Оған Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Қауіпсіздік кеңесі Хатшысының бірінші орынбасары Марат Шайхутдинов, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді, Қазақстанның Беларусь Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ермұхамет Ертісбаев және басқалар қатысты.
Конференцияның ашылу барысында Аида Балаева Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың институттың 25 жылдық мерейтойына орай жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Мемлекет басшысының құттықтауында институт қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмыстарына жоғары баға беріліп, ҚСЗИ-дың 25 жылдық еңбегі, тәуелсіз Қазақстанның стратегиялық құжаттарын сүйемелдеуде маңызды рөл атқарғаны айрықша аталып өтті.
«Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының дамуы Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасу және нығаю тарихымен тікелей байланысты. Институт 1993 жылы менің Жарлығыммен жоғары деңгейде еліміздің ішкі-сыртқы саясатында стратегиялық шешімдерді жоғары деңгейде болжамдық-сараптамалық сүйемелдеумен қамтамасыз ететін қазақстандық алғашқы зерттеу орталығы болып құрылды. Сол уақыттан бері KAZISS еліміздегі беделді ғылыми-сараптамалық ұйымға айналып, халықаралық жетекші сараптамалық орталарда өз орнын тауып үлгерді. Құрылған күннен бастап институт өзінің ең басты міндеттерінің бірі ретінде жоғары білікті мамандарды дайындауды жолға қойды. Нәтижесінде Президент әкімшілігіне, Қауіпсіздік кеңесі мен Сыртқы істер министрлігіне, өзге де мемлекеттік басқару органдарына және консалтингілік орталықтарға қызметкер даярлайтын жетекші мамандардың ұстаханасына айналды.
Бүгінгі таңда институт алдында тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы мен көркеюін ғылыми-сараптамалық тұрғыда сүйемелдеу сапасын арттыру міндеті тұр. KAZISS-тің бүгінгі миссиясы – мемлекеттік басқарудағы ғылыми-сараптамалық сүйемелдеудің сапасын арттыру. Қызметтеріңізге табыс, жаңа, ауқымды жобаларда отандық сараптау дәстүрін одан әрі күшейте түсуді тілеймін», делінген құттықтау хатында.
Бұдан соң институтты әр жылдары басқарған Мәулен Әшімбаев, Ермұхамет Ертісбаев, Ерлан Қарин, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы, Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық және аймақаралық зерттеулер институтының директоры Владимир Норов және бір топ мейман сөз алып, институттың рөліне, тарихына тоқталып, сый-сыяпаттарын тарту етті. Ал қонақтарға, институттың ардагер қызметкерлеріне 25 жылдыққа орай шектеулі санмен шығарылған мерекелік медальдар тарту етілді.
Пленарлық отырыстан соң халықаралық конференция жұмыс топтарына бөлініп, Орталық Азия елдерінде орын алып отырған әлеуметтік-саяси үдерістер туралы пікір алмасты. Конференция сарапшыларға аймақтағы әрі қарайғы ынтымақтастықтың жаңа қырлары мен ресурстарын бағалауға және ашып көрсетуге, аймақтық дамудың негізгі мүмкін қауіп-қатерлерінің, саяси және әлеуметтік-экономикалық үдерістердің көрінісін түйсінуге мүмкіндік берді.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»