Өткен жексенбі күні Щучинск қаласына келіп жеткен оқушыларды облыстық білім басқармасының өкілдері қарсы алды. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларының 134 бала мен олардың жетекшілерін бірнеше топқа бөліп, табиғаты тамылжыған Бурабайдың баурайындағы «Звездный» балалар сауықтыру орталығына жайғастырды. Қарсы алушы жақтың өкілі, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенованың айтуынша, мейман балалар үш күн бойы Көкшетау мен Қараөткелдің үзіліп түскен моншақтай көгілдір көлдер мен мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген ажарлы аймағын аралап, тарих тылсымынан тамылжыта сыр шертер киелі жерлерін сүзіп шықпақ. Жалғыз ол ғана емес, акция барысында әртүрлі қызықты мәдени-спорттық шараларды қамту да межеленіп отыр.
– Ел тарихын ұғындыру жас ұрпақтың білім көкжиегін кеңейте түседі. Бүгін біз осы екі облыстың мектеп оқушыларын құшақ жая қарсы алып жатсақ, кейін ақмолалық балалар да сол аймақтарға саяхат жасайды, – деді Ботагөз Дүйсенова.
Алғашқы күні балалар Бурабайдың баурайындағы марал шаруашылығы маңындағы көне дәуірдің көзіндей болып көрінетін «Жайлау» этноауылында болды. Қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер бейнебір бағзы заманнан үдере көшіп келіп, тау етегінде ат шалдырып, байыз тапқандай. Мейман балалар қонақжай елдің дархан пейілімен ұсынған ұлттық тағамдардан дәм татты. Мамыражай тіршіліктің өзіндік сәні мен салтанаты көңіл арбап, ертегідей сұлу әлемге жетелейді. Арқаның самал желімен қосыла тербелген алтыбақан басында «құлақтан кіріп бойды алар» әсем ән әуелеп тұр. Желі басында шұрқыраған құлынның сымбаты қандай әдемі. Меймандар жуас аттарға мініп, желе шоқытып, жер танып бір жасап қалды.
– Осындай әдемі жерге келгеніме қуанып тұрмын,–дейді Орал қаласынан келген 8-сынып оқушысы Жасмин Бейсенғалиева.
– Табиғаты ғана емес, адамдары да ақжарқын екен. Апайларымыз ертең Абылай хан алаңы мен мұражайында боласыздар деді, тамаша емес пе?!
Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, талай тарих мелтектеп бөгіп жатқан Бурабай ауданындағы киелі жерлерді аралатып, жас меймандардың жадына ел тарихының елеулі белестерін орнықтырмақ. Сонымен қатар облыс орталығындағы тарихи жерлерді де көрсетпек.
Ел таныған, жер таныған қандай жақсы. Алыстан осы сапарды аңсап жеткен жас толқын қас-қағым сәтін бос жібермей, ұлтының өткен ұлағаты, тарихы және мәдениетімен бажайлай танысып, тереңінен бойламақ. Жобаның көздегені де осы емес пе?
Байқал БАЙӘДІЛОВ
Ақмола облысы