Ұйымға мүше елдерді алаңдатқан заңсыз көші-қон, есірткі айналымымен күрес, ақпараттық және киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл түрлерін бірлесе жетілдіру сынды тақырыптар басқосудың негізгі өзегіне айналды. Одан бөлек ұйым шеңберінде коалициялық және өңірлік негіздегі топтасуларды, бітімгершілік күштерді, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің әскери дайындығын дамыту тетіктері де жан-жақты талқыланды. Қатысушылар тарапынан өзара ынтымақтастықты арттырып, жалпыға ортақ жұмыстарды күш біріктіре отырып еңсерудің тиімді жолын таңдау тұрғысында бірқатар ұсыныстар да айтылмай қалған жоқ. Жаһан жұртшылығын алаңдатып отырған Сирия, Ауғанстан жағдайларына қатысты ой-пікірлер ортаға тасталып, ғаламдық тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауда еліміздің ұстанып отырған саясаты көп мемлекеттерге жарқын үлгі екені сөз болды.
«Қазақстан қай кезде де халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор мән береді. Өйткені бұл тек Орталық Азия өңірі үшін емес, дүниежүзілік қоғамдастық үшін өзекті мәселе Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан –әлемдегі ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан алғашқы мемлекет. Бүгін біз өңірлік қауіпсіздікті күшейту, ұжымдық тұрақтылықты дамыту бойынша бірнеше маңызды мәселені бірлесе талқылып, ортақ шешімдерге келдік. Бұл шешімдер мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғауға зор ықпал етеді деп есептеймін», деді Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов.
Қазақстанда экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жоғары деңгейде жүргізіліп жатқанын мәлімдеген Қ.Әбдірахманов, ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы сенімді серіктестік бұл бағыттағы ортақ проблемаларды оңтайлы шешуге оң ықпалын тигізетінін жеткізді.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ