13 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздік шежіресі

406 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан». 2000 жыл. Сенбі, 16 желтоқсан.

Халықтың рухани-мәдени дамуы – Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін нығайтудың негізі Осыдан 11 жыл бұрынғы, яғни 2010 жыл­ғы 16 желтоқсандағы «Егемен Қазақстан» га­зетінің мерекелік нөмірі осындай тақы­ры­п­пен ашылған. Мұнда Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың Қазақстан халықтары Ассам­блея­сының VІІ сессиясында сөйлеген сөзі берілген. «Мен Қазақстанның мемлекеттік құрылысының іргесіне мәдени тақылеттестікті ұлтының негізінде емес, азаматтығының негізінде қалыптастыру принципі қа­лан­ғанын бұдан бұрын да айтқан едім. Міне, нақ осы жағ­даят бізді берекесіздік пен бет жыртысудан сақ­та­ды, міне, нақ осы принцип жаңа, ХХІ ғасыр мемлекеттік құрылыстың, ұлттық мәдениеттер ықпалдастығын аса бір күрделі де нәзік саласында алдымызға қойып отырған талаптарға барынша сай келеді», депті Президент өз баяндамасында. Мұнан кейін біртұтас мәдени ортақтастықты қалай құру, қандай негіздерде құру керек деген мәселе бой көрсететіндігін айта келе, «Әл­бетте, мұның дайын уәспісі жоқ және болмайды да, дегенмен мұндай құрылыс үшін берік объективтік негіздер бар. Әңгіме төрт негіз туралы болып отыр» дейді де, сол негіздерге тоқталады. Осы ретте Қазақстанның және тұтас Еуразияның аумағында жұрттардың қатар өмір сүруінің ежелгі берік мәдени дәстүрі бар екендігіне, екіншіден, біздің Қазақстанның жағдайында мәде­ниет­тердің үндесуі, сонымен бірге діндердің үндесуі қажеттігіне, үшіншіден, ашық қоғам орнату мәсе­ле­сі­не, төртіншіден, Қазақстан халықтарының мәдени ор­тақ­тастығы демократиялық негізде ғана, әрі мәде­ниет­тер мен халықтар арасында жатсынбаушылық болған жағдайда ғана қалыптаса алатындығына тоқталған. Елбасы баяндамасында Қазақстан халықтары Ас­сам­блеясының рөлі туралы жеке тарау арнапты. Осы ретте келесі 2001 жылы біздің тәуелсіздігімізге 10 жыл толатындығын атап көрсете отырып, «Бейбітшілік пен достықтың он жылы» – келесі жылдың ұраны, міне осы болуға тиіс» дейді. Ассамблеяның ұлтаралық қа­ты­настарды саясиландырып жібермеуде шешуші рөл ат­қаруы қажеттігіне, сонымен қатар Ассамблеяның өзі­нің мәртебесін көтерудің де қажеттігіне тоқталып өткен. «Төртіншіден, Қазақстан мұхиттағы арал емес, әлемнің ең бір күрделі аймағының кіндігінде жатқан ел. Діни экстремизм мен халықаралық терроризмнің аймаққа төндіріп отырған қатерінің күшейе түскені айқын біліне бастады» дейді. Осыған орай Ассамблея жанынан Дінбасыларының кеңесін ұйымдастыру мәселесін ойластырудың артықтығы жоқ екендігін айтады. Сөзінің соңында болашақтың іргесі бүгін, белгілі бір дәрежеде осында отырған өзіміздің ақыл-ойымызбен, қайрат-жігерімізбен қаланатындығын айта келе, «өткен ғасырдағы итальян саясатшысы Кавурдың сөздерін өзімізге бейімдей айтып, «Біз Қазақстанды сомдадық, енді қазақстандықтарды сомдайықшы» депті.  

МӘДЕНИЕТ ПЕН ҒЫЛЫМЫ ДАМЫҒАН ЕЛДІ ДҮНИЕ ЖҮЗІ МОЙЫНДАЙДЫ

ПРЕЗИДЕНТ Н.НАЗАРБАЕВ САЯСИ ЖӘНЕ ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНЕ МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАР ТАПСЫРДЫ Газет тілшісі Алма Мұхамеджанованың осындай тақырыппен берілген бұл хабарында республика­мыз­дың бірқатар саяси және өнер қайраткерлері Елба­сы­ның қолынан мемлекеттік наградалар алғандығы туралы айтылады. Онда былай делінген: «Мәдениетке қолдау көрсету елімізде алдағы жылы да жалғасын таппақ. Мәдениетке қолдау көрсету деп жарияланған биылғы жылы бұл мақсатқа 14 миллиард теңге бөлініп, оның 8,6 миллиарды бюджет есебінен беріліпті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдағы уақытта бұл қаржы көлемі өсуі керектігін айтты. – Себебі, – деді Президент, – өнері, ғылымы дамып, өз қызметтерімен бүкіл әлемге Отанын, өз ұлтын насихаттайтын дарындар өсіп жатса, ондай мемлекетті әлем мойындайды. Биыл республикада төрт жаңа театр ашылғанын, көптеген мәдениет мекемелерінің қайта жөндеуден өткізілгенін әңгімелей келе, Елбасы Астанадағы ашылған опера және балет театрын әлемдік маңызы бар оқиға деп атап көрсетті. Президент «Отан» орденін республика халық әртісі Юрий Померанцевке, ІІ дәрежелі «Барыс» орденін Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Асанбаевқа, тағы да басқаларға Мемлекеттік наградаларды тапсырып тұрып, өнер қайраткерлеріне үлкен табыс, қажымас қайрат тіледі» делінген бұл хабарда.   Дұрыс таңдалған ұлттық саясат «Президент поштасынан» айдарымен берілген бұл хабарда Мәскеу және Бүкіл Ресей патриархы Алексийдің Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан халықтары Ассамблеясының бес жылдығына орай құттықтау жолдағаны айтылады. Ол былай деп басталыпты: «Сіздің еркіңізбен сан алуан ұлттар мен дін­дер­дің өкілдерінен құралған Ассамблея қоғамды біріктіріп, Сіздің еліңізді мекендеген көп­теген халық­тардың ара­сында азамат­тық тыныштық пен қо­ғам­дық келісімнің сақта­луына негіз қалап келеді, – делінген ол хатта. Орыстың православия­лық шіркеуінің Жоғары өкілі ретінде мені Қа­зақстанда тұратын дін­басылар мен право­сла­вия­лық дінге сенімдегілерге мемлекеттік билік пен Сіздің, Мемлекет басшы­сының тарапынан олар­дың және басқа дәстүрлі діндердің өкілдері ара­сындағы қалыптасып отырған сындарлы, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді орнықтыратын қадамдарына деген ізгі көзқарас қатты қуантады». Алексий патриарх Қазақстан басшысына рухани күш-жігер, шыдамдылық пен табыстар тілеген. Сондай-ақ Ресейдің «Независимая газетасының» бас редакторы Виталий Третьяков та Президент Н.Назарбаевқа хат жолдап,  онда: «Сізді басқаларда жоқ көп ұлтты жиналыс – Қазақстан халықтары Ассамблеясының 5 жылдығымен құттықтауға рұқсат етіңіз» деп сөз бастап, бұрынғы Кеңестер одағы аумағында толассыз жалғасып келе жатқан кикілжіңдер жағдайында осындай кеңес органның құрылуының заңды құбылыс екендігін айтыпты. В.Третьяковтің пікірінше, Қазақстан халықтарының Ассамблеясы республикадағы бейбіт өмір мен достықты орнықтыратын маңызды тетік ретінде берік орнығып, шекаралас аймақтардағы жағдайға да игі ықпал етуде.   Адамзат күнтізбесі Газеттің бұл нөмірінде белгілі журналист, мәдениет­та­нушы ғалым Сауытбек Абдрахманов әзірлеген «Адамзат күнтізбесі» кітабынан үзінді беріліп, бұл үзіндіде 21, 22, 23 желтоқсан күндері адамзат тарихында қандай ірі оқи­ғалардың болғандығы туралы айтылады. 21 жел­тоқ­сан күні мынандай оқиғалар болған екен. 1237 жылдың осы күні Бату ханның әскері Рязань қа­ла­сын басып алады. 1375 жылдың осы күні Фло­ренция түбіндегі Чертальдо деген жерде Қайта өрлеу дәуі­рінің ұлы қаламгері Джованни Боккаччо қайтыс бола­ды. Боккаччоның ең танымал туындысы – 100 новелланың басын біріктірген «Декамерон». Онда 1348 жылы Фло­рен­цияны жайлап алған оба ауруы кезінде қаланың сыр­тын­дағы виллада бас қосқан он қыз-жігіттің 10 күн бойы қызыққа батып, күн сайын әрқайсысы бір-бір хикая шертуі баян етіледі. «Декаме­рон­ның» грекше мағынасы «он күн» деген сөз. 1401 жылы осы күні фло­ренциялық аса көрнекті суретші Мазаччо (шын аты-жөні – Томмазо ди Джованни ди Симоне Гвиди) дүниеге келді. Небәрі 27 жылдық өмірінде Қай­та өрлеу дәуірінің өнерін негіздеген алыптардың қата­ры­на қосылып үлгерген талант иесі. 1879 жылы осы күні ХХ ғасырдың аса көрнекті қайрат­кері Йосиф Виссарионович Сталин (Джугашвили) дүниеге келді. Сталиннің билік басын­дағы қызметі жайында жеткілікті жазылған. Тікелей қазақ халқының тұрғысынан қара­ғанда да 1932-33 жылдардағы адам айтқысыз аштықтың өзі ұлт­тың тағдыры үшін нағыз апат болды. Сонымен қатар, әлемдегі ең беделді саясаткер­лер­дің бірі Уинстон Черчильдің: «Сталин Россияны соқасын сүй­реткен ел күйінде қабыл алып, атом бомбасы бар ел биігіне жет­кізіп кетті», дегенін де ескерген жөн. 1898 жылы осы күні ерлі-зай­ыпты атақты ғалымдар Пьер мен Мария Кюрилер радийді ашты. 1905 жылы осы күні Жапония Кореяны өзінің протек­тораты деп жариялады. 1913 жылы осы күні «Нью-Йорк уорлд» газетінің жетекшілік санында алғаш рет сөзжұм­бақ (кроссворд) жарияланды. 1921 жылы осы күні советтік Россия мен Түркия өзара ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды. Ғасырлар бойы қыр­қысып келген екі елдің қарым-қатынасындағы бетбұрыс кезең басталды. 1925 жылы осы күні Мәс­кеуде Сергей Эйзенштейннің «Потемкин» броньды кемесі» фильмінің премьерасы болып өтті. Әлемнің ең талғампаз сыншылары қатысқан талай сауалдамада «Бір заманның, барша халықтардың ең таңдаулы фильмі» атанған туынды. 1991 жылы Алматыда бұ­рынғы 11 советтік республи­ка­лары (Балтық бойы респуб­ликалары мен Грузиядан басқа­лары) басшыларының кездесуі болып өтті. Советтік Социалистік Республикалар Одағы өз өмірін тоқтатқаны ресми құжатталды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы дүниеге келді.

 Ұлттық рухты ұлықтаушылар

Экономика ғылымдарының док­то­ры, профессор Ерлан Арынның бұл мақаласы ұлтымыздың мақта­ны­шына айналған «Дос-Мұқасан» ансамбліне арналыпты. Ол былай деп басталыпты: «Ертеректе елге атақ-даңқы жайылған «Дос-Мұ­қа­сан» музыкалық ансамблінің осы күнге дейін қалың қауымға ке­ңінен танымалдығының сыры жөнінде сөз сабақ­та­ғанда, сол бір кезеңдегі әлеу­меттік-саяси жағдай туралы айтпай кетуге бол­майды. Кеңестік заман дүрілдеп тұрған уақытта мұндай сазгерлік ұжымдар қып-қысқа ғана түрде ВАА деп аталушы еді, яғни бұл вокальдық-аспаптық ансамбль деген ұғымды білдіреді. Олар барлық тәуір деген Мәдениет үйлерінде, филармониялар мен жоға­ры оқу орындарында жұ­мыс істеді. «Мәдениетті демалу» деп аталған бос уақытты көңілді өт­кі­зудің көркі де, мақтанышы мен мін­детті атрибуты да солар еді. ВАА дегендеріңіз жауыннан кейінгі көктей өте көп болатын, бұларсыз жастар биі, студенттер мен комсомол фестивальдары және жиындары өткен емес, олардың музыкасы екпінді құрылыс бригадаларында да ерекше естіліп жатқан-ды. Ал соншама кілең сайдың тасындай ығай мен сығайдың арасынан топ жарып суырылып шығып, кәсіпқой во­каль­дық-аспаптық ансамбльдердің бү­кіл­одақтық конкурсының лауреаты атағын жеңіп алу, әрине, оңай шаруа емес». Ерлан Арын міне, осылай дей келе қазақ топырағында алғаш пайда болған эстрадалық ұйымның осындай кедергілердің бәрінен өтіп, оларды еңсеріп барып, кең дүниеге танылғандығын айтады. «Тотали­тар­лық тұмылдырық пен қысым ұлттық рухты тұншықтырып, тіл мен жақты қарыстырып тұрған коммунистік идеология дәуірінде «Дос-Мұқасан» ансамблінің дүниеге келуі қазақ руханиятына жаңа серпіліс, қанат бітірген ақиқат» дей келе «Дос-Мұқасан» ұжымының бізге берген ұлы тағылымы – ұлттық сана мен рухқа қызмет еткендігі екендігін айтады. «Осы орайда «Дос-Мұқасан» ансамблін тек қана тамаша өнерпаздық ұжым деу аздық етеді. Дұрысында оны тоқырау тоза­ңы­нан тоттанған тоталитаризмнің тас қабырғасын алғаш рет «солқылдата соққан» дара дауыс құбылнамалық құбылыс санау лайық» дейді. 1986 жылы қызыл империя қысымына қарсылық білдіріп, ашық түрде алаң­дарға шыққан желтоқ­сан­дық­тар «Дос-Мұқасан» ансамблінің отан­шылдық өнегесінің рухын жан жүрегіне сіңіріп өскен жап-жас бал­ғындар екендігін еске алады. Алуан түрлі халық әуендеріне жаңаша сипат беріп, өң бітіріп, «Ауылың сенің іргелі», «Құдаша», «Жайдарман» секілді халық әндеріндегі ұлттық колоритті жаңа арнаға түсіргендікте­рі­не ерекше сүйсініс білдіреді. «Сол уақытта досмұқасандықтар жап-жас жігіттер еді. Қазір бәрі де аға ұр­паққа айналды. Алайда, өнер қар­таймайды. Өйткені, өнер соның ішін­де, ән өнері – халықтың жай­на­ған жаны, қайнаған қаны, яғни ұлт­тық рух тынысы» дей келе, қазақ қо­ғамына «Дос-Мұқасанның» тигізген әсері «Битлздің» әлем мәде­ние­тіне тигізген әсерінен ешбір кем емес екендігін атап көрсетіпті.   Балаға жасаған жақсылық Оның қарымы еселеп қайтады Газет тілшілері Сүлеймен Мәмет, Жол­дасбек Шөпеғұл, Орынбай Балмұрат (суреттер) әзірлеген бұл репортажда Аты­рау қаласында екі күн бойы ән жанры мен көркемсөз оқудан «Менің Отаным – Тәуелсіз Қазақстан» деген та­қырыпта мектеп оқушыларының бірінші облыстық өнер байқауы өткендігі туралы айтылады.  Оған бастамашы болып, демеушілік көрсеткен КАТЕY халық­ара­лық қоғамдық қоры мен «Матин» фир­масы екен. Ал негізгі ұйымдас­ты­рушысы облыстық білім басқармасы болған. Сарапшылар қатарында Шамғон Қа­жы­ғалиев, Әзидолла Есқалиев, Сәуле Жанпейісова, Асқар Қаресов, түбі бір түрік ағайындардан Үнал Өзтүрік Хасан секілді азаматтар болыпты. «Нұрғиса Тілендиев атындағы кіші өнер академиясының 4 сынып оқушысы Олжас Еламанов Нұрағасының «Өз елім» атты әнімен байқауды ашқанда оның таза үні тыңдаушыларды дән риза етті. Бұдан кейін бүкіл облыс аудан­дарынан жиналған оқушылар бірінен кейін бірі ән әуелетіп, мәнеріне келтіре өлең оқыды. Олардың қай қайсысы да өнер құдіретіне жеңіл-желпі қарамай­ты­ны, әр сөзді тұспалмен емес, түсініп ай­та­тыны аңғарылды. Әсіресе, тума талант Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қа­зақпын» атты поэмасынан үзінді оқыған Бауыржан Сапаровтың екпінді үні, ерекше дауыс ырғағы оның болашағынан үміт күттіргендей» дейді тілшілер. Байқаудың бас жүлдесін ән айтудан Анар Құрманғалиева, көркемсөз оқу­дан Бауыржан Сапаров жеңіп алып­ты. Б.Тұрманова, А.Жанжігітов, Ә.Қарабалин, Ш.­Бер­­ма­ғам­бе­това, О.Мұқы­шева, С.Ға­зи­зов, Т.Ай­ма­қов, Г.Боқаева, Д.Түменбаева секілді оқушылар да жүлделі орындарға ие бо­лыпты.

Бетті әзірлеген  Сұңғат ӘЛІПБАЙ.