Бұған да негіз жоқ емес. Дат ғалымы В.Л.Томсен (1842-1927) Дания корольдік Ғылым академиясының мәжілісінде әлемді дүр сілкіндіріп, барша жұртты таңғалдырған мәлімдеме жасаған-ды (1893 жыл, 25 қараша). Нәтижесінде, белгілі ғалым Орхон мен Енисей өзендері бойынан табылған ескерткіштердегі құпия жазуды оқудың кілтін тапты. Әрі аталған ескерткіштер түркі халықтарының тілінде жазылғанын, «Тәңір», «Түрк» деген сөздердің болғанын дәлелді дәлдіктермен тиянақтап, ғылыми тұрғыдан баяндағаны баршамызды мадақ сезімге бөлейді.
Асылы, қазақ жазуы тарихына назар аударған тұста, сөз жоқ, «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі» (Орынбор, 1924, 12-18 маусым) және І-ші Дүниежүзілік түркология құрылтайының маңызы зор болды (Баку, 1926, 26 ақпан – 6 наурыз). Өйткені бұл уақыттарда елдік мүдде алға шығып, тарих маңызы артып, құндылықтар қайнарының құрамдас бөлігі – тіл мұраты, табиғаты мен тағдыры қалың көптің жан-жүрегін қозғап, көңіл төріне еркін еніп, басты назарында тұрған-ды. Әліпби мәселесі, жазу жүйесі мен заңдылығы, оған қойылар талап пен талғам, таңдау негізі мен құқығы – қоғамның күретамырына айналған-ды. «Бір әріп – бір дыбыс» жүйесі, табиғаты мен тағылымы, оқып-үйрену Һәм үйрету ісі күн тәртібіне өткір қойылды.
Қазақ білімпаздарының съезі материалдарына назар аударар болсақ, қоғамдық ортада, мәдени-рухани өмірде айрықша маңызды құбылыс болғанын аңғарар едік. Әліпби мәселесі, жазу мұраты мен ережесі кең түрде сөз етілді.
1925 жылы жеке кітап болып басылған съезд материалдарын баспаға дайындап, қалың көпшілікке қайта ұсынған ф.ғ.д, профессор Ш.Құрманбайұлы былай деп жазады: «... Съезде жазу ережелері, әліпби мен қазақша пән сөздер мәселесі, ауыз әдебиетін жию шаралары, ғылыми және оқытуға арналған кітаптарды шығару, бастауыш мектептің бағдарламаларын дайындау мәселелері қаралды...
Бұл съезде, әсіресе тіл мәселесіне айрықша көңіл бөлінген. Съездің күн тәртібіндегі негізгі алты мәселенің үшеуін, яғни тең жартысын тікелей тіл мәселелері құрайды...
Сондай-ақ кітаптың қалған бөлігінде де тілді оқыту, сауатты жазу сияқты тілге қатысты ойлар мен тұжырымдар аз кездеспейді».
«Қазақ білімпаздарының» құрылтайында жазу ережелері, пән сөздері бойынша Е.Омаров, әліпби тақырыбы туралы А.Байтұрсынов, ауыз әдебиетін жинау жөнінде Х.Досмағамбетұлы, ал қосымша баяндаманы Н.Төреқұлов жасайды. Оқыту, білім мектептерін көбейту тақырыбында- М.Мырзаұлы арнайы баяндама жасады. Аталған мәселе, тақырыптар төңірегінде пікірталас, ұсыныстар айтылып, арнайы шешім қабылданады.
Сондай-ақ әліпби тақырыбы, А.Байтұрсынов жобасы, Н.Төреқұлов ұсынысы, латын жазуы хақында кең көлемде пікірталас болады. Түркі тілдес халықтар арасындағы әліпби мәселесі, артық-кем тұстары, ереже мен емле, дыбыс жүйесіне, үйрену мен үйретуге қатысты жағдаяттар да қозғалады.
Еске түсірсек, А.Байтұрсынов әліпби түзу деген түрік жұртында көптен келе жатқан мәселе екенін әр қырынан ашып, кеңінен сөз етеді. Талдау мен салыстырулар жасалып, өзіндік өзгешеліктеріне тоқталады. Кезекті тұста, жақсы әліпбиге тән белгі-ерекшеліктерді, қасиеттерді төмендегіше атайды: «...Жақсы әліпби тілге шақ болу керек. Өлшенбей тігілген о жер, бұ жер бойға жуыспай, қолбырап, солбырап тұрған кең киім сияқты, артық әріптері көп әліпби де қолайсыз; Бойыңды қысып, тәніңді құрыстырып-тырыстырып тұрған тар киім сияқты әрпі кем әліпби де қолайсыз болады.
Жақсы әліпби жазуға жеңіл болуға тиіс. Әліпбидің әріп сүгіреттері қиын болса, мүшелері көп болса, жазуды ұзақтатып, уақытты көп алады.
Әліпбидің жақсысы баспа ісіне қолайлы болуы тиіс, әрпі тізгенде оңай тізілетін, басқанда орынды аз алатын әліпби баспа сөзді арзандатады.
Жақсы әліпби үйретуге де қолайлы болуы тиіс. Әрпі сара жазуға оңай, баспасы мен жазбасының суреті жақын әліпби үйретуге жеңіл болады».
Араб жазуы – 1924 жылға дейін қолданылды. Ал 1924-1929 жылдар аралығында А.Байтұрсынұлы 24 әріптен тұратын – «жәдид», яғни жаңа әліпби түзді. Қолданысқа енді. Әлі де оқып-жазып, пайдаланатындар бар. Мұрағат, мұражай қорларында көптеп кездеседі.
Н.Төреқұлов көзқарасы бойынша, латын әрпі түрікшеге қарағанда артықшылығы, жеңілділігі бары аталады. Бұдан басқа, оқып-үйренуге, жазуға жеңіл, әрі баспа жүзінде де арзанға түсетіні атап көрсетіледі. Әсіресе атап өтерлігі: «...Латын әрпі жазуға да түрікшеден жеңілірек...Латын әрпінің тағы бір қолайлы жағы – оның жазу машинасына керектігі...бәрін салыстырғанда латын әрпін алсақ, әрі оқуға, жазуға жеңілдігі, әрі жұмысының оңайлығы көрініп тұр...Латын әрпін алу керек...латын жазуын қабылдау керек...Латын жазуы бізге әрі жеңіл, әрі арзанға түседі» деп, жазу табиғатын, қолданыс аясын, құндылық қырларын көрсетеді. Оқып-жазуға қолайлылығын, басым бағыттарын, маңызын кең ашады.
Өз кезегінде М.Дулатов латын әрпі мен түрік қарпінің айырмасы барына назар аударады. Түрік әліпбиінде бас әріптер жоқ болса, латыншада бары атап көрсетіледі. Түйінді тұста: «...Латын мәселесін көтеру бізге әлі ерте. Онан да күшімізге тимейтін, қолымыздан келетін түрік әріптерін жеңілдетіп қолдана беруіміз керек» дегенге ден қояды. Сондай-ақ «Жазу тәртібі» деген мақаласында: «...Жазуды тәртіпке салу деген оңай емес...Жазуды тәртібіне салу деген әрбір дыбыстың өзіне арнаған әріп бар. Ол әріптерменен не айтылса, соны жазуға, не жазылса, соны оқуға болады. Бір түрлі жазылған сөзді бұрынғыдай неше түрлі қылып оқуға болмайды». Тоқетерінде А.Байтұрсыновтың жазу тәртібін ұнататынын ашық жеткізеді.
Сондай-ақ Алаш ардақтыларының бірі – Ж.Аймауытұлы «Емлені өзгертуге жоба», «Жазу таңбаларымызды азайту туралы жоба», «Жазу мәселесі туралы соңғы сөз», «Ана тілін қалай оқыту керек?», «Пән сөздері қалай табылады?», «Хат таныту әдістері», «Қазақ тілін іске асыру қамы», деген мақалаларында ұлттық жазу, тіл мұраты, сонымен бірге әріп, емле, дыбыс төңірегіндегі өзекті мәселелерді кеңінен қозғайды. Бұл бағыттағы кейбір ойлары мен толғаныстары төмендегіше беріледі: «... Неғұрлым жазу оңайласа, соғұрлым халық мәдениетке тез жуықтайды; бұл күнгі ғылымның бағыты білім беру жолын мүмкін болғанша қысқарту; аз уақытта көп мағлұмат үйрету; оқушының күшіне тигізбей, өте зеректігін тілемей, жұмысын өнімді ету» (« Емле өзгертуге жоба»).
«Хат танытудың бір қиындығы жазу таңбаларымыздың көптігінен. Қазақтың ана тілінде дыбыс аз (24) болса да, жазуға келгенде көбейіп кетеді. Хат тану қашан оңайланбақ? Әрине, дыбыс басына бір-ақ таңба болғанда. Біздің түпкі мақсатымыз – дыбыс басына бір таңба беру. Соған жетуге талпыну керек» ( «Жазу таңбаларымызды азайту туралы жоба»).
Бұдан басқа, «Еңбекші қазақ» газеті беттерінде С.Мұқанов, Қ.Жұбанов, Е.Омаров, Т.Шонанов, С.Аманжолов, Ә.Марғұлан, А.Ақдәулетов, И.Қайменов, т.б. қазақ әліпбиі мен орфографиясы, әдістемелік мәні, тіл мәртебесі туралы мақалалары мен талқылау, пікірталастар орын алды.
1923-1927 жылдары жаңа әліпби төңірегінде жан-жақты талқылау, қызу пікірталастар кең өріс алды. Осы кезеңде бастамашыл, ынталы топ – «Жаңа әліпби үйірмесі», «Латын тілі үйірмесі» деген курстар ашып, орталықтар ұйымдастырып, жазудың мән-маңызына, табиғаты мен тағылымына мықтап назар аударды. Оқу-білімге, оқып-үйрету мен сауаттылық ісіне, оны жүзеге асыру бағыттарына батыл бет бұрды.
Осы тұста, атап айтқанда, Н.Төреқұловтың «Жаңа әліпби туралы» кітапшасы қалың көптің қолына тиді (1925).
Сондай-ақ Солтүстік Кавказда, Якутияда латын қарпіне көшу науқаны кең етек алды. Тіл мұраты, бағыт-бағдары, мәртебесі кеңнен қозғалды.
Түркітілдестер Орталық Азияда, оның ішінде Самарқан қаласында жиналды. Ұйымдастырушы – Өзбекстан үкіметі болды. Оның жұмысына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан өкілдері қатысты. Жиналыста жаңа әліпби, оқып-үйрену, емле, ереже бойынша бірқатар шешім қабылданды:
• Латын графикасы негізінде жаңа әліпби қабылдау;
• Жаңа әліпби сингармонизм заңына негізделу қажеттілігін ескеру;
• Жаңа әліпбиде бір дыбыс пен бір таңба принципінің сәйкестігін көздеу;
• Түркітілдес халықтарда таңба біркелкі болғанын назарға алу;
Бас әріптермен жазу шарт емес...
Қысқасы, «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі» (Орынбор, 1924) материалдарына, ұлт зиялыларының әліпби мәселесі, жазу ережелері туралы ойлары мен толғаныстарына, жазу мәніне ден қойған артық емес.
Осы тұста қысқа шегініс жасасақ, І – Дүниежүзілік түркология құрылтайының маңызы зор болды (Баку, 1926, 26 ақпан – 6 наурыз).
Түркология құрылтайына түркі халықтарының 600-ден астам зиялы топ өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Ресейден – К.К.Юдахин, Н.Ф.Яковлев, А.Н.Самойлович, В.В.Бартольд, Н.И.Ашмарин, Л.В.Щерба, т.б. болды. Ал Қазақстаннан құрылтай делегаттары қатарында – А.Байтұрсынов, Е.Омаров, Б.Сүлейұлы, Н.Төреқұлов және оқу-ағарту қызметкерлері, зиялы топ өкілдері қатысып, әліпби мәнін, табиғаты мен тағылымын кең түрде сөз етті.
Дауыс беру нәтижесі бойынша 101 дауыс – латын әліпбиін қолдады, 7 дауыс – араб графикасына, 9 дауыс – қалыс қалды. Қорытындысы бойынша латын әліпбиі қабылданды.
Бұдан кейінгі кезеңдерде қазақ жазуының реформасы жөнінде көптеген мақалалар жазылып, пікірталастар өтеді. Бұл ретте «Еңбекші қазақ» газеті беттерінде әліпби төңірегінде жүйелі түрде әр алуан мақала, пікірталастар беріліп тұрды (С.Мұқанов, М.Дулатов, Ж.Аймауытұлы, Ә.Марғұлан, С.Аманжолов, Е.Омаров, Т.Шонанов, т.б).
Бұдан кейінгі тұстарда, атап айтқанда:
• 1927 жылы – Қазақстанда «Жаңа алфавит қоғамы» құрылады. Оның төрағасы, қоғам қайраткері Н.Нұрмақов, құрамында – О.Жандосов, Ғ.Тоғжанов, Т.Шонанов болады.
• 1928 жылғы 9-12 желтоқсанда Қызылордада алғашқы өлкелік конференция өтеді. Қатысқандар: Н.Нұрмақов, С.Байтоғаев, О.Жандосов, А.Байділдин, Б.Малдыбаев, А.Ермеков, Ш.Сарыбаев, С.Сапарбеков, А.Розыбакиев, т.б).
• 1928 жылғы 18-23 желтоқсанда – Қазанда ОК-тің ІІІ-Пленумы болады. Оның жұмысына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Түрікменстан, т.т.түркі тілдес мемлекет өкілдері қатысады.
Әр алуан талқылау, пікірталастардан соң КСРО ОАК мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы , яғни «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдайды ( 1929 жыл, 7 тамыз).
Жаңа әліпби нұсқасы – «Еңбекші қазақ», «Советская степь» газеттерінде басылады. Әртүрлі бағыт, көзқарас, пікірталастар орын алады.
Халық ағарту комитеті (Наркомпрос) мен Орталық Комитеттің Жаңа әліпби жөніндегі ғылыми-әдістемелік Кеңесінде ғылыми-орфографиялық бағытта конференция ұйымдастырылады (1929 жыл, 2-4 маусым).
1928 жылдан орта және жоғары мектеп жүйесі Жаңа әліпбиге ауысты. Осы жылдан бастап «Жаңа мектеп», «Жаршы» журналы, «Қызыл әскер» газеті эксперимент түрінде жаңа әліпби үлгісіне көшіп, көпшілікке жетті.
1930 жылдың ақпан айынан бастап «Әйел теңдігі», «Қызыл Қазақстан», «Жаңа әдебиет» журналдары жаңа әліпбиге көшті.
Негізінен, латын әліпбиіндегі жазу үлгісі – 1929-1940 жылдар арасында қолданылды. Қазіргі кезеңде еліміз осы бағыт, жүйеге қайта оралды.
1940 жылы 10 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізінде жаңа әліпбиге көшіру туралы» қаулы қабылданады. Бұл кезең де едәуір уақытқа созылды...
Асылы, әліпби ауыстыру, таңдау мен оны жүзеге асырудың маңызы зор. Оның, сөз жоқ, әлеуметтік мәні, саяси себептері мен қоғамдық мәні айрықша болып табылады. Осы реттен келгенде, Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында (2006), «Қазақстан-2050» Даму Стратегиясында латын қарпіне көшудің қажеттілігін, әлемдік үдерістегі орын-үлесін, бастысы Түркі әлемі үшін маңызды қадам екенін кең түрде қозғады. Бұдан басқа, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазақ тілінің әліпбиін өзгерту мен оның арғы-бергі тарихына, қоғамдық мәні мен саяси себептеріне, ақпараттық-әлемдік бәсекелестік кеңістігіне кеңінен тоқталды. Жазу реформасы – ұлт айнасы, рухани жаңғырудың жарқын көрінісі екенін кең көлемде сөз етті.
Бастапқы тұста, қазақ тіліне негізделген латын графикасы хақында Парламенттің төменгі палатасында тыңдау өтті (11. 9. 2017). Бұл кезеңде халықтық талқылау, пікірталас, сұхбаттар да кең өріс алды. Негізінен, қоғам қолдады. Осының нәтижесінде, Елбасы «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру туралы» Жарлық шығарды (26. 10. 2017).
Қоғамда қолдаумен қатар қызу талқылау, әрқилы көзқарас, алуан пікірталастар кең орын алды. Жұмыс тобы, мамандар әр қырынан қарап, бақылау-пысықтау, талдау мен талқылаулар жасады. Кемшіліктер де байқалды. Негізсіз әріп, кірме дыбыс-
тар мен ноқаттар көбейіп кетті. Артық таңба, апостроф, диграф төңірегінде де пікірталастар өріс алды. Оқып-жазу, үйрену мен үйрету, танып-түсіну қиындық туғызды. Осының негізінде жұмыс тобы, білім, ғылым сала өкілдері, ІТ-мамандары мен сарапшылар жұмыла еңбек етті.
Алайда Әліпби мәселесі, «бір таңба – бір дыбыс» жүйесі оп-оңай жүзеге аса салмайды. Жазу-сызуға, оқып-үйрену мен үйрету ісіне кедергі келтіріп, қиындық туғызатын тұстар – соңғы нұсқаға қатысты Жарлық пен өзгерістен де көрініс берді (19. 2. 2018). Әлемдік тәжірибе мен тіл заңдылығын ескеру қажеттілігі айқын аңғарылды. Тіл – компьютерге емес, компьютер – тілге бейімделгені дұрыс деген ұстанымда да қисын бар. «Әліпби уақытпен бірге жетіледі», дегенге де үлкен үміт артып, сеніммен қарауға әбден болады.
Жинақтап айтқанда, қазақ тілі – мемлекеттік тіл ретінде Ата Заңда (1995) айқындалғаны анық. Ал қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру ісінде Түркия, Әзербайжан, және Өзбекстан тәжірибесі кең түрде салыстырылып, жан-жақты қарастырылды. Артық-кем тұстарына мән беріліп, назар аударылды.
Латын әліпбиінің 2500 жылдан астам тарихы болса, 100-ден астам мемлекеттер, әлемнің 4 млрд халқы қолданса, мұның мәні мен маңызы, қажеттілігі мен құндылығы, қолданыс аясы кең екені көрінеді. Бұдан басқа, тіпті: «...әлемнің 112 мемлекеті латын әліпбиін, 48 мемлекет араб әліпбиін пайдаланады деген дерек бар. Әлемдік банк жүйесі бойынша экономикасы озық, жетілген 30 елдің 22-сі , ал экономикасы дамушы іргелі 10 елдің 7-еуі латын әліпбиін пайдаланады екен» (У.Қалижанов Ұлт әліпбиі. – «Егемен Қазақстан», 2017 20 қазан). Демек, қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына ауыстыру – жазу реформасы, ұлттық кодтың басты белгісі, рухани жаңғырудың жарқын да кемел көрінісі. Қоғамдық санада серпін мен серпіліс орын алып, көңіл толқындарында қуаныш ұялағаны анық. Бастысы, жазушы Ә.Тарази айтқандай: «...Латын әліпбиі – қазаққа таңсық дүние емес, біздің тарихи жадымызда бар. Өткенге көз жүгіртсек, Алаш қайраткерлері бұл әліпбиді жазу-сызуда қолданды... Өркениетке ұмтылған, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуды мұрат еткен Қазақ елінің тарихи жадын жаңғыртып, латын қарпін қайта қолға алуы, қоғамнан қолдау тапқаны қуантады».
Ендеше, халық даналығында айтылғанындай: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Көз қорқақ, қол батыр». «Жеті өлшеп, бір кесетін» кезең келді. Жүзеге асыратын мүмкіндік туды. Жаңа жол, кең өрістер ашылды. Ұлттық тілдің қолданыс аясына барынша басымдық беріп, қоғам мен өмірде, тұрмыс-тіршілігімізде, қарым-қатынасымызда кеңінен пайдалансақ, бұдан мемлекетіміздің даңқы артады.
Бүгін мен болашақтың алтын көпірі, асыл өзегі – ұлттық тіл!
Тілге қызмет – ұлтқа еткен ерен еңбектің бастысы болып табылады.
Тегінде, қазақ жазуы, оның тарихы мен тағылымы – ұлт шежіресінің көркем көрінісі, елдік мұрат-мүдденің айбыны, білім-ғылымның айдыны, ақыл-парасаттың сырлы әлемі, тәлім-тәрбиенің күретамыры екені айдан анық.
Ақиқатында, қазақ жазуы, оның арғы-бергі тарихы – елдік мүддені, даму жолымызды, тәлімді тәжірибемізді айқын аңғартады. Ендеше, арғы арналардан бастау алған, ата-бабаларымыз жүріп өткен жолға, талайлы тарихқа тағзым етіп, елдік тұғырымыздың айбыны, ерлік шежіреміздің шынайы көрінісі – ұлттық жазуға мән беріп, мерей-мәртебесін асқақтату адамдық мұрат пен басты борыштарымыздың қатарына жатады.
Рақымжан ТҰРЫСБЕК,
филология ғылымдарының докторы, профессор