Қазақстан • 13 Маусым, 2018

Аймақ өмірінің айнасы - «Жетісу» газетіне 100 жыл

1508 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Сөз жоқ, ХХІ ғасыр – ақпараттық ат ойнату, бітіспес идеологиялық күрес ғасырына айналды. Осындай өрістің өзінде Қазақ елінің байрақты бейнесін әспеттей әуелетер қазақ журналистикасы қандай күйде дегенде мүдіре қоймасымыз хақ! Әйтсе де бүгінгідей ақпарат шеруі әлемді шарпыған шақта журналистиканы дамыту – ұлттық қауіпсіздікті сақтау деп түйсінгеніміз абзал. Бағдарлап қарасаңыз, қазіргі таңда еліміздің идеологиялық мақсат-мұраты, ұлттық асыл қазыналарды сақтап қалу, халықтық қалыпты негіздету секілді ең басты міндеттерінің ауыр жүгін журналис­тер қауымы арқалап келеді. Және солай болып қала да бермек! Бұл ретте біз де әрдайым аймақтық ата басылымға тән сөз саптап жатсақ – оқырманымыздың олжаға кенелгені. Қатарымызға ұлтжанды, шығармашылық әлеуеті салмақты қызметкер қабылдап, һәм қанаттандырып, түлетіп жатсақ, бұл да – оқырманның ұтқаны. Алдыңғы аға толқыннан кейінгі толқынға келелі ұласқан киелі дәстүрге кір жуытпай келсек, мұнымызды да  оқырманның көмбелі қазынасы деп ұққайсыздар!  

Аймақ өмірінің айнасы - «Жетісу» газетіне 100 жыл

Әріден тартсақ, қазақ даласындағы баспасөз қар­лығаштары «Түркістан уәлаятының газеті» (1870) және «Дала уәлаятының газеті» (1878) еді. Патшалық биліктің қолындағы таптырмас идеологиялық құрал бола тұра қалың қазақ ішін­дегі қоғамдық ой-санаға қозғау салып, ел өресін кө­­теруге айтарлықтай ық­­пал етті. Өйткені аталмыш газеттердің ана тілі­міздегі нұсқасын дайын­даушылардың бәрі де кез келген мүмкіндікті пайдаланып, халықтың келешегіне тән бірінші кезектегі ағарту мә­селелерін көтеретін елім, жерім деген ерлер еді ше­тінен!

Тегінде қазақ баспасөзі туралы әңгіме өрбіген тұс­тарда жоғарыдағы қос басылымнан кейінгі бедерде «Жетісу ісші халық мұх­быры» («Жетісу еңбекші хал­қының хабаршысы») ба­сы­лымы алдымен ауызға алынады. Жетісу облыстық ревкомы және ұлт істері жөніндегі облыстық коми­тетінің ресми органы атал­ған басылым қазақ, өз­бек, ұйғыр, татар, қырғыз тіл­дерінде аралас күйде 1918 жылғы 21 маусымнан Алма­тыда шыға бастады. Түркітілдес тұрғындарға арнал­ған газет әдепкіде не­гізінен алғанда жедел хат-хабар, бұйрық-жарғылармен шектеліп отырған. Бара-бара тәжірибе толысып, аясы ұлғайған тұста халықты сауат­тандырып, ертеңгі күн­ге үкілеумен қатар әдеби жанрлардағы дүниелерді де жариялай бастайды. Қоғам дамуы, өмірге күнделікті еніп жатқан өзгерістер мен ел көлеміндегі тарихи ке­зеңдерге орай басы­лым­ның атауы да жаңғырып отырған. Мәселен, 1918 жыл­дың маусым-желтоқсан айла­рында «Жетісу ісші халық мұхбыры» («Жетісу еңбекші халқының хабаршысы»), 1918-1919 жылдары «Көмек», 1920 жылы «Ұш­қын», 1921 жылы «Бұ­қара», 1921-1922 жылдары «Кедей еркі», 1922-1935 жылдары «Тілші», 1935-1954 жылдары «Сталин жо­лы», 1954-1963 жылдары «Коммунизм таңы» деп аталды. Ал бүгінге дейінгі тұрақты атауы «Жетісу» 1963 жылғы сәуірде берілген еді. Осынау тар жол, тай­ғақ кешуі бастан асар ға­сырға ұласқан ғұмырдан ай­мағымыздың ғана емес, мұқым еліміздің шежіресіне қанығар едіңіз. Күштеп кол­лективтендіру – «аша тұяқ қал­масын, асыра сілтеу бол­масын», ашаршылық, қуғын-сүргін, екінші дү­ниежүзілік соғыс, тың игеру сияқты жұртымызды сү­­реңсіз күйге түсірген сар­ғыш жылнамалар тарих тереңіне батыра береді. Осы арада айрықша айта кететін бір дүние, басылымның замана ызғарына қарай шек­пенінің түр-түсі өзгеріп тұр­ғанымен халықтық асыл мұрат, ұлттық құндылықтар темірқазығынан бір мезет те көз жазып көрмегендігі. Сол себепті де, ғасырлық шараның барысында көне басылымның қуанышын елдік шаралармен негіздеп, рухани кеңістігіміздің көк­жиегін арттыруға ұмтылдық. Өйткені бұл – бұқара газе­тінің барын бағамдап, асылын айшықтайтын есепті шағы.

Ел басына төнген нәу­бет-зұлматтар редакция ұжы­­мын да айналып өтпе­ген. 1935 жылдан бастап Жетісу өлкесінің жаршысы «Сталин жолы» деген атпен шығады. Көп ұзамай жаппай қудалау қара түнегі төнеді де бірқатар ұлтжанды журналистер қанды шеңгел тырнағына ілігеді. Бұл әрине, апталықтың көңілдегідей шығуына кері әсерін тигізіп, мазмұндық селдіреу бел алады. Өстіп жүргенде неміс фа­шистерімен арадағы со­ғыс өрті тұтанып, шаруа тіп­тен шатқаяқтап кетсе керек.

«Жетісу» газетінің ға­сырға жуық дәуірінде жұрт­шылық көңілінде бүршік жарған қимас сезім, риясыз сенімге саяр өзіндік асыл арна, дәстүрлі ғұрпы бар. Халқымыздың небір қаймақ қайраткерлері кенен де кемел ой-пікірлерімен руханият шырағданын маздата жақты. Сол тұстағы газеттің сарғайған беттерінен сая­сат­тың, әдебиет пен жур­налистиканың қайыспас кә­тепті қара нарлары саналған Әлихан Бөкейханов, Ах­мет Байтұрсынов, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуе­зов, Міржақып Дулатов, Сә­кен Сейфуллин, Смағұл Сәдуа­қасов, Абдолла Розыбақиев, Қалыбек Сармолдаев, Жұ­баныш Бәрібаев, Ыдырыс Көшкінов, Исмаил Тайыров және Мағазы Масанчи сынды арыстардың алаңкөңіл мақалаларын көп оқыр едіңіз. Ел-жұрт қамын ойлап, келешегіне оң бағыт көр­сетіп қана қоймай, нақ­тылы не істеп, не қоюдың жарқын үлгі, байсалды бағдарламасы еді соның барлығы! 

Елу жылғы белесіне орай 1968 жылы КСРО Жоғарғы Советi Президиумы тара­пынан «Жетiсу» га­зе­тi Еңбек Қызыл Ту ор­де­нiмен марапатталған еді. Осы қуанышпен құт­тық­тауында Қазақ КСР Мәдениет министрi Iлияс Омаров ағамыз: «...сү­йік­­ті басылымның келе­шек­те де мыңдаған оқу­шылар құрметіне, зор сүйіс­пеншiлiгiне бөлене беруін тiлеймiн әрі бұған сенемін» деп ағынан жарылған екен. Айтқаны келді де. Аруақ қонған жерден ат үркетіндігі рас екен. Қиялымызға қанат бітіп, шабытымыздың шал­қарға ұласарын да соған балаймыз. 2015 жылы төл ме­рекеміз қарсаңында Қа­зақ елі көлеміндегі барша баспасөз құралдары арасында оза шауып, Елбасы ма­рапатын иеленуімізді де осының арқасы дер едік! Бұған дейін Қазақстан журналистер академиясының Ал­тын жұлдызын ре­дак­циямыздың төрінде жар­қырату құрметіне бө­леніп, мерейіміз үстем түс­кен! 

Басшы қандай болса, басылым сондай екендігі ертеден әйгілі қағидат. Ға­сырлық дәуірде кілең өз қатарластарынан оқ бойы озық шығар қаламгерлердің қара шаңырақтағы шығар­машылық отын барынша маздатқандығын әркез кейінгі ұрпаққа үлгі тұтамыз. Сондықтан да әр жылдарда Алматы облыстық басылым тізгінін қолда ұстаған Са­быржан Шәкіржан, Са­быр­жан Ғаббасов, Қал­дыбай Абдуллин, Исмайл Тайыров, Сара Есова, Жа­қан Сыздықов, Әбдуәлі Қара­ғұлов, Пернебек Бей­сенов, Мамадияр Жақыпов, Баймолда Мұса, Жақыпжан Нұрғожаев, Нүсіпбай Әбді­рахымның есімдерін зор ризашылықпен атаймыз.

Газеттің басына аяқасты бұлт үйірілген шақтар да аз ұшыраспаған. Бір мысал. Желтоқсан оқиғасынан соңғы зобалаңға бас редактор Мамадияр Жақып ағамыз да іліккен еді. Бар айы­бы – ҚазТАГ фототілшісі түсірген жазаға ұшыраған желтоқсандықтардың су­ретін газетке басқандығы. Сол сұсты заманда мұндай қадамға бару басылым бас­шысының намысы буған тасқайрақ нағыз ұлт перзенті екендігін паш етеді! 

Облысымыз кешегі екі өңірді біріктіріп отырған­дықтан жүз жылдық той бұрынғы Талдықорған облыстық газетінің де табиғи түрдегі ортақ қуанышы болып есептелінеді. Енді осы ауанға ден қойсақ, 1944 жылдың 16 наурызында Тал­дықорған облысы құ­ры­луының өзі жергілікті тұрғындардың Ұлы Отан со­ғысы тұсындағы жігерін жани түскен еді. Сөйтіп 1945 жылдың 7 қаңтарында өңірлік «Сталиншіл» газеті өмірге келеді. Бірден оқыр­мандардың рухани се­рігіне айналған басы­лым кейін «Советтік Жетісу» деп аталады. Содан 1954 жылы Алматы мен Тал­ды­қорған облыстары әкім­шілік құрылымдарының бірік­тірілуіне байланысты газет те шығуын тоқтатады. Бұдан кейін Талдықорған облысы 1967 жылдың 27 жел­тоқсанында екінші рет қайта құрылады да 1968 жылдың мамыр айынан басылым «Октябрь туы» деген атпен аптасына бес мәрте шыға бастайды. Билік пәрменімен 1996 жылы Талдықорған облысы Алматы облысының құрамына және бір қосы­лып, «Жерұйық» аталып кел­­ген арналы газет тарих қойнауына кеткен еді. Өзін­дік үні, айшықты ізі қал­ған бедерлі басылымның түрлі кезеңдердегі бас редакторлары Баянжан Мә­диев, Ұзақ Бағаев, Жүр­ғали Ер­тілесов, Ғайыс Егем­бердиев, Тұрсын Әбдуәлиев, Бейбіт Нұрасыловтың есім­­дері мыңдаған оқыр­ман­дардың жүрегінде жылы ұялап қалды. 

Аталмыш газеттің өт­келікті жолынан мына бір жайтты баса айтқымыз келеді. Қызыл империяның қылы­шынан қан тамып тұрған шақ. Облыстық «Жер­­ұйық» газетінің рух­ты журналистері сол тұс­тағы облыстық партия ко­митетінің бірінші хатшысы Сергей Жигулин жолдастың ұлттық саясатта, әсіресе қа­зақ мектептерін ашу мен ана тілімізді дамытуда жі­беріп отырған қателігін өзіне әлденеше рет ескертеді. Сын­нан нә­ти­же шығарудың орнына биліктің қыспағы кү­шейе түсуіне байланыс­ты газет қызметкерлері Тә­кен Әліпбаев, Қанат Ас­­қа­­­ров пен Кемел Құ­са­­йынов республикалық «Со­­циалистік Қазақстан» га­зетіне кемшілік түзілген мақала жібереді. Бұл арада біз «Социалистік Қа­зақ­стан» газетінің сол шақ­­­тағы бас редакторы Шер­­хан Мұртазаның әлгі ма­қа­ланың аяғын жерге ти­гіз­­бестен жоғарыға жал­тақ­­­тамай бірден басып жі­бер­ген ерлігін ерекше ай­туға тиіспіз. Содан, несін айта­сыз, айқай-шу шығып, Қазақстан орталық партия комитетінен арнайы комиссия келіп, нәтижесінде Жигулин жолдас қызметтен кетіп тынады!

Тәуелсіздігіміз редакция қызметкерлерінің екінші тынысын ашты дер едік. Екі дүние, екі ғасырдың куәсіне айналған басылымның ізі айшықтана түсті. Алғы сап­қа бес қаруын сайлап кешегі көп­шіліктің сауатын ашқан алаштықтар секілді біздің журналистер де шық­ты. Уақыт ұстазының орнына тай­салмай жүруге талпынды. 

Жалпы, журналистер де құдды бір құрылысшылар секілді ғой. Қолына жақсы материалдар, жағымды жа­ңалықтар түссе, еңселі де құнды дүниелер тудырады. Бұл ретте де қоржын ба­сы­мыз сүбелі. Жетісу өл­­­кесінің жер-жерінде: қа­ла­­­сында да, даласында да, экономиканың бар сала­сында замана талабына сай келер келелі де шұ­ғы­­лалы істер тындырылуда. Мұның бәрі, сөз жоқ, уақытпен еншілескен жур­налистиканың адымын ашып, тынысын кеңейтеді, айыл-тартпасын бекітеді. Шабыттана шолсақ, шет­сіз де шексіз Еуразия кеңіс­тігінде елдігін ерен паш еткен көк түріктердің күн­дей күркіреп, найзаның ұшын­да үкілей ұлықтаған өр­шіл рухын қалың қазақ ішіне қайта оралтпайынша ерлердің ісі бітер ме?!

Жол білген керуенге жалтақтамаса керек. Алдағы ісіміз тіптен ауқымды. На­мыстан жаратылған жұрт екендігімізді есімізден бір сәт те шығармақ емеспіз. Ұлттық болмысымызға жасындай от берер намыстың өзі, әлгінде айтылған, ұлт­тық тіліміз бен төл тарихы­мызға ден қоюдан бастау ала­ды. Тілін төрге, рухын өрге оздыра білген жұрт қана бақытты.Ұлтымыздың мың­жылдықтар көгіндегі уыз ұялаған генетикалық жа­дында бұққан өршіл мінез, туған халық пен қа­сиетті жерімізге деген шек­сіз махаббатты оятуға шы­рағдан жаға атсалыссақ дей­міз. Адамшылықтың алды – махаббат (Абай.) Елге бай – құт емес, би – құт! Осынау заңғардан зер салсақ, задында, жүрегі жалынды жанның табиғаты да, түйгені де таза тұнбақ. Тәуелсіздігімізді барынша баянды етушілер де солар. Ендеше, осы біздің ғасыр төріндегі құбыла бағыт, Темірқазық биігіміз! 

Әміре ӘРІН, 

Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты