Қазақстан • 14 Маусым, 2018

Атырауда үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы талқыланды

1005 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміз бойынша 20 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым тіркелген. Бірақ оның жартысына жуығы тек қағаз жүзінде қатталып тұр демесеңіз, жұмыс істемейді. 

Атырауда үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы талқыланды

Атырауда 600-дей ұйымның 100-і ғана белсенді. Бұл сандар мемлекет пен азаматтық сектордың өзара байланысын әлі де нығайта түсу керек екенін көрсетеді. Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев Атырауға жұмыс сапары барысында осы мәселеге ерекше мән берді.

Азаматтық орталықтың атқаратын қызметі ауқымды

Министр алдымен Аза­маттық орталықтың жұмысы­мен танысты. Үкіметтік емес ұйымдарға әдістемелік көмек көрсетіп, ұсынылған идеяларды қолдауға бағытталған Аза­маттық орталық еліміз бойынша алғаш рет Атырауда ашы­лған еді. «Азаматтық қоғам инс­титуттарының қызме­тіне қатысты сын жиі айтыла­ды. Атыраудағы үкіметтік емес ұйымдардың көбі тоқса­нын­­шы жылдары оқу орын­да­рындағы немесе жекелеген адамдардың мерейтойлық даталарын ұйымдастыру мақ­сатында ашылған. Қоғамдық ұйымдардың нақты қандай жұмыс атқаратынын біреу білсе, біреу білмейді. Шын мәнінде олар қоғамдық мәселеге үн қосу­лары керек. Осы бағытта бір­қатар жұмысты қолға алу жос­парымызда бар», – дейді орталық басшысы Әмина Жәр­демқызы.

Азаматтық орталықтың алға қойған мақсат-міндеттерімен танысқан министр: «Өңірде қандай ауқымды жұ­мыс­тар жүргізілгенін көр­дік. Жақсы жобалар бар екен. Бү­гінде азаматтық қоғам деп ком­мерциялық емес ұйым­дардың жасайтын жұмыстарын ғана айтуға болмайды, бұл – ха­лықтың барлық мүдделі санат­тарының жұмысы», – деп атап өтті.

Қазір орталықта «Үкіметтік емес ұйым мектебі» жо­басы аясында сауат арттыру жұмыстары басталып жа­тыр. Жасыратыны жоқ, аудан­­дардағы ұйым өкіл­дері мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс құжаттарын дұрыс тол­тырудың мәнісін біле бер­мейді. Бұл өз кезегінде аудан­дық деңгейдегі лоттарды бас­қалардың ұтып алуына, ауыл­дағы азаматтық қоғам өкіл­дерінің қалыс қалуына әкеліп отыр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Азаматтық орталықтың мамандары арнайы сабақ жүргізуде. «Әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі» жобасы аясында бизнестің қыр-сырын меңгеруге болады. «Өз құқыңды біл!» деп аталатын үшінші ауқымды жоба бойынша заңгерлер дәріс беріп жатыр.

Жалпы, орталық арқылы жыл басынан бері 10 жоба жүзеге асырылып, төрт үкіметтік емес ұйым «Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы қоры», «Азаматтық бастама­ларды қолдау орталығы» ұйым­дас­тырған конкурстардың грант­­тары мен мемлекеттік әлеу­­­­меттік тапсырыс шеңбе­рін­де қаржылай қолдауға ие болған.

Саннан сапаға көшу керек

«Үкіметтік емес ұйым­дар­дың санына емес, олар көр­сететін қызметтің сапасына баса назар аудару керек». Өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар өкіл­дерімен кездескен жиында Д.Қалетаев осылай деді. Оның айтуынша, жыл сайын мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру үшін бюджеттен 19 миллиард тең­геден астам қаржы бөлінеді. Тағы 5 миллиард теңгесі шетелден қаржыландырылады. Ал әлеуметтік тапсырыс қан­шалықты сапалы орындалып жатыр?

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев аймақтағы ҮЕҰ-лар мен мемлекеттік меке­мелер­дің арасындағы өзара бай­ла­ныс бойынша бірқатар жұмыс атқарылғанын айтты. Қоғамның барлық саласын дерлік қамтыған жобалар проблемаларды шешуге мүмкіндік беріп отыр. «Біз өз тарапымыздан Мемлекет басшысының азаматтық қоғам институттарын одан әрі жетіл­діру жөніндегі тапсырмасын орындай отырып, өзара іс-қимыл жасаудың жаңа жолдарын іздестіруді жалғастырамыз. Халықтың қоғамның пробле­малық мәселелерін терең түсіну үшін «Атырау. Цифрлы қабылдау» мобильді қосым­шасы мен Telegram желісінде «Атырау облысының әкімдігі» чат-арнасын іске қостық. Ақпа­раттық технологиялар арқылы азаматтар өздерін толған­ды­ратын сұрақтарды қойып, же­дел жауап ала алады. Бұл жүйе қосылғалы алты ай өтті, тиім­­­ділігін көрсетті. Жұмыс жал­ға­сады», – деді аймақ басшысы.

Өңірдің үкіметтік емес ұйым­дар өкілдерімен өткен кеңеске Қазақстанның Азамат­тық альянсының президенті Асыл­бек Қожахметов те қатыс­ты. «Азаматтық сектор­дың мағынасы кең. Батыс елдерін алып қарасақ, мысалы, Гол­ландияда ел тұрғындарының 15%-ы үкіметтік емес секторда жұмыс істейді, Қазақстанда бар болғаны 0,3%. Біздің бүгінгі мін­детіміз – ҮЕҰ мен мем­лекет­тік органдардың ара­сын­дағы жүйелі жұмысты жолға қою», – деді ол.

Министр Д.Қалетаев Аза­мат­­тық альянс мемлекет пен қоғам институттарының ара­сында азаматтық үнқатысу алаңын ұйымдастыру бойынша негізгі әріптестердің бірі екенін айта келе, азаматтық қоғамды дамыту саласында заңнаманы жетілдіруде және үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттің өзара іс-қимылын дамыту жөніндегі Ұлт жоспарын іске асыруда Азаматтық альянстың әлеуетін пайдалануды ұсынды. Азаматтық альянс қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жаңа білімге оқыту мәселелерімен айналысатын республикалық әдістемелік орталық болуы тиіс.

Кеңесте Атыраудағы үкі­меттік емес ұйымдар өкілдері ойларын айтып, мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы байланыстың қазығы нық болуы үшін қажетті ұсыныстарын ортаға салды.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ