Дөңгелек үстел жұмысын Қазақстанның сыртқы саясатының дамуына елеулі үлес қосқан Ақмарал Хайдарқызының жауапты мемлекеттік қызметтердегі қажырлы еңбектерін айғақтайтын құжаттар құрамынан қалыптасқан тарихи-құжаттық көрме толықтыра түсті. Ақмарал Хайдарқызының 35 жылдық дипломатиялық қызметінің мәні «алғашқы», «тұңғыш», «бірінші» деген синоним сөздермен сүйемелденсе ғана ашыла түсетінін басқосуда айтылған әрбір естелік айшықтап жатты. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы елшісі, еліміздің тарихындағы алғашқы әйел-елші, Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Қазақстан Республикасының алғашқы Тұрақты өкілі, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі сияқты беделді қызметтерді атқарған А.Арыстанбекова «тұңғыш» деген тұғырдың талассыз иесі.
Жиынды кіріспе сөзімен ашқан Президент Архивінің директоры Борис Жапаров А.Арыстанбекованың комсомол және партия жұмысы шыңдаған қайраткерлік қасиетінің тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қалыптасу кезеңінде жарқырай көрініп, жас мемлекеттің халықаралық беделінің нығаюы жолында көрсеткен белсенді еңбегін жан-жақты саралап өтті. Азаматтық борышын дербес Қазақстанның жаһанмен ынтымақты дамуы жолына жұмсаған ұлттық дипломатияның көрнекті өкілі туралы жасалған 30 минуттық деректі фильм оның балалық шағынан бастап бүгінге дейінгі сәулелі өмірін нақты тарихи құжаттар мен суреттер, бейнежазбалар арқылы баяндап шықты.
Кеңес Одағының үш бірдей сыртқы істер министрімен – Э.Шеварднадзе, А.Бессмертных және С.Лавровпен бірге жұмыс істеп, сыртқы саясат өнерінің қыр-сыры мен нәзік иірімдерін меңгерген Ақмарал Арыстанбекова Тәуелсіздік туралы декларацияға қол қойылғаннан кейін екі күннен соң Президент Н.Назарбаевтың өзін БҰҰ-ға кіруге дайындық жұмыстарын жүргізуге байланысты тапсырма беріп, Нью-Йоркке аттандырған кезді есіне алды. Қазақстан Республикасы 1992 жылдың 2 наурызында БҰҰ-ға мүшелікке қабылданды. Қазақстанның тең құқылы мемлекет ретінде қатысқан БҰҰ Бас Ассамблеясының 47 сессиясы (1992-93жж.), Мемлекет басшысының ең алғашқы Америкаға жасаған сапары, 5 қазанда БҰҰ мінберінен егемен елдің ең алғашқы Президенті баяндама жасаған тарихи күнді әрбір минутына дейін беделі зор ұйымның сол кездегі тұңғыш Тұрақты өкілі болған А.Хайдарқызы тәптіштеп айтып бере алады. Дәл осы уақыт аралығында ол үлкен Джордж Буш, Мадлен Олбрайт, Билл Клинтон, Генри Киссинджер секілді Американың беделді саяси тұлғаларымен жиі бас қосып, салмақты сұхбаттар құрды. Ал БҰҰ-ның 49-сессиясында 295 қарар қабылданады, соның 20 қарарына Қазақстан бірлескен автор ретінде қатысады. Жауапкершілік жүгі ауыр осы ауқымды жұмыстың бәрі А.Хайдарқызының тікелей ұйытқы болуымен атқарылғаны анық.
А.Арыстанбекова Қазақстанның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі болып 8 жыл үздіксіз жұмыс істеді. Бұл жылдары А.Хайдарқызы Қазақстан Республикасының Кубадағы тұрақты және өкілетті елшісі қызметін де қоса атқарды. Францияда елші болған жылдары саяси-экономикалық байланыстармен бірге, мәдени қарым-қатынасқа да көбірек назар аударып, Париждегі Шығыс тілдері мен өркениеті ұлттық институты мен архивтерінде сақталған белгілі саяси қайраткер Мұстафа Шоқай туралы құнды деректер мен мәліметтердің елге қайтарылуы жолында көп жәрдем берді. Кедендік және қаржылық қиындықтары шешілген маңызды құжаттар 2001 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай ел Президентінің қолына табысталды. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымында ядролық полигонды жабу және қуаты жөнінен әлемдегі төртінші ядролық әлеуеттен ерікті түрде бас тарту жөніндегі теңдессіз әрекеті, жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға нақты үлес қосуы, әлеуметтік-экономикалық дамудағы дүниежүзілік тәжірибені зерделеу мен енгізуде жасаған А.Хайдарқызының еңбегін басқосуға жиналған ардагер дипломаттар мен танымал тұлғалар жарыса баяндады.
Бодандықтың қамытын енді сыпырған Қазақстанның халықаралық құқық нормалары мен қағидаттарын ұстануға негізделген дәйекті сыртқы саяси бағыты арқасында жас мемлекеттің әлем алдындағы беделінің асқақтағанының куәсі болып қана қоймай, сол саяси үдерістердің бәріне тікелей өзі қатысып, атсалысты. Тәуелсіз мемлекеттің сыртқы саясатымен таныстыру үшін ол АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Қытай, Жапония, Үндістан, Египет, Бразилия және басқа да мемлекеттердің елшілерімен жиі жүздесіп, дүниежүзілік қоғамдастықтың ортақ мәселелерін бірге талқылап, шешуге шақырды. Қазақстанның жас дипломатиясы сол тарихи кезеңдегі міндетін Ақмарал Арыстанбекованың қажырлы еңбегі мен парасаты арқасында лайықты орындай алды. Биік лауазымды кәсіби адал жауапкершілікпен атқара жүріп, дипломатия тарихымен айналысып, тарих ғылымдарының докторы атанды. Бүгінде ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Әлемдік саясат», «Жаһандану» және «Жаһандану дәуіріндегі Қазақстан мен БҰҰ» атты үш авторлық дәрістерін ұстаздар мен студентер үшін арнайы оқып тұрады. Үш монографияның және отандық, шетелдік басылымдарда тұрақты жарияланып тұратын саяси сараптамалық материалдардың авторы. Интернет желісінде оның ағылшын тілінде халықаралық қатынастар тақырыбымен тығыз байланысты жазылған 1500-ден астам ғылыми жұмысы мен мақалалары тіркелген.
Дөңгелек үстелге А.Қошанов, М.Әбусейітова сынды Ұлттық ғылым акдемиясының академиктері, Т.Қабдрахманов, Р.Бөлтіріков, Б. Ахметғалиев, Б.Құсайынов, Р.Саурамбаева сияқты дипломатиялық қызметтің өкілдері мен ардагерлері қатысып, мерейтой иесі туралы мақтанышқа толы мазмұнды естеліктер айтып, тың ұсыныстарымен бөлісті.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ