«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы азаматтардың өзін-өзі реттеуді дамыту арқылы шешімдер қабылдау процесіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге, мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беруге бағытталған. Аталған құжат «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 97-қадамын іске асыруды көздейді.
Құжатқа қатысты пікір білдірген Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беруге тағы бір қадам жасалғанын атап өтті.
«Біз Елбасының Ұлт жоспарын орындау жолында тағы бір маңызды қадам жасадық. Президент айтқандай, еліміздің дамуы бірқатар мемлекеттік функцияларды бәсекелі ортаға беруді талап етеді. Оның басты мақсаты – мемлекеттік органдардың уақытын үнемдеп, жұмыс сапасын күшейту. Осы орайда бүгін мақұлданған заң жобасының орны да ерекше, рөлі де өте зор», деді Н.Нығматулин.
Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, ең бастысы – заң жобасы мемлекеттік функцияларды бәсекелі ортаға берудің нақты белгіленген ережелерін бекітеді. Нәтижесінде бұл мәселеде бүгінге дейін орын алып келген жүйесіздікке, ретсіздікке жол берілмейді.
Палатаның отырысында заң жобасын Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов таныстырды. Оның айтуынша құжатты әзірлеу барысында ЭЫДҰ елдерінің ең үздік тәжрибелері зерделенген.
«Заң жобасының құрылымы 2016 жылы депутаттардың қатысуымен, Премьер-Министр орынбасарының басшылығымен өткен Үкіметтің жанындағы Арнайы комиссия отырысында мақұлданған бәсекелес ортаға функцияларды берудің базалық қағидаттарының негізінде қалыптастырылған», деді Т.Сүлейменов.
Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, заң жобасында функциялардың бәсекелі базалық тәсілдерін бекіту, функцияларды үкіметтік емес секторға беру көзделген.
«Түзетулердің бірінші және негізгі бөлігі – базалық тәсілдер. 2016 жылы жүргізілген сараптама мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелі ортаға беру өлшемшарттарының жоқ екенін және оның жүйесіз жүргізілетінін анықтады. Осыған байланысты заң жобасында мемлекеттік органдардың фунцияларын бәсекелі ортаға берудің мақсаттары, қағидаттары және тәсілдері; функцияларды іріктеу мен берудің өлшемшарттары, алгоритмі; функциялардың жүзеге асырылу сапасының мониторингі; Үкіметтің және мемлекеттік органдардың өкілеттіктері, «Атамекен» ҰКП рөлі; функцияларды орындаушылардың құқықтары мен міндеттері; Үкімет жанынан арнайы құрылған комиссияның функциялары айқындалады», деп атап өтті министр.
Сонымен қатар жекелеген функцияларды бәсекелі ортаға беру қарастырылмайды. Олардың қатарында ұлттық, ақпараттық қауіпсіздікті қорғауға бағытталған, қорғаныс, қоғамдық тәртіпті қорғауға арналған функциялар кіреді.
Министрдің айтуынша, заң жобасында функцияларды бәсекелі ортаға берудің бес тәсілі айқындалған, олар толық немесе ішінара беруді көздейді.
«Толық беру кезінде функция тек функцияларды пайдаланушылардың есебінен жүзеге асырылады не толығымен өз-өзін реттейтін ұйымға өтеді. Бұл жағдайда функция заңнамалық түрде мемлекеттік органның құзыретінен шығарылып, бәсекелі ортаға беріледі. Ішінара беруге қазіргі уақытта кеңінен қолданылатын аутсорсинг, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және мемлекеттік тапсырма арқылы функцияларды іске асыруға беру тәсілдері жатқызылған», деп түсіндірді Т.Сүлейменов.
Аталған тәсілдер қолданыстағы заңнамамен реттелгендіктен, заң жобасында мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заңдарға және Қаржы кодексіне сілтеме нормалар көзделген. Осы заң жобасы арқылы 3 кодекске және 4 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі деп күтілуде.
Заң жобасында мемлекеттік органдарға мониторингіні жүзеге асыру мен бағалауды жүргізуге байланысты тиісті өкілеттіктер берілген. Мониторинг нәтижесі қанағаттандырылмаса, функцияны қайтарып алу туралы мәселе Комиссияға шығарылады және қажет болған жағдайда функция заңнамалық түрде мемлекеттік органға қайтарылады.
Сондай-ақ отырыста депутаттар Қазақстан Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы арасындағы ФАО-ның Байланыс және әріптестік жөніндегі бюросын құру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.
Халықаралық құжат туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев баяндама жасады. Оның сөзіне қарағанда, келісімде Қазақстан – ФАО әріптестік бағдарламасын одан әрі дамыту үшін бес басым бағыт белгіленген. Атап айтқанда, тағам өнімдерінің қауіпсіздігі және экологиялық жағынан таза тағам өнімдерін өндіру; ветеринария және мал шаруашылығы, жайылымдарды және фитосанитарияны басқару; табиғи ресурстарды орнықты басқару (су, жер және орман ресурстарын басқару); балық аулау және аквадақыл; ауыл шаруашылығы статистикасы, деректерді жинау және оларды өңдеу үшін ақпараттық технологиялар.
«Қазақстан Үкіметі Байланыс және серіктестік бюросының форматында ФАО өкілдігін ашуды жоспарлап отыр. Әлемде мұндай Бюро тек 5 елде бар. Осы ретте келешекте жобалар сәтті іске асырылса, Бюроны субаймақтық бөлімшеге айналдырудың мүмкіндігі мол. Уәкілетті мемлекеттік органдардың жақындығын ескеріп, агроөнеркәсіптік кешен саласында күнделікті тығыз жұмыс жүргізу үшін Бюро Астана қаласында орналасады», деді Ө.Шөкеев.
Бюроның басшысын ФАО Қазақстан Үкіметімен келісе отырып, халықаралық негізде тағайындайды. Басшының уәкілетті орынбасары Қазақстан резиденті болады. Үкіметтің Бюроға қосатын үлесі – тегін берілетін тиісті үй-жай, офистік жабдық және операциялық шығындарға арналған 300 мың доллар көлеміндегі жылдық жарна. Бұл шығындар Ауыл шаруашылығы министрлігінің және Сыртқы істер министрлігінің 2019-2021 жылдарға арналған бюджетінде көзделген.
Жалпы отырыста Мәжіліс «Стандарттау туралы» және оған ілеспе заң жобаларын, сонымен бірге «Білім туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары Наталья Жұмаділдаева, Светлана Бычкова, Мейрам Пішембаев, Тұрғын Сыздықов, Ирина Смирнова, Екатерина Никитинская орталық мемлекеттік орган басшыларының атына депутаттық сауалдар жолдады.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»