Отырысқа Комиссия мүшелері – республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының, шығармашылық одақтардың, журналистердің қоғамдық бірлестіктері мен мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.
Мемлекеттік хатшы жиында сөйлеген сөзінде бұқаралық ақпарат құралдарының Қазақстан мемлекеттілігіні нығайтудағы маңызды рөліне тоқталып, БАҚ өкілдерін келе жатқан кәсіби мерекелері – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтады.
«Биыл бұл марапат 22-рет беріліп отыр. БАҚ мемлекет басшысының бастамаларын халыққа жеткізу, мемлекеттік саясатты түсіндіру, қоғамдық пікір қалыптастыру, азаматтық қоғамды дамыту ісінде маңызды рөл атқарады. Осындай мәртебелі де жауапты миссияны лайықты атқару үшін баспасөз бәсекеге қабілетті болуы шарт. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев отандық журналистиканы дамыту мәселесіне зор мән береді. Осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Президенттің журналистерге арналған гранттары мен сыйлықтары осындай қолдаудың айқын көрінісі», деді Мемлекеттік хатшы.
Г.Әбдіқалықова мемлекеттің бұқаралық ақпарат құралдарының рөліне терең мән беріп, әрдайым қолдау көрсетіп отыратынын жеткізді. Сондай-ақ кәсіби деңгейі мен шеберлігін ұдайы жетілдіріп отыратын талантты журналистердің шығармашылық бастамалары мен ынта-жігерін қолдаудың қажеттігін атап өтті.
«Елімізде және шетелде болып жатқан маңызды оқиғалар Қазақстанадғы реформалардың бағыты мен мемлекеттік саясатты дұрыс жеткізу ісіндегі отандық БАҚ-қа деген жоғары сұраныстың және оның ерекше рөлін айқындайды. Жалпыға ортақ ақпараттандыру ғасырында дәл әрі нақты ақпарат негізгі құндылық болып табылады. БАҚ қазіргі әліемдегі соның қозғаушы күші әрі дистрибьютері болып саналады», деді Г.Әбдіқалықова.
Мемлекеттік хатшы еліміздің медиа-қоғамдастығы өзінің «төртінші билік» ретіндегі жоғары мәртебесін растай отырып, қазақстандық патриотизмді нығайтуға, қоғамдық келісім мен этносаралы татулық құндылықтарын бекемдей түсуге, мемлекет пен қоғамның өзекті проблемаларын жедел үн қатуға септігін тигізетін айтты.
Биыл Қоғамдық комиссияның қарауына 61 ұсыным берілді, соның ішінде 47-сі журналистерге, 14-і шығармашылық ұжымдарға қатысты. Бұл ретте 25 ұсыным баспасөз басылымдарынан, 36 ұсыным электрондық БАҚ-тан, телекомпаниялардан, телеарналардан келіп түсті.
Қоғамдық комиссия отырысында журналистер материалдарының деңгейі жоғары екендігі, сондай-ақ баспасөз қоғамдастығының Қазақстан дамуының маңызды қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жариялап, көрсетудегі үлесі атап өтілді.
Талқылау қорытындысы бойынша, БАҚ саласындағы президенттік марапаттарды тағайындау ережесіне сәйкес, Қоғамдық комиссия ашық дауыс беру арқылы БАҚ өкілдеріне 2 сыйлық беру, 2 грант тапсыру және 4 шығармашылық ұжымға Президент Алғысын жариялау жөнінде Мемлекет басшысына ұсыныс жасау туралы бірауыздан қаулы қабылдады.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»