Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР
Академияға ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің студенттері мен мектеп оқушылары қатысты. Сондай-ақ, әлеуметтік желі қолданушылары сабақты онлайн тыңдауға мүмкіндік алды. Қатысушылардың қабілетін шыңдау үшін дәрістердің соңында баспасөз өміріне арналған кино туындыларды көру, кәсіби кітаптарды оқу және бекітілген тақырыптар бойынша зерттеу мақалаларын жазу секілді тапсырмалар беріліп отырды.
Алғашқы дәрісті «Баспасөзге кіріспе» деген тақырыппен «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жүргізді. Газеттің тарихы мен бүгінгі қоғамдағы рөліне тоқталған газет басшысы баспасөздің ерекшеліктері туралы айтты. Дәріскерлер арасында «Egemen Qazaqstan»-ның қызметкерлері, бас редактордың орынбасары Ғабит Мүсіреп тақырып таңдаудың жайын баяндаса, Мәдениет және руханият бөлімінің меңгерушісі Талғат Батырхан сұхбат алудың сырына тоқталды. Спорт бөлімінің меңгерушісі Ермұхамед Мәулен спорт тақырыбын жазу ерекшелігін түсіндірсе, SEO маманы Ербол Серікбай онлайн баспасөздің интернеттегі танымалдығын арттыру құпияларымен бөлісті.
Маусымды қорытындылаған газет басшысы, «Егемен академиясы» жобасының авторы Дархан Қыдырәлі дәріске белсене қатысып, қырағылығымен көзге түскен студенттерді Академияның сертификатымен марапаттады. «Егемен академиясының» алғашқы маусымы ойдағыдай өтті. Қатысушылар мен медиақауым тарапынан үлкен қолдау таптық. Әрбір дәріс пен тақырып тыңғылықты талқылаудан кейін анықталып, студенттердің тәжірибелік білімін арттыруға мейлінше жағдай жасауға тырыстық. Жоба бұдан әрі де жалғаса бермек», деді Д.Қыдырәлі.
Академия қатысушыларына Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Цифрлық дәуірге қадам» тақырыбында дәріс оқыса, «ҚазАқпарат» ХАА бас директоры Асқар Омаров ақпарат агенттігінің жұмыс тәртібі туралы айтты. Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов журналистердің бір салаға мамандануына тоқталды. Жоба аясында болашақ журналистер «Egemen Qazaqstan» газеті басылып шығатын «Ернұр» медиа холдингінің типографиясына барып, цехтың жұмысымен танысты.
Жобаға қатысушы ЕҰУ-дың 1-курс студенті Абзал Орынбасаров «Егемен Академиядан» үйренгені көп екенін айтты. «Ең бастысы болашақ журналистің қандай талаптарға сай болуы қажет екенін, жаңалықтардың реттілігі мен бірізділігін, тақырып қою мәселесін жан-жақты талқыладық. Ал дәріс оқыған ағаларымыздың арасында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дəурен Абаевтың әңгімесі қатты ұнады. Цифрлы кезеңге қадам басқан Қазақстанның бағыт-бағдарын жан-жақты түсіндіріп берді», – деді Абзал. «Академияның арқасында өз салама қатысты тың ақпараттарға қанық болдым. «Egemen Qazaqstan»-ның мұндай бастамасы жастардың талантын шыңдай түсуіне септігін тигізетініне сенімдімін. Университеттегі білімімізді бас басылым ғимаратына келіп шыңдай түстік», – деді Миражан Махан.