Бүгінде біз қолданып жүрген полиэтилен пакеттер алғаш рет АҚШ-та 1957 жылы өндіріле бастаған. Арзан әрі ыңғайлы бұл жаңа бұйым тұтынушыларға бірден ұнап, бірер жылда бүкіл әлемге тарады. Қазіргі таңда жыл сайын әлемде триллиондаған полиэтилен пакет өндіріледі. Ал елімізде осындай миллиардқа жуық пакет шығарылады екен. Яғни әр адамға 50 дорбадан келеді.
Пластик дорбаларды шектен тыс қолдану салдарынан жер шарындағы мұхиттар да зиян шегіп отыр. Деректерге сүйенсек, жылына 6 млн 300 мың тонна пакеттер теңіздер мен мұхиттарға тасталатын көрінеді. Соның салдарынан көптеген құстар, балықтар мұның зардабын тартып отыр. Мәселен, жыл сайын жүз мыңға жуық теңіз жануарлары осы пластикалық қоқыс кесірінен қынадай қырылады.
Осындай себептерге байланысты бірқатар мемлекеттерде полиэтилен пакеттерді қолдануға шектеу қойылған немесе мүлде тыйым салынған. Мысалы, Еуропаның кейбір елдерінде пластикалық дорбаларды қолданбау үрдісі бұрыннан қалыптасқан. Мәселен, Данияда 1994 жылдан бастап полиэтилен пакеттер тегін таратылатын дүкендерге салық салынады. Ирландияда олардың орнына матадан тігілген дорбаларды пайдаланады. Финляндияда көпшілік жүретін орындарда қолданылған пластикалық пакеттерді қабылдайтын автоматтар орналасқан. Францияда 2016 жылдан бастап пластик пакеттер мен ыдыстарды қолдануға немесе өңдеуге тыйым салынған.
Енді ТМД-дағы жағдайға тоқталсақ. Көрші Өзбекстанда да 2019 жылдан бастап тегін пластикалық дорбалар таратуға тыйым салынған. Ал Ресейдегі 62 гипермаркет полиэтилен пакет таратуды тоқтатты.
Біздің елде де бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Былтыр осы мәселеге қатысты сұхбат берген Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек полиэтилен пакеттерді тегін таратуға тыйым салатын жаңа заң жобасы әзірленіп жатқанын айтқан болатын.
«Энергетика министрлігі әлемнің көп жерінде орын алып жатқан мәселені білгеннен кейін елімізде полиэтилен пакеттің қолданысына шектеу қоюды кезең-кезеңмен іске асыру туралы бастама көтерді. Бірінші кезеңде – полиэтилен пакеттердің тегін таратылуын жою, екінші кезеңде полиэтилен пакеттердің өндірісін тоқтату жүзеге асырылады», деген еді Ж.Қасымбек сол кезде.
Инвестициялар және даму министрлігінің бұл бастамасы елдегі пластикалық пакеттерді тұтыну көлемін азайтуға септігін тигізетіні анық. Бұған дейін мұндай тәсіл Ұлыбританияда қолданылған еді. 2015 жылы «Тұманды Альбионда» әр пакетке 5 центтен төлеу міндеттелді. Соның нәтижесінде елдегі пластикалық пакет тұтыну көлемі бір жылдың ішінде 83 пайызға дейін азайды. Ендеше, аталған бастама Қазақстанның экологиясын жақсартып, пластикалық дорбаларды тұтыну көлемін азайтуға ықпал ететініне сенім мол.
Іңкәр РАҚАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті