1000 айдан қайырлы болған бұл түн араб тілінде Ләйләтул Қадр деп аталады. Мұсылман сенімі бойынша дәл осы қадір түнінде аспаннан Жебірейіл періште түсіп, Мұхаммед пайғамбарға (саллаллаһу аләйһи уәсәләм) Құран кітапты берген. Осындай қасиетті Құран кітап түскен түнде Алланың мейірімі әдеттегіден артады.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәләм) бір хадисінде: «Аллаһ Қадыр түнін үмбетіме сый ретінде тарту етті, бұл бұрынғы үмбеттерге берілмеген» деп, бұл сыйдың қадірін білуге шақырады. «Бұл түні сауабын тек қана Алладан күтіп, сол түнін ғибадат етумен өткізсе, күнәлары кешіріледі», делінген тағы бір хадисінде.
Бұл түннің артықшылығы мен қасиеттілігін түсіндіретін Құранда сүре де бар: «Біз Оны (Құранды) қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? (Аллаһ Тағала білдірмесе) қайдан білесің? Қадір түні мың айдан да артық. Ол түні Аллаһтың рұқсатымен кез келген іс үшін Рух пен періштелер түседі. (әсіресе ол түнді ғибадатпен өткізгендер үшін) таң атқанға дейін Аллаһтың рақымы мен есендігі жауады» («Қадір» сүресі).
Бұл түнді қарсы алар алдында мұсылмандар толықтай ғұсыл құйынып, денесі мен көңілдерін барлық кірден арылтады. Жасалған ғибадат, құлшылықтың сексен үш жылға, яғни мың айға тең болатындығына байланысты мұсылмандар Қадір түнін құлшылықпен өткізуге тырысады.
Сондықтан әрбір пенде мүмкіндігінше, Қадір түнінде берілетін сыйдан құр қалмауға тырысуы керек. Ол түнді бос өткізбей, дәрет алып, намаз оқып, дұға етіп, Алла Тағаладан шын жүректен сұрап, құлшылық жасап өткізген жөн.
Бағдат ӘШІМ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің 1-курс студенті