Тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстарды, соның ішінде білім беру және туристік кластерді дамыту тәжірибесін алмасу бойынша ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Қазақстанның тәуелсіздік жылдары екі ел арасында барлық бағыттар бойынша серіктестік қатынастары орнықты. Бүгінгі күні Алматыда француз капиталымен сауда, тамақ өнеркәсібі, көлік пен телекоммуникация салалары бойынша 60-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Алматы мен Франция арасындағы тауар айналымы биылғы жылдың бірінші тоқсанында 13%-ға өскен. Бұлардан өзге, мегаполисте Франция мәдениеті мен өнеріне қатысты түрлі шаралар қала тұрғындары арасында жиі өтіп тұрады.
Кездесу барысында Пьер Кабаре екі ел арасындағы ынтымақтастықтың ең алдымен сенім мен достыққа негізделгенін атап өтті.
«Бұл менің Алматыға алғаш келуім, байқағаным қала заманауи трендтер мен жаңа технологиялар акценті бойынша даму үстінде екен.Таулардың тым жақын орналасуы - Алматының туристік тартымдылығының таптырмас артықшылығы. Осы бағытты дамытуда француз компанияларының тәжірибесі мол, бұл екі жақты байланысты одан әрі нығайтудың тағы бір саласы», - деп атап өтті Франция Ұлттық ассамблеясының депутаты.
Қазіргі кезде Алматыда «Альянс Франсэз» өкілдігі бар. Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетте Орта Азиядағы алғашқы «Сорбонна-Қазақстан» институты жұмыс істеуде.
Ал 2016 жылы Франция астанасы Парижде ЮНЕСКО аясында Алматының 1000 жылдығы мерекеленді. Алматы мен Ренн қалалары бауырластығының 25 жылдығы құрметіне Абай ескерткіші ашылды.
Ал күз айында Алматыда «Цифрлы күз» фестивалін өткізу жсопарланған, мұнда қала тұрғындары мен қонақтары цифрлы технологиялар арқылы француз мәдениеті және өнерімен танысатын болады.
Эльвира Серікқызы,
«Егемен қазақстан»
АЛМАТЫ