Білім • 15 Маусым, 2018

Үштілді білім беру бағдарламасындағы тілдер гармониясы

724 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгідей жаһандану заманында көп тіл білетін адамның қоғамдағы алар орны да ерекше. Өзге тілді үйрену, оны жетік меңгеру — бұл ең алдымен халықаралық қатынастар кезінде айрықша рөл атқаратыны баршамызға аян. Тіл – халықпен бірге өмір сүріп дамиды.

Үштілді білім беру бағдарламасындағы тілдер гармониясы

Тілдер гармониясы дегеніміз – тілдердің үйлесімде бірлесіп өмір сүруі. Бұл көпұлтты мемлекетке тән құбылыс. Ұлттардың бір-бірінен тілдік айырмашылығы олардың кеңістіктегі гармониялық бірлігін де қамтамасыз етеді. Дүниенің сұлулығы, табиғаттың кереметі – ондағы сан алуан түстердің гармониясы болуымен құнды десек, адамзаттың рухани әлемнің байлығы – әртүрлі ұлт мәдениеті мен ұлт тілдерінің гармониялы дамуымен де ерекше.

«Үштілділік» бағдарламасының негізінде қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілдерін меңгеру көзделуде.

Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Еліміздің тәуелсіздігінің нышаны. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде, яғни қазақ тілі – болашақтың тілі.

Орыс тілін білу – тарихи артықшылығымыз. Орыс тілі арқылы қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде де, шет жерлерде де өз дүниетанымындары мен араласатын орталарын кеңейтіп жатыр.

Ағылшын тілін меңгеру – жастарға әлем танудың кілті болмақ. Ағылшын тілін білу біздің жастарға шексіз мүмкіндіктер ашады. Ол – жаһанданудың кепілі.

Өзге ұлт өкілдерінің тілдерін оқып-білуге, үйренуге жағдай жасау арқылы әр тілдің өзіндік ерекшелігін білеміз, салт-дәстүрімен таныс боламыз.

Қазақстанның тілдер саясатындағы басты бағыт – тілдердің үштұғырлылығы. Тілдердің бірлік пен үйлесімде өмір сүруі және бір-бірін ығыстырмауы тілдер гармониясын құрып, солай аталып та жүр. Басымдылық мемлекеттік тілге беріліп отырғаны баршаға белгілі. Ағылшын тілін меңгеруге де ден қойылуда. Алайда, Қазақстан жерінде тұратын азаматтардың басын біріктіретін тіл ретінде қазақ тілі көш бастауы керек.

Ажар ТУЛЕУБАЕВА,

№4 Тілеміс батыр жалпы білім беретін мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі

Жамбыл облысы

Меркі ауданы

Ақтоған ауылы