Аймақтар • 14 Маусым, 2018

СҚО-да халықаралық «Workshop Time» семинары өтті

1073 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-тың ұйымдастыруымен өткен «Тәлімгерлік – педагогтың кәсіби дамуының алғышарты» атты халықаралық «Workshop Time» семинары Мағжан Жұмабаевтың – 125, Василий Сухомлинскийдің 100 жылдығына арналды. Жиынға барлық өңірден және Ресейден педагог кадрларының біліктілігін арттыру құрылымдарының жетекшілері мен өкілдері қатысты.


СҚО-да халықаралық «Workshop Time» семинары өтті

«Workshop Time» ин­но­вациялық формадағы тәлімгерлік тақырыбына қызығушылық таныта­тын адамдарды бірікті­ретін танымдық ғылы­ми-педагогикалық қауым­дастық болып есептеледі. Оның басты мақсаты – ұлағатты ұстаздардың іс-тәжірибелерін жастарға та­ныстыру, тарату, табысқа жету сырларын ортаға салу. Өңірімізде алғаш рет өт­кізілген шараға еліміздің әр қиырынан 200-ден астам мұғалім келіп, заманауи білім берудің бірегей модельдері мен тәлімгерлік түрлерін талқылау еркін әң­гіме, ашық диалог тү­рінде өрбіді.

Алқалы басқосуды «Өр­леу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-тың төрағасы, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы Гүлназ Ахметова кіріспе сөзбен ашып, қыз­метке жа­ңадан орналас­қан мұға­лім­ді ортаға бейімдеу, шеберлігін шың­­­­дау, жан-жақты қол­дау­ көр­сету мәселелері ая­­­сын­­да атқарылған жұ­мы­с­­тар­мен қатар қорда­ланған проблемаларға да тоқ­талды. Педагогтер бес жылда бір рет кәсіби білік­тілігін арттыру курстарынан өтеді. Меніңше, бұл жеткіліксіз. Оларға қойы­латын міндеттердің ауқым­дылығын, уақыттың күр­делілігін ескере отырып, мерзім аралығын қыс­қарт­­қан дұрыс. Оған техни­калық та, материалдық та мүмкіндіктер толық жете­ді. Бүгінде тәлімгерлік се­минар-байқаулардың 51 пайыздайы мектептерде өткі­зіліп жүр. Мұның жас мұғалімдер үшін көмегі өте зор», деді ол. Сондай-ақ оқу орнын бітіріп келген мамандар арасын­да тұрақтамай отырғанын атап өтті. 2016-2017 оқу жы­­лын­да еліміздің білім ошақ­тарында үш жылға дейін еңбек өтілі бар 34 мың­нан астам мұғалім ең­бек етсе, бүгінде бестен бірі басқа қызметтерге ауыс­қан.

Басты себебі – то­лық­­қанды көмектердің көр­сетілмейтіні, әлеуметтік жағ­дайлардың жасалмайтыны. Білікті ұстаздардың, мектеп басшылығының тәлім­герлік қозғалысты жан­дандырудың орнына кежегесі кейін тартатын жайттар да кезігеді. Шетел­дерде тәлімгерлік дәстүрі кеңінен қанат жайған. Ар­найы бағдарламалар жұмыс істейді. Ынталы, талапты жастардың өз ма­мандығына деген мақ­таныш сезімін, жауап­кершілігін арттырамыз десек, осы үрдісті кеңі­нен енгізген жөн. Мә­се­лен, Еуропаның бір­қатар мемлекетінде жас ұс­таздарды өз ісіне баулып, жоғары кәсіби маман ретінде дайындап шық­қан тәлімгерлердің жалақысы көбейтіліп, са­ғат­тары қысқартылады. Осы орайда Сыр өңірінде қа­лып­тасқан оң үрдістер құп­тарлық. Қызылорда облыстық «Өрлеу» педа­гог қызметкерлерінің бі­лік­­тілігін арттыру инсти­тутының директоры Ба­уыр­­жан  Елеусіновтің ай­туын­­ша, 25 мыңға жуық мұғалімнің 60 пайыздайы жастар. Әрқайсысына тәжі­рибелі ұстаздар бекі­тіліп берілген.

Дұрыс нұсқау беріп, жол көрсету­дің ар­қасында кадр тұрақта­мау­шылығы азайып, кері­сінше өз ісіне ынталы жас­тар қатарының артқаны байқалады. Ал Петропавл қаласындағы Ғ. Мүсірепов атындағы № 43 мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі Ай­жан Ибраева «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде әзірлеген тәлім­герлікпен айналысу жобасымен таныстырды. 34 сағатты құрайтын бағдар­ламада мұғалімдер мен оқушылардың қарым-қаты­насы, жас ұрпақ тәрбиесі, өңір тарихы, киелі жерлер кеңінен қамтылған. Алдағы уақытта тәлімгерлік ету үлгісін толықтырып, басқа мектептерге ұсынбақ.

«Педагогикалық әулет – кәсіби даму мектебі» пле­нарлық отырысында Қажытай Молдабаевтың өмір жолы үлгі-өнеге ретін­де ұсынылды. Ардагер ұс­таз саналы ғұмырының 44 жылын бала тәрбиесіне ар­напты. Әулетімен түгел мұғалімдік мамандықты таңдапты. Бәрінің жұмыс өтілін қосқанда 400 жылға жуықтайды. Тәлімгерліктің өміршең әдістемесі ретінде «OrleuOnlineResourses» жобасы таныстырылымында ақпараттық озық технологиялар, кәсіби табысқа жету жолдары, ғылыми жаңашылдықтар, мектептен біліктілікті арттыру жүйесіне дейінгі өзара әре­кеттестік мәселелері тақы­рып арқауына айналды.

Қор­ған әлеуметтік технологиялар және білім беру саласын дамыту институтының проректоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Александр Шатних, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Күлпаш Қалғожина, Солтүстік Қазақстан педагог қызметкерлерінің біл­іктілігін арттыру меке­месінің жетекшісі Алма Мырзалинова, Көкшетау университетінің профессоры Сабыр Сеңкібаев, тағы басқалар барлық дең­гейдегі білім беру ұйым­дарында, педагогтер арасында тәлімгерлікті ұйым­дастырудың, кәсіби бай­қаулардың сапасын арттырумен, мазмұнын жетіл­дірудің толғақты жайттарын әңгімеледі.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы