Қазақстан • 18 Маусым, 2018

Географ-геоморфолог Серікбол Қондыбай туралы сыр

4527 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ол «жазатын нәрсе көп, жазуға отыру керек еді... Әсіресе мені көптен бері қызықтыратын сала – мифология. Ол менің ойымды баурап та, жаулап та алды. Мендегі дағдыға айналған сауал – «неге ол бас­қада бар, қазақта жоқ?». Жазу керек, жазу үшін отыру керек...» деп жазуға арнайы уақыт бөліп, үстел басына отыруды ойына жиі алғанмен, күнделікті күйкі тірліктің ағынымен үстелге біржолата бет бұра алмады. 

Географ-геоморфолог Серікбол Қондыбай туралы сыр

Алайда, «сөздің киесі» бар дегенге саямыз ба, әлде қазақ мифологиясына тыңнан сүрлеу салып, ғылыми ізденістер жасауы үшін тағдырдың өзі қалады ма – 27 жасында кездейсоқ оқиғадан соң арбаға таңылып, үстел басына біржола отыруға мәжбүр болды, осылайша өзі көптен айтатын «жазуға отырды». Ақтауда тоғыз жыл өмірін арбада отырып жан-жақтан сұратып алдырған кітаптарды оқып, зерделеп, ізденіп ғылымға арнаған, тек арнап қана қоймай қазақтың мифология ғылымына жол ашқан және әлемдік мифологияға тың пікірлерін қосқан, «арбада отырып әлемді шарлап», 36 жасында өмірден өткен философ, тарихшы, лингвист, этнограф, мифолог, өлкетанушы, публицист ғалымның 50 жылдығына арналып «Серікбол Қондыбай мұралары: әлемдік мифологияның дамуына жаңаша көзқарас» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

 Қазақ Ұлттық университетін географ-геоморфолог мамандығы бойын­ша бітірген Серікбол Қондыбай алды­мен мектепте ұстаз болып еңбек жолын бастап, кейін Маңғыстаудың мұражай, қорығында, өңірдің экология және биоресурстар басқармасында жұмысын жал­ғастырды. Осы жылдары туризм, ланд­­шафт эстетикасы тақырыптарына, шежіре, аңыздар мен ертегілерге, жер-­су атаулары мен оларға қатысты аңыз­дар­­ға, деректерге, сондай-ақ әр­бір сөз бен ұғымн­ың этимология­сы­на қызығып, өз­ бе­тін­ше зерттеу жұмыс­тарын бас­тады.

– Серікболдың мүгедек арбасы­на отыруы менің жұмысымды, жауап­кершілігімді арттырды. Ол іздеген, сұраған кітаптарды іздеп, ел асып-жер асып тыным таппайтын едім. Әзер дегенде тауып әкелген бірқатар кітап­тарым­ды бетін ашып қарап, мынау өзгер­тіл­ген деп, жауып тастайтын. Кейін бауырым өмірден өткен соң, оның мұра­ларын жинақтап, көздің қара­шы­ғын­дай сақтау менің міндетім болып қалды, – дейді апасы Балсұлу Қондыбай.

Ғалымның әр жылдары жарық көріп, оқырмандардың, ғалымдардың қызы­ғушылығын тудырып, қолдауына ие болған «Қазақ мифологиясына кіріспе», «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары», «Маңғыстау географиясы», «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі», «Есен-қазақ», «Маңғыстаунама», «Жауынгерлік рух кітабы», «Қазақ даласы және герман тәңірлері», «Эстетика ландшафтов Мангистау» сынды ғылыми еңбектері кейін толықтырылып, 16 томдық жинақ болып басылып шықты. Бірнеше рет түрлі деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік және теориялық конференциялар өткізіліп, мектеп оқушылары арасында тұрақты насихатталып келе жатқан ғалым мұраларына Шетпе ауылынан арнайы мұражай да ашылды.

Биыл С.Қондыбайдың жарты ға­сыр­лық мерейтойына арналған конференция – бұл бағыттағы шаруалар­дың заңды жалғасы. Өйткені мифолог ғалым мен оның еңбектері туралы заманымыздың заңғар жазушысы атанған Әбіш Кекілбайұлы «Арамыздан ерте кеткен талантты ғалым Серікбол Қондыбай – ұлттық руханиятымыздағы аса сирек құбылыс. Ол этнография мен археология, геогра­фия мен ономастика, агиография мен теология, эпос пен тарих, мифология мен философия деректерін салғастыра зерттеп, түріктану мен қазақтануға мейлінше үлес қосты. Отандық ғылым үшін жемісті болар жаңа бағыт бастап берді. Ол қалдырған мұраның деректік, пайым­дамалық құндылықтары мен мән­діліктерін зерделеу – осы заман­ғы ұлт­танудың қалыптасуы мен кемел­денуіне оң ықпал етері сөзсіз. Бұл саң­лақ таланттың саяқ зерттеушілік із­де­ніс­теріне, ерек елжандылығы мен еңбексүйгіштігіне таңғалмасқа ша­ра жоқ. Арманда кеткен азаматтың жер бетіндегі ізі суымай жатып, ол қал­дырған еңбектердің сиясы кеппей тұ­рып ғылыми сарапқа түсуі – аса сүйінішті жағдай» деген болатын.

Тағылымды шара

Мемлекет басшысының «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламалық мақаласы аясында Серікбол Қондыбай еңбектері арқылы әлемдік мифо­логияға арғықазақ (дей-түркі)­ дүние­танымы енгізген үлесті айшық­тау, адамзат дүниетанымындағы дей­түр­кілік ілкі негізді көрсету арқылы ұлт­тық сананы жаңғырту мақсатында ұйым­дастырылған «Серікбол Қондыбай мұралары: әлемдік мифологияның дамуына жаңаша көзқарас» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция кең ауқымда өтті.

Олай болатын себебі – көкірегінде көне күннің күмбірі күбірлеп, ескіден сыр аңдып, бүгінгі тірлігіміздің түп бас­тау, негіз-тірегін іздеген Серікбол ең­бегі – шексіз әлем. Серікбол тағы­лымы – арғы әлемнің тылсым сырына қызықтырған табалдырық, жұмбақ тұң­ғиыққа ашылған есік. Жоқ із­деген ғалым, арғытекті тануға талпын­ған жан үшін Серікбол жазбалары баға жетпес байлық. Өйткені Серікбол ­Қондыбай алғаш рет, арғықазақ (түркі) мифологиясын негіздеу тұғыры ретін­де, әлемдік мифологияның кілттік ұғым­дарына түркітекті түбір (праформа) тұрғысынан лингвистикалық талдау жасау әдіснамасын қолданысқа енгізіп, мифтанудың сакралды символдық таңбалану жүйесін жасақтады. Ол өзінің ғылыми-танымдық тұжырымдарын одан әрі мифтік-лингвистикалық зер­делеуді барша түркітілді ізбасар­лары жалғастыратындығына зор сенім артып кеткен болатын. Серікбол сеніміне сай, берері мол конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен 16 мифолог, тарихшы, этнограф ғалым, Америка, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрік­­менстан, Қытай сынды шет мем­лекет­тен 14 ғалым қатысты. Бұл Серік­бол туын­дыларының тек отандық емес, шетел­дік ғалымдардың да на­­за­рына ілігіп, олар­дың ғылыми қызы­­ғушылығын қалып­тас­тырып отыр­ғандығының дәлелі.

– Серікболдың ғалымдар тарапы­нан «Күн текті қаһарман», «Аңыз құ­сы» атануы жай болмаса керек. Ол ба­ла жасымыздан жадымызға сіңіп, құлақ­та жатталған ертегі-аңыздардан қа­зақ­тың ілкі дүниетанымын, одан әрі түркінің түп-төркінін түгендеу арқы­лы әлемдік ғылымға олжа салған ға­лым. Төсекте таңылып жатып-ақ әлем­ді қиялмен кезіп, дебюттік тосын­ пайымдарымен ғылыми ортаны дүр сілкіндірді. Конференцияда әлемдік ғылымның көкейінде жүрген көптеген сұрақтардың шеті шығып, толғандырған сауалдардың жауабы табылады деп сенемін. Серікбол әлемі  ғаламдық бәйтерек, ол әрі қарай тамыр жаюы үшін облыс әкімдігі тарапынан мынадай жұмыстарды қолға алып, іске асыруды көздеп отырмыз, – деді аймақ басшысы Е.Тоғжанов конференцияның ашылу салтанатында. Шарада ғалым туралы деректі фильм көрсетіліп, С.Қондыбай еңбектерінің жинағы бойынша құрастырылған «Байырғы қазақ дүниетанымының негізі» атты ғылыми энциклопедияның тұсауы кесілді, ақын О.Тұржанның Серікбол шығармалары негізінде жазылған «Мифтің түбі – ақиқат» қойылымы көрермен назарына ұсынылды.

Алуан тақырыптар, ұтымды ұсыныстар

Екі күнге созылып, пле­нарлық және үш тақырыптық сек­ция­лардағы дербес мәжілістер түрінде ұйымдастырылған конференция барысында 50-ге жуық ғылыми баяндама тыңдалды. Конференция жұмысына шетел­дер мен республиканың ғылыми инс­титуттары және жоғары оқу орын­дарының танымал ғалымдары, өлке­танушылар, ұстаздар, докторант­тар мен магистранттар қатысты. Конфе­ренцияда Назарбаев Университеті Түркітану және қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, профессор Юлай Шами­логлу «ХІІІ-ХIV ғасырлардағы Алтын Ор­дада ислам дінінің келуі жайлы кей­бір түсініктер және Маңғыстау түбе­гінің ықтимал рөлі», Назарбаев Уни­верситетінің профессоры Фунда Гүвен «Ергенекон аңызы: өткені мен бүгіні», Гази университетінің (Түркия), доценті Осман Кабадайы «Ескі Түркі мифологиясындағы көк аспан», AMEA Фольклор институтынан, фи­ло­­логия ғылымдарының докторы Айнур Джалилова (Әзербайжан) «Аң­шылық мифологиядағы аңшылық тәңі­рісі», еларалық Түркі акаде­мия­сы­ның профессоры, Кадыралы Қоңқабаев (Қырғызстан) «Түрік жер, су атауларындағы киелілік мәселесі: мифтер, аңыздар, түсініктер, сенімдер», Хад­жетепе университетінің профес­соры Өзкүл Чобаноғлу (Түркия) «Мә­дени семантика контекстіндегі түр­кі мифологиясындағы албасты фе­номені», Гази университетінің про­фессоры, Ибрахим Дилек (Түр­кия) «С.Қондыбайдың зерттеулері негі­зінде түркі мифологиясын зерттеу мәселесіндегі проблемаларды ше­шудің жолдары», А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының дирек­торы, профессор Ерден Қажыбек «Серік­бол Қондыбай және түп-тектүрік ортақ­тықты паремиологиялық, антро­пологиялық, мифтік, эпостық, архео­логиялық, этнографиялық және тілдік де­ректерді сәйкестендіре қалпына кел­­тіру өзектілігі», филология ғылым­дарының докторы, профессор Әнес Ғарифолла «Байырғы қазақ дүниетаным жүйесін реконструкциялау: әдістері мен­ нәтижесі» тақырыптарында баяндама жасаса, өзге де ғалымдардың маңызды әрі қызықты тақырыптарда баяндамалары тыңдалды. Шетелдік ғалымдар Серікбол талантына, шығар­машылығына таңданыстарын жасырған жоқ.

– Мен Серікбол еңбектерін оқып таңғалдым. Мен оның түркі дүниесінің мифологиясында қалдырған ізін аса құнды мұра, үлкен сый деп бағалаймын. Қазақстанда жарияланған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Серікбол шығармашылығымен ұштасып жатыр, – деді америкалық профессор Ф. Гүвен.

Конференция соңында қатысушылар Қазақстан Республикасының Мәде­ниет жә­не спорт министрлігіне С.Қон­ды­­бай­дың азаматтық үлгісі және шы­ғар­­­ма­шылығын насихаттауды одан әрі жандандыру мақсатында жас ұр­­пақ­қа арналған көркем шығар­ма­лар мен туындылардың жазылуы­на бәй­ге жариялауға, Қазақстан Рес­пуб­лика­сының Білім және ғылым минис­тр­лігіне Ұлттық білім беру жүйесінің бар­лық деңгейінде С.Қондыбайдың өмір жолы мен ғылыми мұрасын оқыту және оны жастарға отансүйгіштік тәр­бие беру ісінде пайдалануға, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар­ және инжиниринг университеті, Қ.Жұба­нов атындағы Ақтөбе өңірлік мемле­кеттік университеті және А.Бай­тұр­сынұлы атындағы Тіл білімі инс­титуты ғалымдарының Серікбол Қон­дыбай шығармашылығы және ұлттық рухани мұраларды жаңаша пайымдау мәселелері бойынша бірлескен ғы­лыми-зерттеулер жүргізуін үйлес­тіруді, С.Қондыбайдың іргелі еңбегі, 4 томдық «Арғықазақ мифология­сын» ЮНЕСКО тілдеріне аудару жұ­мыс­тарын қолға алуды, Ғылым коми­тетінің 2018-2020 жылдарға жария­ланатын ғылыми-зерттеулерді грант­тық қаржыландыру конкурсында Қазақ­с­тан Республикасы жоғары оқу орын­дары мен ғылыми ұйымдарының С.Қондыбай шығармашылығының әр саласы бойынша ғылыми жобалар ұсыну мүмкіндігін қамтуға ықпал ету­ге, мектепке дейінгі білім беру тәр­биеленушілерінің, оқушылар мен жас­өспірімдердің жас ерекшеліктері мен дамып-жетілу сатыларына сәйкес мифтану оқулықтарын («Суретті мифология», «Қазақ мифологиясының хрестоматиясы» т.с.с.) жазуды қолға алуға, Маңғыстау облысы әкімдігіне Ш.Есенов атындағы КМТжИУ жанынан «С.Қондыбай мұраларын зерттеу және насихаттау орталығын» ашу мәселесін қарастыруды, Шетпе ауылында ғалым тұрған үйді музей экспозициясы ретінде ашуға ықпал жасауды, С.Қондыбай шығармашылығы бо­йынша екі жыл сайын республикалық және халықаралық симпозиум, конференцияны кезектестіріп өткізуге ықпал етуді және оның шығармашылығына негізделген облыстық мемориалдық музейге С.Қондыбай есімін беруді ұсынуды, облыстық мемориалдық му­зей­ді заманауи талаптарға сай экспозициялауды қаржыландыру мәселесін қарастыруды ұсынды.

Конференциядан соң Серікбол Қондыбай зиратына арнайы барған кон­ференция қонақтары одан әрі Бекет ата, Шақпақ ата, Шопан ата қауымдарын аралап, өлілер рухына Құран бағыштады.

Ғалым С.Қондыбайдың 50 жыл­дық мерейтойына арналған конферен­ция­ның өтуі қандай маңызды, жауапты болса, оның соңында қалар тағы­лым­ы да ма­ңызды, яғни ғылыми конференция­дан қазақ, түркі, тіпті әлем ғылы­мына үлес қосар жа­ңалықтар күтіледі. Серік­бол­­дың сенімі мен үміті де осы – соңын­да қалған бауыр­ларының мифоло­гия ғы­лы­­мын ден­деп зерттеуі, өз түбіміз бен тег­і­­мізді, тари­хымызды жаңаша тануға мық­­­ты ғы­лы­ми дерек-дәйектермен қару­­л­а­­нып, батыл қадам жасауы болатын.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы