Білім • 18 Маусым, 2018

Астанада үздік мектеп бітірушілерді марапаттады

980 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің барлық өңірінде талантты да талапты оқушыларға қолдау және салтанатты түрде құрмет көрсету дәстүрге айналған. Жуырда Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев «Алтын белгі» иегері атанған елордалық 301 түлекті құттықтады.

Астанада үздік мектеп бітірушілерді марапаттады

Үкілі үздіктерді марапаттау рәсімін Астана қаласының білім басқар­масы мен Оқушылар сарайы ұйым­дастырды. «Елорда мақтанышы» атты мерекелік кеште сонымен қатар халықаралық турнирлер мен олимпиадалардың жүлдегерлері де сый-сыяпатқа ие болды. Аталған шараға елорданың құрметті азаматтары, эстрада өнерпаздары, мектеп ұстаздары мен ата-аналар қатысты.

Салтанатты жиында аталып өткендей, биыл сондай-ақ 373 түлек үздік аттестат алған. Қала басшысы түлектерді құттықтай отырып, елорда үздіктерінің республикалық, халықаралық олимпиа­далар мен ғылыми жобалар конкурстарында 281 медаль, соның ішінде 121 алтын, 66 күміс, 94 қола медаль жеңіп алғанын атап өтті.

«Биыл мектептерден дарынды балалар түлеп ұшуда. Мысалы, Астанадағы №9 «Зерде» дарынды балаларға арналған мектептің оқушысы Нұрәли Сарбақышты бірден әлемнің 7 университеті оқуға шақырды. Ал Әлихан Құдайбергенов пен Ерарслан Шаяхметов – математикадан барлық халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары. Кемел Нұрдәулет физикадан барлық халықаралық олимпиадаларда алтын медаль жеңіп алған. №60 мектеп-лицейде білім алған Вандейкастель Синтия Сулуу француз тілінен республикалық олимпиаданың алтын медаль иегері атанған. Мұндай білімді оқушылар саны жыл өткен сайын артып келеді. Әрине, бұл бізді қуантады. Біз оларды мақтан тұтамыз», деді Ә.Исекешев.

Әкімнің айтуынша, биыл сұранысы жоғары мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарына 1 мың грант бөлінеді. Олардың ішінде web-дизайнерлер, bim-менеджер-жобалаушылар, IT-мамандар, құрылыстағы 3D-баспа жобалаушылары, инженер-электроншылар бар. Аталған мамандықтарға астаналық алғыр оқушылардың кедергісіз түсетініне кемел болашақты жастардың өздері дәлел.

Биыл мектеп бітіруші астаналық түлектердің жалпы саны 6229 оқушы екенін де айта кеткен жөн.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар