Халықаралық, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар мен әлеуметтік қорлардың басшылары қатысқан жиынды Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова жүргізді.
Министр бүгінде елімізде 2 миллион 40 мың адам өзін өзі жұмыспен қамтығандар санатына жататынын, ал 1 миллион 800 мың адамның әлі күнге еңбек мәртебесі анықталмағандығын атап өтіп, осы бағытта тиісті жұмыстардың қолға алынғанын жеткізді.
«Қазіргі уақытта өзін өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жұмыспен қамтуды ресімдеу туралы заң жобасы әзірленді. Заң жобасы аясында бірыңғай жиынтық төлем енгізу жоспарланып отыр. Біздің мақсатымыз – өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар әлеуметтік тұрғыдан қорғалып, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектерге қол жеткізсе дейміз», деді М.Әбілқасымова.
Дөңгелек үстелде сөз алған Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Нұржан Әлтаев жаңадан әзірленген заң жобасындағы жеңілдіктерге тоқталды. Вице-министр заң жобасы шеңберінде енгізілмек бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) тіркеуді жеңілдетіп, кедергілерді азайтуға бағытталатынын тілге тиек етті. «БЖТ ең алдымен бейресми өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматты өз қызметі туралы хабардар етеді. Екіншіден, жеке табыс салығын, міндетті зейнетақы жарналарын, әлеуметтік төлемдерді және медициналық сақтандыруды төлейтін бірден бір құрал болады», деді ол.
Мемлекет тарапынан қолға алынған әртүрлі шараларға қарамастан өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың саны азаймай отырған өңірлер де бар. Жиында сөз сөйлеген Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының ғылыми жетекшісі Жақсыбек Құлекеев Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жүргізілген зерттеу қорытындысын жария етіп, еліміздегі өзін өзі жұмыспен қамтыған тұрғындардың 51 проценті осы өңірлерге тиесілі екендігін айтты.
Және аталған төрт облыстың 2800 тұрғыны (өзін өзі жұмыспен қамтығандар) арасында сауалдама жүргізіліп, нәтижесінде олардың 61 проценті ресми тіркелмегені анықталғандығын алға тартты. Сондай-ақ еліміздегі өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың үштен бірі Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі екендігін, осы өңірдегі ауыл тұрғындарының 81 проценті аталған топқа жататындығына алаңдаушылығын білдіріп, мемлекет тарапынан тиісті шаралар қолданылуы керектігін атап өтті.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»