Жағаласқан жаһанданудан да, тайталасқан саясат деген «салдақыдан» да Қытай қорғанындай қорғайтын, жасындай жарқылдап өткен Мағжан Жұмабаевтың: «Елдің елдігін сақтайтын – әдебиеті, тарихы, жол-жоралғысы» деуі тегін болмаса керек. Бұрын қазақ тағамды талғаммен ішпейді деп, кейбір «сәуегейлер» айтса, санамызға сәуле түсіргендей қабылдап, басқаның асына бас қойып, бас ие беріппіз. Енді қарасақ, қазақ тағамы талайдың тілін үйіріп, таңдайына татыған тұста, өзгені қойып өзімізде барымызға бас иіп отырмыз.
Арғы тарихқа ой жіберсек, ежелгі қазақтың ет, сүт тағамдарының ерекше татымын, ал өзен жағалағандардың балық аулап күн көргенін археологиялық қазбалар кезінде табылған мәліметтер растап отыр. Сөзіміз жалаң болмас үшін нақты дәйекке жүгінер болсақ, жылқыны алғаш қолға үйреткен баяғы алып аталарымыз екені белгілі. Дастарқанның сәні ғана емес, берекесі саналатын қымызды да бірінші рет сол бабаларымыз баптапты. Оған Сарыарқадағы Ботай мәдениетін зерттеген ғылымдар еңбегі мысал бола алады. 15 мыңнан аса қыш көзелдерінің сынықтарын құрастырып қарағанда, ішінен бие сүтінің қалдығын тапқан. Оны 2009 жылы Англия оқымыстылары мақұлдап, бие сүтінің жұғынын бүгінгі қымызбен салыстырғанда – көп айырмашылық жоқ деген байламға келген. Олар бұл байламын алға тарта отырып, қымыздың отаны Қазақ елі деген пікірді ғалыми тұрғыда дәйектеп те берген.
Қазақ дастарқанға қойған әрбір тағамды қасиетті санаған. Бұл үй дәміне де, түз дәміне де ортақ болған. Дастарханнан аттап кетуді – қасиетсіздік деп білген. Бір аяқтан ас ішіп сатқындық жасаған пендеге назаланса «дәм-тұзым атсын» деген. Дастарқан жайғанда адамды алалаудан аулақ болған. Алты жасар бала да, алпыстағы абыз да ілгері – кейін отырып, бір дастарқаннан дәм таратқан. Бұл ұлттың тектілігін, кісілігін, кішілігін танытатыны сөзсіз. Текті адам бай, кедей демей, жайылған дастарқанды киелі, тастап кетуге болмайды деп ұққан.
Бір жаугершілік заманда мықты батыр бастаған сарбаздар жортып келе жатып, кедейдің үйіне кез болыпты. Сарбаздардың алға озбақ ниетін аңғарған батыр шаңдатып өте шығуды әбес санап, тізгін тартып, қараша үйге түсіпті. Кедейдің әйелі алақандай дастарқанын жайып дәм-татуы онша болмаса да сулы-суан қара көжесін қонақтарына ұсыныпты.
Батыр қара көжені алдына алып, одан кейін қылышын қынабынан суырып, тізесінің астына қойыпты. Сарбаздар «Қылыш қынаптан шықса бас кетуші еді», деп үрейленіп қалыпты. Ас ішіліп, қылыш қынапқа салынып, сыртқа шыққан соң, бір сарбаз: «Бас кетпей, қылыш қынапқа салынды...» депті батырға күмілжіп. Сонда батыр кедейдің жары дастарқанын жайып, барын бергенін, оны түсінбей қорсынып ақ ниетіне дақ түсірген біреу табылса, оның басы кететінін айтыпты. «Сендер қылыштан қорқып көже ішсеңдер, мен басымды кедейдің ілтипатына, оның алақандай дастарқанына иіп, берген көжесін сүйсініп іштім» депті.
Қазақ шамасы жетсе дастарқанын жұпыны етпеуге тырысқан. Бұрынғы әжелеріміз кәделі сыбағаны, кемі бір кескен қазыны, жал-жаяны, ұн ішінде ұстап, сынық құртын, бір шақпақ қантын, өзге де дәмдісін сандығының түбіне сақтаған. Ондағысы, қонағым риза болсын дегендік еді. Қонақты құт, онымен бірге қызыр келеді, ұрпағыма бақ қонады деп ерекше бағалаған. Алла Тағаланың: «Пайдаланыңдар, ішіңдер, жеңдер. Бірақ ысырап қылмаңдар» деген өсиетін бұлжытпай орындаған.
Бұл күнгі дастарқан – сан түрлі. Ұлттық тағамның қатары өзгелердің барымен толықты. Дәулеттілердікі үстелдің «қабырғасын» қайыстырады, аста-төк, ішкеннің, жегенің артта, ішпегенің алдыңда дегендей. Дастарқан жайып шақырған үйге бару, бармау жағы, кімдердің болатыны – ол да үлкен мәселе екені және бар. Нарықтың төл баласындай орта тап пен қалтасы жұқа, қалт-құлт еткендер өзінше тірлік жасайды. Көптен қалмайын, ұл-қызымды жасытпайын деп неси кіреді, қал-қадірінше дастарқан жасайды. Артынан сол несиені қалай төлеймін деп жүріп, күйбеңдеумен күні өтеді. Бергенше мырза болып, кейін алқымыңнан алатын банктерге 5 миллион адам қарыз көрінеді.
Бүтін қазақтың дастарқаны мен бүгінгі заманның дастарқанындағы бір айырмашылық, ол – кейде жөнсіз ысырапшылыққа жол берілетіні дер едік. Дастарқан бәсекесін қыздырған жерде ысырапшылық көп болып тұр. Тойды қойып, ас беріп, құран оқытқан кезде, жас-кәрі демей астатөк дастарқан жайып, оның мұрты бұзылмай қалатын жайлар болып жатады. Осы жерде данышпан Абайдың: «Ақшаны адамшылықпен табатын адам аз. Бірақ адамшылықпен тапса да, оны адамшылықпен жұмсамайтын адам өте аз», деген сөзі ойға орала береді. Өмірден озған адамға тиетіні, бәрі жетеді деп дастарқанға қойған тағам түрі емес, сауатты оқылған Құран дұғасы көрінеді.
Ендеше, азат елдің ұлттық дастарқаны деген ұғымды қалыптастырып, бұл салада халықтық қалыбымызды көрсетсек ұтылмас едік. Бұлай деуімізге себеп, еліміздің қаласы мен даласының біраз асханасын өзге жұрт адамдары алып, дастарқан жайып жүр. Біздің өнімнен жасалған сол дастарқандағы тағамға көбіміз тамсана, бас қоятынымыз бар. Осындай үрдісті ұлттық тағаммен қазақ дастарқаны деген атаумен әлі де жайната түссек өзіміз тойғанды қойып, әлем жұртының назарын өзімізге аударар едік. Бұл да ұлтымызды танытудың бір жолы болар еді. Қазақтың табиғи таза тағамы, ас-суы қазіргідей барыс-келіс мол заманда абыройымызды асырары анық.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»