Таяуда Бейжің қаласында Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасында елімізден экспортталатын сиыр етіне арналған инспекция, карантиндік және ветеринарлық-санитарлық талаптар туралы хаттамаға қол қойылды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың көрші елге жасаған сапары аясында рәсімделген құжат осы экспорттық әлеуетті арттыру үшін жасалып отырған маңызды қадам болып отыр. Бұл хаттама мұздатылған, сүйексіз сиыр етін Қытайға экспорттауға мүмкіндік береді. Ендігі кезекте көрші елдің нарығына қазақстандық салқындатылған сиыр еті мен тірі малды экспорттауға келіссөздер жүргізілмек.
Жалпы, елімізде етті мал шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасында көрсетілген басымдықтар мен тетіктер экспорттық әлеуетті күшейту, еңбек өнімділігі мен өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін кемінде 2,5 есе ұлғайтуға бағытталғанын айта кетейік. Сол себепті министрлік жаңа нарықтарды ашуға тырысуда.
Ет және ет өнімдерін экспорттаудың халықаралық талаптары, бекітілген сапа стандарттары бар. Сол үшін бұған дейін Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары вакцинациялау арқылы аусылдан босатылған таза аймақ мәртебесін алды. Осының арқасында ветеринарлық сертификаттар бойынша Қытайға мал өнімдерін және тірі жануарларды жеткізу мүмкіндігі туды.
Жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде көрші елдің нарығына өнім шығару жұмыстары жыл санап қарқын алып келе жатыр деуге болады. Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сүйенсек, өткен жылы Қазақстан мен Қытай арасында ауылшаруашылық өнімдерінің тауар айналымы 345,0 млн АҚШ долларын құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 32%-ға артқаны осыны көрсетеді. Басқа да деректерді тілге тиек етер болсақ, өткен жылы Қытайға 306,9 мың тонна немесе құны 57,5 млн АҚШ долларына тек бидай экспортталыпты. Алдыңғы жылмен салыстырғанда мұздатылған балық экспортының көлемі 2,2 есеге (1301 тоннадан 2883 тоннаға), күнбағыс тұқымдары 1,7 есеге (73,8 мың тоннадан 123,7 мың тоннаға) ұлғайған.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»