Расында да темір жол қозғалыс құралы ретінде адам өмірінде елеулі маңызға ие. Дей тұрғанмен, жол жүру кезінде өзіміз куә болған кейбір жайттарға қарап отырып, бүгінгі таңда елімізде темір жол тәртібі қандай деген мәселе төңірегінде ойланатынымыз рас. Ілгеріде жартылай әскери қатаң тәртіпте болған темір жол саласы бүгінде мемлекеттік және жекеменшік болып түрлі мекемелерге бөлініп кеткен. Кеңестік дәуірде аталған салаға байланысты туындаған мәселені сол кезде жұмыс істеп тұрған Темір жол министрлігіне барып айтатын едік. Заманмен бірге еліміздің кейбір салаларының құрылымдары да өзгерді. Ал темір жол саласы бүгінде жеке-жеке акционерлік қоғамдарға бөлініп кеткендіктен, пікірің мен арызыңды кімге айтарыңды да білмейсің.
Адам баласы түрлі жағдайлармен жол жүреді. Халық көбінесе ыңғайлы әрі қауіпсіз болғандықтан пойызға мінеді. Менің өзім де Қызылорда қаласына жиі барамын. Алайда әрбір сапар сайын қайталана беретін бір жайтты айтпай кетуге болмайды. Мәселен, темір жол кассасына бара қалсаң, үнемі билет болмайды. Білуімше, жол жүру құжатын алу үшін кемінде бір жарым ай бұрын қамдану керек екен. Әсіресе бүгінде Көкшетау – Қызылорда, Петропавл – Қызылорда бағытына билет табу өте қиын болып тұр. Ал аяқ астынан шаруасы шығып, жол жүруге мәжбүр болған азаматтар қайтпек?! Амал жоқ, олар мұндай жағдайда жолсеріктерге жағдайын айтып, жалынып болса да мініп кетуді ғана ойлайды.
Өзім бір сапарымда Қарағанды – Жезқазған бағытындағы пойызға мініп, мынадай жағдайды бастан кештім. Сол кезде бір вагонның өзіне жүзге жуық адам мінді. Содан вагон ішінде орынға талас басталып кетті. Әрине мұндай талас-тартыстың соңы дауға да ұласуы мүмкін әрі бұл темір жол тәртібіне де нұқсан келтіретін жағдай.
Бүгінде ғаламторда билет сатушылар пайда болған. Сонымен қатар жол жүру құжатын сататын жекелеген агенттіктер де бар. Ал кейбір тұрғындардың сол билеттерді сатумен айналысатын кәсіпкерлердің қолында болуы мүмкін деген ойы да кейде шындыққа жанасатын сияқты. Мәселен, Қызылорда – Көкшетау, Петропавл – Қызылорда бағытына екі бірдей жүрдек пойыз қатынайды. Оларда негізінен Жамбыл және Шымкент өңірлерінің жүргіншілері көп жүреді. Бұл ретте менің бір вагонды тек қана Қызылордаға баратын жолаушыларға арнаса деген ойым бар.
Тағы бір мәселе, Қызылорда – Жезқазған бағытына қатынайтын пойыз Қарағанды қаласынан шықса, бұл әсіресе Сыр еліне жолаушылайтын азаматтар үшін тиімді болар еді. Сонымен қатар төте жол арқылы тұрғындардың шамамен он сағат уақытын ұтуға болады екен. Бұл күнде Жезқазған және Қызылорда тұрғындары жол азабын тартып отыр.
Тарихқа жүгінсек, сонау 1924 жылдары Жезқазған және Қарсақбай кен орындарынан Қызылорданың Жосалы кентіндегі механикалық зауытқа темір мен мысты қорыту мақсатында арнайы жүк вагондары үшін жіңішке темір жол тартылғаны белгілі. Елбасының да бүгінде батыс беткейге жаңадан тар колеялы жол торабын салудағы мақсаты – ел экономикасын көтерумен қатар, халықтың жағдайын жақсарту болатын. Енді осы салаға жауапты тиісті басшылар Елбасы бастамасын әрі қарай қолдап, жұмыс атқарса дұрыс болар еді. Сонымен қатар тиісті басшылар бүгінде халықтың басты тілегі болып отырған Жезқазған – Қызылорда бағытындағы пойызды Қарағанды қаласынан жүргізуге ықпал етсе деген тілек бар.
Зейнетай АЛМАХАНОВ,
Қарағанды қаласының тұрғыны, зейнеткер