14 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздік құрдастары

2296 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Мен бақыттымын! Осыдан 20 жыл бұрын 16 жел­тоқсан күні Күршім ауданы, Діңгек ауылында дүниеге келгенімді мақ­тан тұтамын. Себебі, дәл сол күні еліміз өз тәуелсіздігін жария еткені белгілі. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіз елдің азаматы болғаныма, дәл сол күні өмірге әкелген ата-анам Қизат Аға­даев пен Қайнижамал Сұлтанғали­қызына алғысым шексіз. Мына бір оқиға есімде мәңгі сақталатыны сөзсіз. Ел тәуелсіздігінің 10 жылдығы қарсаңында Елбасы тәуел­сіздік құрдастарының – он жастағы балалардың басын қосып, құттықтау үшін Астанаға жинады. Шығыс Қазақстаннан барған балаларға «Казцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демеуші болды. Елбасы Н. Назарбаев тәуелсіздік күні туған балаларды құттықтап, әрқайсымызға компьютер мен роликті сыйға тартатынын хабардар етті. Алайда, сол бағалы сыйлық неге екені белгісіз, бізге жетпей қалғаны да есімде қалыпты. Бірақ мәселе онда емес, Елбасымен бірге ескерткіш суретке түсіп, Астананы аралағанымыз, өзіммен құрдас балалармен танысқанымды еске алған сайын, кеудемді қуаныш кернейді. Тәуелсіздік құрдасы болған соң оқуда озат болғанға не жетсін. Мектепте тәртіпті болып, оқуда да алдан көрініп жүрдім. Қол күресі мен футболдан аудан намысын қор­ғап, облыстық жарыстарда сан мәрте жүлдегер атанғаным және бар. Сондай-ақ «Үздік шабуылшы» атағын иеленгенімді де мақтан тұтамын. Біз жастар, Елбасы Н.Назарбаевтың әкелік қамқор­лығын айқын сезінудеміз. Жатақханада сабақты пысық­тауға толық мүмкіндік бар, университет кітапханасында материалдық база күн талабына сай, компьютер, қажетті заттардың барлығы жеткілікті. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын бүкіл еліміз лайықты тартумен қарсы алатын күн де жақын. Қазір Қазақстанды бүкіл әлем жұртшылығы біледі. Күні кешегі Саммит, ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету, Азия ойындарында топ жару еліміздің атақ-даңқын бүкіл әлемге танытты. Елбасы         Н.Назарбаевтың сарабдал саясаты нәтижесінде Қазақстан келешекте де көк байрақты жоғары ұстап, биік белестерден көріне бермек. Оған біз де лайықты үлес қоса береміз.Азамат АҒАДАЕВ, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 2-курс студенті. Өскемен.   Атыма да, туған күніме де лайық боламын 16 желтоқсан – менің туған күнім әрі елімнің тәуелсіздік алған күні. Ата-бабамыз талай жылдар армандаған еркіндік, егемендік ал­ған күн. Менің ата-анам Зайда мен Сәрсенбек Алматыда оқып, білім алған жастар, кейіннен оқу бітіріп Кереку өңіріне, Павлодар облысына келген екен. Әкем Шымкент облысының Арыс деген аты да,  заты да әдемі қалада туған. Алайда, біз өзге ұлт өкілдері көп тұратын қалада тұрдық. Бір ғажабы, ата-анам үйде тек қана ана тілімізде сөйлесіп, мені ана тілімізде тәрбиелеп өсірді. Және де ата-анам үшін бұл күннің тағы бір ерекшелігі – олар отбасын құрған соң көп уақыт балалары болмаған екен. Ал сол бақытты күн 16 желтоқсан, яғни тәуелсіздік алған күнмен бірге келіпті. Атымды Мұхтар атасындай болсын деп ырымдап қойыпты. Иә, Тәңірдің өзі ата-анама осы күні сыйлық жасағандай. Өзім облыс орталығындағы №4 мектептің қазақ сыныбын бітірдім. Қазір университеттің тарих және құқықтану  факультетінде білім алудамын. Еліміздің шежірелі өткені ойлантады, бүгіні, ертеңі, әрине, біздердің білуімізді, осы арқылы тәуелсіздік алған еліміздің тарихын зерттеп біліп, алда ел тынысын кеңейтуге  үлес қосып, қызмет жасағым келеді. Мұхтар ПЕРНЕБЕКОВ, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің 2-курс студенті. Павлодар.   Егемендіктің арқасында елге келдік Тәуелсіздік біздің отбасымыз үшін ерекше қастерлі, айрықша қадірлі. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін алыс-жа­қындағы қандастарының ата қо­нысқа оралуына жол ашты. Менің ата-анам да Моңғолиядан ата-бабамыздың туған топырағына атбасын бұрып, осында қоныс аударды. Мен тәуелсіз елімізде өсіп, білім алып жатқаныма бек қуаныштымын. Өзім лицей бітіріп, дәнекерлеуші мамандығын алып шықтым. Қазір Алматы Экономика және статистика институтының Ақтөбе филиалында заңгер мамандығы бойынша оқып жатырмын. Тәуелсіздік күні дүниеге келгенімді ата-анам жақсылыққа жорып, мені ақжолтай ұл деп отырады. Мен дүниеге келген жылы Қазақстан тәуелсіздік алған екен. Оны мен есейе келе білдім. Алыста жүрген менің ата-анамның да мұндай қуанышты сәтті ақжарылқап көңілмен қарсы алғандарын естіп жүрмін. Әкем Қуандық пен анам Қарагөз атақонысқа оралған кезде құшақ жая қарсы алған ауылдастарына дән риза. Ауылда жеке шаруашылықтарын жүргізіп, балаларын тәрбиелеп, елмен қатар жүріп жатыр. Егемен еліміз тәуелсіздіктің 20 жылдығын қарсы алуда. Атажұрттағы оң өзгерістер мен осы жылдардағы қол жеткен табыстарға тәнтіміз. Ағайынның атажұртқа жиналуына мүмкіндік берген Елбасымызға ризашылығымыз шексіз, әрине. Бүгінгідей тарихи сәтте елге береке-бірлік, тұрақтылық пен татулық тілеймін. Еліміздің өркениетті елу мемлекеттің қатарына еркін енуіне перзенттік үлесімізді қосатындай азамат болу басты парызымыз деп есептеймін. Қашанда Қазақстанның алар асулары аласармасын. Болатхан ХОТБАЙ, студент. Ақтөбе облысы.   «Еліммен бірге өсіп келемін» – дейді сатушы Айдана Мақашева – Айдана көңіл-күйің қалай? – Өте жақсы, аға. Әсіресе, жылдағы желтоқсан айы жақындаған сайын көтеріңкі бола түседі. – Неге? – Бұл менің дүниеге келген айым ғой. Ел тарихындағы ең жұлдызды айда әрі тәуелсіздік таңымен бірге бүршік жаруым жүрегіме мақтаныш. Осы күндегі бүкілхалықтық қуаныш менің де шаттығыма шуақ шашады. Тәуелсіздікпен түйдей құрдас болуымды маңдайға жазған Жаратушыға рахмет. – Тіліңнің тазалығына, ибалы мінезіңе қарағанда, ауыл баласы сияқтысың? – Иә, Қарқаралы ауданының тумасымын. Онда да ақын атамыз Қасым Аманжоловтың кіндік қаны тамған жердің түлегі екенім көңіліме үлкен мерей. Әкем Амангелді, шешем Сандуғаштың еске алуы бойынша 16 желтоқсанда, түс ауған шақта өмір есігін ашыппын. Осының алдында Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялағаны туралы хабар біздің жаққа да жеткен екен. Есімімнің Айдана деп аталуы осы оқиғаға байланыстырылып қойылғанын олар ылғи да айтып отырады. – Мамандық алдың ба? – Орта арнаулы білімім бар. Қарағанды экономикалық университеті жанындағы бизнес және құқық колледжін үздік бітірдім. Қазір Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің сырттай бөлімінде оқып жүрмін. Көп балалы отбасыға ауыртпалық артпайын деген оймен бір мезгіл жұмыс істеп, оқуды осылайша жалғастыруды ұйғарған едім. Мұндай шешімім жақсы болды. Ауылдағы іні-сіңлілеріме көмек көрсетіп тұруға жағдайым баршылық. Ата-анамның тұла бойы тұңғыштары болғандықтан қамқоршы болуға жарап қалғаныма қуанамын. – Ойдағы арман-тілегің қандай? – Ауылды сағынамын. Ең алдымен, бауырларымды қатарынан қалдырмасам деймін. Ауылға оралып, кешегі ұстаздарымның ортасына қосылуды ойлаймын. Бүгінде қай азаматқа да ұмтылыс-талпынысына қарай мақсаттарына жетуіне жол ашық қой. Келешегіме сондай үмітпен қараймын. Сүйікті Қазақстанымыз гүлденіп, өркендеген сайын оған сенім нық. Еліммен бірге өсіп келемін. Мен де жиырмаға толғалы тұрмын. Бұл шақта бәрі алда. Ендігі үлкен істер біздің еншімізге тиетіндігін білемін. Соған өзіндік үлес қосу – басты мақсатым. Әңгімелескен  Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.   Елбасымызға амандық тілеймін Тәуелсіздік халқымызды өзгеге кіріптарлықтан құтқарды. Мұны, біз жас ұрпақ жақсы түсінуіміз, баға­лауы­мыз керек. Біз тәуелсіздік арқылы көп нәрсеге қол жеткіздік. Мәселен, бірін ғана айтайын. Оңтүстік үшін ағын су – алтынмен тең. Қырғызстаннан Шардара су қоймасына келетін су күз бен қыс­та көп болғандықтан қоймаға сый­май, Арнасай арқылы Өзбекстанға өткізіп келдік. 1966 жылдан бері көрші ағайынға 38-39 мың текше метр су жіберіппіз. Ал, суы тартылып, тұзы аспанға атқан Арал 29-30 мың текше метр ғана болған. Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан халқы су тасқынынан қатты азап шегіп, үлкен қаражаттар жұмсалып келді. Жұрт Елбасыға хат жазды. Мемлекет басшысы қабыл алып, Көксарай су реттегішін салу жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Көксарайдың сыйымдылығы 3 мың текше метр. Жаз бойы Аралға су барады, диқандар пайдаланады. Біз осыған Тәуелсіздік арқылы жеттік. Соңғы үш жылда Оңтүстікте 164 білім нысаны пайдалануға беріліп, оқушылар үлкен мектептерде оқуға мүмкіндік алды. Біз мұны қалай мақтан етпейміз. Тәуелсіздіктің құрдасы болғандықтан өзгелерден артық қуануымыз заңды сияқты. Аяулым ҚУАНЫШБЕКОВА, студент. Оңтүстік Қазақстан облысы.   Сенімді ақтау – басты мақсат Тәуелсіздік құрдасы болу мен үшін үлкен мақтаныш. 1991 жылдың 16 желтоқсаны біздің отбасымызға қос бірдей қуаныш сыйлапты. Әкем Хамит пен анам Жәмила, бауырларым бар, бәрі мені жыл сайын осы күні құттықтайды. Құрбыларым “сен туған күн мерекелердің ішіндегі ең жақсысы” дейді. Өйткені, бұл мереке ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздікке қазақтың қолы жеткен күні ғой. Біз бодандық дегеннің не екенін білмесек те, үлкендерден естіп өстік, кітаптардан оқыдық. Ахмет Байтұрсынов 1915 жылы “Әлхамдулла, біз қазақ 6 млн.-ға жеттік” депті. Сол қазақ аман болса бүгінде 40 млн.-ға жетер еді. Бірақ, ел басына келген нәубет, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, дүниежүзілік соғыс сияқты оқиғалар қазақтың санын өсірмей тастады. Осының бәрінде бодандықтың, өзгеге тәуелді болудың, өз еркі өзінде болмаудың салқыны бар. Қазақстан тәуелсіздік алғалы 20 жыл ішінде біз ғасырлық жетістіктерге қол жеткіздік. Бұл қызыл сөз емес, анық ақиқат. Бір ғана Оңтүстіктің білім саласына тоқсан миллиардтан астам қаржы бөлініп келеді. Бұл – Қырғызстан сияқты мемлекеттердің жылдық бюджетінен үлкен. Осының өзі-ақ мемлекетіміздің экономикалық қуатын танытады. Бүгінде Қазақстанды дүние жүзі таниды. Күні кеше ТМД арасында тұңғыш рет Еуропаның төрі Қазақстанға бұйырды. Әлем санасатын мемлекетке айналғандығымыз баршамызды қуантады. Елбасымыз Оңтүстікке келгенде біздің оқу орнымызда болып, аталы сөздер айтты. Біз сол сенімге лайық болуға уәде береміз. Айғаным ДҮЙСЕНОВА,  М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің химия-технология факультетінің 3-курс студенті. Оңтүстік Қазақстан облысы.   Ел болашағына сенімдіміз Тәуелсіздіктің құрдасы екенімді ойлағанда, көкірегімді бір әдемі сезім әлдилейді. Ол жеке басыңның қуаны­шының туған еліңнің тарихи өміріндегі айрықша сәтпен тұспа-тұс келуіне деген ризашылықтың әсері дер едім. Колледж бітіріп, «БТА» банктің облыстық филиалында оператор-кассир болып жұмыс істеп жүрмін. Өндірістен қол үзбей жүріп, жоғары білім алуды мақсат етіп, «Дүние» институтында оқып жатырмын. Жұмысым өзіме ұнайды. Маған сенім артқан ұжымға да дән ризамын. Бүкіл еліміз сияқты біздің филиал да тәуелсіздік күніне табыспен баруға жұмылуда. Алысқа бармай-ақ, бір сәт Ақтөбеге көз салсақ та өркенді өзгерістер аңғарылады. Жыл санап өмірімізге өркениеттің игілігі көптеп енуде. Мұның барлығы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көсемдігі мен көре­гендігінің нәтижесі, еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың өзара тіл табысуы мен достығының айғағы болса керек. Тәуел­сіздігіміздің ғұмыры ұзақ, тұғыры берік болсын. Халқымыз аман, еліміз тыныш болсын. Тәуелсіздік жылдары алған еліміздің бедел-биігі асқақтай берсін. Біз тәуелсіздіктің құрдастары осы бағыттағы қайнаған өмірдің қақ ортасында жүруге әзірміз. Сәуле БИСЕМБАЕВА, «БТА» банкі Ақтөбе облыстық филиалының оператор-кассирі. Ақтөбе облысы.   Ең жас директор Тәуелсіздіктің төл құрдасы Мәди Жұмабеков өзінің туған ауылы Шіркейлідегі №129 Ә.Жәмішев атындағы орта мектепке барды. Сонда 9-сыныпқа дейін білім алды. Сонан соң Қызылорда қала­сындағы «Болашақ» университе­тінің колледжіне оқуға түсті. Оны аяқтаған соң білімін жалғастыру мақ­са­тында Қорқыт ата атын­дағы Қызыл­орда мемлекеттік универ­ситетінің заң фа­культетінің сырт­тай бө­лі­міне түсті. Қазір сонда білім алып жатыр. Жас жігіттің өмірбаяны бұл ғана емес. Әкесі Нағи 2003 жылы шаруа қожалығын ашты. Бала Мәди әкесінен бір елі қалмайтын. Әкесінің шаруашылықты қалай құрып, қалай аяғынан тік тұрғызғанын біледі. Сондықтан өзі де жұмысқа ерте араласты. Міне, енді жиырманың жалын тартқан жас жігіт сол «Нағи» шаруа қожалығының директоры. Өмірге ерте араласқандығынан шығар, ол отбасын да құрып үлгерді. Басын құрағанына да айдан асқан жоқ. Жел­тоқсанның 7-сі күні тойы өткен. Ертесі Астанаға жүріп кетті. Себебі, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партия­сы Төр­ағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин тәуел­сіздіктің төл құрдастарын өзіне жиған. Барды. Партия төрағасының бірінші орынбасары отбасын құруымен құттық­тағанда, таң қалды. Ел ағалары өздеріндей жастардың өмірін білетінін, көңілдерін бөлетінін біліп бір марқайып қалды. Бұрнағы күні Қызылордада Сыр жастарының форумы өткен. Сол кезде облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың қолынан арнайы марапат алды. Ол да жігерлендіріп тастады. Бүгінде жас директордың айдарынан жел есіп тұр. Жұмысқа деген ынтасы алабөтен. «Біз жаспыз. Ел экономикасын көтеруге, әрі қарай дамытуға бар күшімізді салып жұмыс істеуіміз керек. Ағалар алдымыздан даңғыл жол ашып отыр. Бізге соны жалғастыру, алға сүйреу міндеті жүктелген. Тәуелсіздіктің тұстастары ағалардың аманатын адалынан атқарады деген ойдамын», – дейді ол. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда облысы.   Біздің міндетіміз – жақсы оқу Маған тағдыр мемлекетіміздің Тәуелсіздік алған күнінде жарық дүние есігін ашуды нәсіп қылған екен. Мен мұны мақтан етемін. Жұбан атамыз айтқандай, “мың өліп, мың тірілген” қазақтың қалың тарихына үңілсең, талай рет тағдыры қыл ұшында тұрғанын байқайсың. Жаның түршігеді. Тағдыр­дың сын тезінен аман қалғанымызға қуанасың. Ұшқан құстың қанаты, шапқан аттың тұяғы талатын салқар даламызға, мыңғырған малына қызығып, ұлын құл, қызын күң еткісі келгендер көп болған. Құба қалмақ шауып, “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадай” жанды сыздатқан жаралар қалған кеудеде. Осыдан кейін Тәуелсіздік қазаққа оңай келді, бір оқ шығармай жеттік деп айтуға еш болмайды. Ата-баба арманына біз жеттік. Мен ОҚМУ-да механика және мұнай-газ ісі факультетінің 2-курсында оқып жатырмын. Қазақстанның бай мұнайын өз азаматтары игеруі керек. Себебі, ол – ұлт байлығы, біздің қазынамыз. Бізге мұндай мүмкіндікті мемлекетіміз сыйлады. Елдің ертеңіне қызмет ету үшін жақсы оқу керек. Абылайхан ЕРКІНБАЙ, студент. Шымкент.   Асқақ арман адастырмайды Жеті жастағы кезім. Бірде қыс­тың қақаған суығында үйге туған-туыстар шақырылды. Үлкендердің маған қарата айтып жатқан жылы сөздері жанымды  жадыратып, зейін қоя тыңдап отырғанмын. «Бәріміздің бір Алла жаратушымыз. Ал, айналайын, сенің туған күніңнің жөні бөлек. Тәуелсіздіктің төл құрдасы болу екінің бірінің маңдайына жазылмаған болар. Тағдырдың сыйын бақыт құсындай мәпеле. Қолың­нан ұшырып алма», – деп ауылдан келген ағайым төгіле сөйлеп, ерекше қадір-қасиетін ұқтырып еді. Содан бастап тез есейіп кеткендей болдым.  Бұрындары қатардағы  мерекедегідей атап өтсем, Тәуелсіздік күні дүниеге келгеніме сырттай масаттанып жүрсем, енді туған күнім жақындаған сәттерде бойымды әлдебір күш билеп, жауапкершілік сезімі оянғандай хал кешемін. Қазір әр қадамыма есеп беріп, айналама ойлана-толғана қарайтын болдым. Бұрындары қоғамдық жұмыс­тар десе кежегем кейін тартатын болса, енді  буырқанған күш-қуатымды Отанымды көркейтуге, гүлдендіруге жұмсасам деген күйдемін. Қазір ақпараттық технология факультетінің үшінші курс студентімін. Мақсатым – сапалы білім алып шығу. Білектілердің емес, білімді­лердің заманы туды. Қатарымнан қалмай  үздік оқып жүргенім сондықтан. «Нұр Отанның» жастар қанатының мүшесі ретінде саяси шаралардан қалмаймын. Інім  Бауыржанды қолынан жетелеп қазақ мектебіне бердік. Ана тілінде ой да, бой да өсірудің жөні мүлдем бөлек. Алда туған күнім жақындап келеді.  Айналадағы жұрт «Тәуелсіздіктің төл кұрдасы, сен не тындырдың?» дегендей сынай қарайтын тәрізді. Халқымның бақытты болуын қалаймын. Елім үшін еңбек етсем деймін. Асқақ елдің арманы биік, адастырмайтыны кәміл. Бибігүл ҚАЗАНТАЕВА, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті. Петропавл.   Тәуелсіздікпен бірге елге келдік Қазақстан Тәуелсіздік алған­ға дейін менің ата-анам Ресейдің Свердлов облысындағы Камыш­лов деген ауданда тұрған екен. Әке-шешемнің өздері де Ресейде туған. Олар ауыр замандарда  елден тыс жерге  ығысып кеткен қазақтардың  ұрпағы. Алайда, қай­да жүрсе де  елге, жерге деген балалық сезімін жоғалт­папты. Анамның  айтуынша, әжелеріміз елді сағынып, әндетіп, жылап отырады екен. Қазақстан  Тәуелсіздігін алған күні, желтоқсанның  16-сы күні мен дүниеге келіппін.  Мен туғаннан кейін ата-анам Ресейде қалғылары келмепті. Өйткені, Тәуелсіздік  ата-анама керемет рух беріпті. Өздері орысша оқып, орысша  тәрбие алса да, бар көңілі Қазақстан жаққа елеңдеумен болыпты.  Сөйтіп, кішкентай екі қызын жетектеп,  жөргектегі мені көте­ріп,  әке-шешем Қостанай облысының Ұзын­көл ауда­нына көшіп келіпті. Балаларының қазақ тілін, халқының дәстүр-салтын білуі үшін  осындай батыл шешімге келген екен. Жеті жасқа толған соң мені қазақ мектебіне берді. Ұзынкөл ауданы орталығындағы №2 орта мектепті жақсы бітірдім. Арманым дәрігер болу еді. Мектепті бітіргенде  ұлттық бірыңғай тестілеуден 101 балл жинадым. Алайда,  жинаған балл  медицина  инсти­тутына түсуге шамалы аздық етті. Қазір А.Байтұр­сынов атындағы  универси­теттің  агрономия  факультетінде  оқып жүрмін. Қандай қызметте болса да, Тәуел­сіз еліме мінсіз қызмет етемін. Жыл сайын 16 желтоқсанда біздің үйде қос мереке болады. Туған-туыстардың барлығы маған: «Тәуелсіздік болып келген қыз, бізді  елге алып келген қыз», деп құттықтайды. Мен де еліміз Тәуелсіздік алып жатқанда дүниеге келгенімді мақтаныш тұтамын. Мұндай сәйкестік маған деген тәңірдің бір сыйы деп білемін.  Оның жауапкершілігін де сезінемін. Өткен жылы  орыс тілінен облыстық олимпиадада екінші орынды жеңіп алдым. Қазір  университеттегі  қоғамдық жұмыстарға белсене қатысамын. Аталарымыз Тәуелсіздікті арман­дады, ол үшін күресті.  Ал  сол қолға бақ болып қонған  еркіндіктің қадірін білуіміз керек. Қадірін білу – оны аялау, сақтау, ол үшін қандай  күреске де дайын болу деген сөз.  Жастар жалындап жанбасақ, елдің ертеңі не бол­мақ?! Мен  Тәуелсіздікті осылай түсінемін. Айна ШАМЕТОВА, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің студенті. Қостанай.