн өткен сайын көбейіп келе жатқанын және Түркия тарапынан да Қазақ еліне келуге құштарлық танытып отырғандардың саны артқанын айтты. Өз сөзін ол: ««Заманауи Жібек жолы» жобасы түркі елдерінің бір-біріне танылуына және насихатталуына септігін тигізетіні анық», – деп қорытындылады. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ