Қазақстан • 18 Маусым, 2018

Әділ Ахметов. Астана айбыны

427 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ұлы Дала елі атанған ұлан-бай­тақ Отанымыздың жүрегі әрі ру­хани жаңғыру үдерісінің символы Астанамыздың 20 жылдық ме­рейтойын атап өтетін күн де­ жақындап қалды. 

Әділ Ахметов. Астана айбыны

Уақыт өткен сайын толассыз толығып, дина­микалық қарқынмен дамып келе жатқан Еуразия жүрегіндегі ел­орда архитектуралық тұрғы­дан келгенде, әлемдегі ең сұлу қала­лардың бірі ғана емес, бірегейіне айналып, бір-біріне ұқсамайтын ғимараттары қыздың жиған жү­гіндей сап түзеп, сәулетіне дәу­леті сай, іргелі мегаполиске тән сипаттың бәріне де ие болды. Бү­гінде Астана қай тұрғыдан ал­сақ та әлемдік стандарттарға то­лық сай. Мұнда көз тартатын ны­сандар жеткілікті.

 «Театр киім ілгіштен басталады» демекші, әлемнің қай бұрышынан келсе де қонақтарын құшақ жая қарсы алатын халықаралық стандарттардың озық үлгілерін ескере отырып, бой көтер­ген әуежайы мен темір жол және­ автокөлік вокзалдары да, сымдай түзілген қонақүйлері де, «Астана Опе­ра» театры мен заманауи концерт зал­дары да, іргелі университеттері мен өзге білім ошақтары да, бүгінгі ин­но­вациялық технологияларды бо­йына жинақтаған денсаулық сақтау нысандары да, тез дамып келе жатқан транспорт жүйесі де, ірі халықаралық форумдар өтетін іргелі нысандары­ да, қала тұрғындары ғана емес, шетел­дік туристер де емін-еркін серуен құратын жасыл желекке оранған парк­тері мен саябақтары және заманауи спорт кешендері көздің жауын алады. Сосын, бұлай деуге іргетас болатын негіздеме де жеткілікті.

Біріншіден, қаланың бас жоспары о бастан-ақ мінсіз жасалған болатын. Бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы шақыруымен елімізге келіп, Астананың бас жоспарын түбегейлі жасақтауға атсалысқан жаһандық архитектура әлемінің ең озық ойлы ғұламалары, жапондық сәулетші Кисе Куракава мен есімі әлемге әйгі­лі британдық архитектор Норман Фос­тердің сіңірген еңбегін ерекше атап өту парыз. Шындап келгенде, Аста­наның ғана емес, жаңа замандағы еге­мен Қазақстан мемлекеттігінің де бас сәулетшісі және еліміздің сындар­лы ішкі саясаты мен көпвекторлы сырт­қы саясатының сомдаушысы да Елбасының өзі екені күмән тудырмайды.

Өзінің 20 жылдық тарихында Астана Елбасының бастамасымен тегеурінді іске асырылып келе жат­қан ондаған мегажобалардың локо­мотивіне айналды. Бұған 2010 жылы елордада өткен ЕҚЫҰ сам­­митін, халықаралық аренада үлкен құрметке ие болған әрі алда алтын­шы рет өткізілмекші болып отыр­ған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін, Астанада тұсауы кесілген Еуразиялық эконо­микалық одақты, кейінгі 11 жыл бойы үзбей өткізіліп, Азия Да­восы атанып үлгерген Астана эко­номикалық форумын, бұл күнде іргелі халықаралық ұйымдардың санатына қосылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі Кеңес­тің, Шанхай ынтымақтастық ұйы­мының, сондай-ақ Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының және Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі ұйымының саммиттерін, сол сияқты 2011 жылы елордада өткен қысқы Азия ойындарын, сонымен қатар Сириядағы қанды шиеленістерді тоқтату мақсатымен кейінгі жылдары елордада үзбей өткі­зіліп келе жатқан бітімгерлік шараларды жатқызуға болады.

2017 жыл Астана өміріндегі ең айтулы тарихи кезең болды. Жаһандық Халықаралық көрмелер бюросының басшылығымен Астанада өткен Ха­лық­аралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі ел өміріндегі ең айту­лы тарихи белес болуымен қатар Ұлы Дала елінің атақ-даңқын күллі әлемге паш етіп, халқымыздың әр аза­матының санасына сәуле шашқан рухани жаңғырудың ғажап үлгісі болды.

Енді міне, жақындап қалған алдағы 5 шілдеде Астанада бүкіләлемдік мән­ге ие Астана халықаралық қаржы орта­лығының ресми ашылу салта­наты күтіп тұр. Сөйтіп Астана бұ­­дан былай әлемдегі саусақпен ғана­ санарлық Лондон, Нью-Йорк, Париж, Франкфурт, Токио, Син­гапур, Шанхай, Гонконг, Цюрих, Мад­рид, Амстердам, Майами, Лос-Анжелес, Мехико, Сан-Паулу, Сеул, Сидней, Дубай және Мәскеу секілді әлемдік және аймақтық қаржы орталық­тарының арасынан өз орнын ойып алатын болады.

Бұл бастаманың басында да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Сосын, Астана халықаралық қаржы орталығын құру жөніндегі тапсырмасын Елбасының белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, отандық банк және қаржы жүйесінің кәсіби де білгір маманы, математик, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни­вер­ситетінің және АҚШ-тың Джор­джтаун университетінің түлегі әрі мемлекеттік тілмен қоса орыс, ағыл­шын, француз тілдерін де жетік мең­герген, сондай-ақ еліміздегі мем­лекеттік жауапты қызметтер тізбегінен ысылып өткен Қайрат Келімбетов секілді білікті тұлғаға жүктелуі бекер емес. Өйткені әлемдік мәні бар мегажобаны аз уақыт ішінде әрі сапалы іске асыру тек осындай ­білікті тұлғаның ғана қолынан ке­ле­тін аса жауапты жұмыс болатын. Мә­селен, кейінгі екі жылда атал­­мыш Орталық төрағасының бас­шылығы атқарған және әлі де іске асы­рып жатқан іс-шаралардың көңіл көншітетінін айту парыз.

Біріншіден, Орталық командасы жоғарыда аталған бүкіләлемдік мәнге ие Лондон және Нью-Йорк қаржы орталықтарымен қатар зоналық және аймақтық мәнге ие өзге халықаралық қаржы орталықтарының бәріне де жиі-­жиі ат ізін салып, олардың әлем­­­дік қаржы нарығындағы іс-тә­жі­рибелерімен етене жақын танысып, зерттеп, зерделеп, Астана халық­аралық қаржы орталығының ұйымдастыру жұмысына да, болашақ инфрақұрылымын жасақтауға да жете пайдаланатын таптырмайтын үлгі екені айқын көрініп тұр.

Екіншіден, Астанада өз жұмысын бастап кеткен Халықаралық қаржы орталығы географиялық тұрғыдан да үлкен мәнге ие. Өйткені бұл орта­лықтың алып Азия мен Еуропа құр­лықтарының аражігінде орналасуы қай тұрғыдан да өте тиімді. Бір жағынан ол алып Қытай қаржы нарығына тиіп тұрса, екінші жағынан Ресей қаржы нарығына да қол созым жерде, тіпті Орталық Азия нарығы мен алыс-жақын көршілес мемлекеттердің қаржы жүйелері үшін де өте тиімді болатыны күмән тудырмайды.

Үшіншіден, географиялық тұрғы­дан келетін болсақ, Астана қаржы орталығы мен жаһандық мәнге ие­ болып отырған іргелі Лондон халық­аралық қаржы орталығының арасын­да белгілі бір ұқсастықтың бар екенін байқамау мүмкін емес. Өйткені Лон­донның Батыс пен Шығысты бөліп тұрған нөлдік меридианда орналасуы оны барлық нарықтарға, оның ішінде Таяу Шығыс нарықтары мен Африка нарығына да қолжетімді етіп, үлкен рөлге иелік етуге мүмкіндік беріп отыр. Әрине, бұл жерде Астана қаржы орталығының тиімділігін тек географиялық тұрғыдан ғана сөз етіп отырмыз. Демек, біз оның жоғарыда атал­ған қаржы орталықтарының дең­гейіне жетуі үшін алдағы ұзақ жылдар бойы тер төгуіне тура келетінін назардан мүлде тыс қалдырып отыр­ғ­ан жоқпыз. Мәселен, Лондон халық­аралық қаржы орталығының әлемдегі бүгінгі көшбасшылық рөліне жету үшін 200 жылдың, ал Нью-Йорк пен Токио орталықтарына бір ғасырдың қажет болғанын еске салып отырмыз.

Төртіншіден, Астана қаржы орта­лығы айналасындағы өзге нарықтарға тартымды болуы үшін Лондон қар­жы орталығы секілді төменде топ­тастырылған ондаған сипаттарға қол жеткізуі шарт:

– табыс салығының төмендігі жағынан Лондон бүгін өзге орталық­тардың бәріне үлгі болып отыр. Мәселен, Лондонның салық ережелері өзгелер үшін таптырмайтын мүмкін­дік, өйткені табыс салығының төмен­дігі жағынан Британия, АҚШ, Гер­мания, Франция және Италия секілді мемлекеттердің бәрінің де алдын орап кетеді және бұл Астана қаржы орталығы үшін де ең қажетті тетік;

– соңғы онжылдықта бизнес­ үшін әлемдегі ең тиімді мекенге айнал­ғандықтан, Лондон бүкіләлемдік қар­жы орталығы деген атақтан ешқашан айы­рылып көрген емес;

– әлемдегі кез келген компания бүгін­гі таңда Лондонда орналасқан онда­ған қаржы тетіктері мен мүм­кіндіктерге қол жеткізе алады, өйткені «ақша – тауар» деген аксиома осы на­рықта алғаш рет шындыққа айналды, себебі бұл нарықта, іздегенге сұраған демекші, қомақты инвестиция іздеушілер де, ондай инвестицияны тиімді орналастыруға ынталы қаржы мекемелері де жетіп артылады;

– Лондон Сити тек Еуропа нары­ғында ғана емес, бүкіләлемдік қаржы­лық нарықта да аса жоғары рөлге ие;

– Лондон Сити бар болғаны бір ғана квадрат мильде орналасқанына қарамастан, мұнда институционалдық инвесторлардан, атап айтқанда, өз есеп шоттарында миллиардтаған қар­жы жинақталған әртүрлі банктер, инвес­тициялық, зейнетақы немесе сақ­тандыру қорларынан аяқ алып жүре алмайсың;

– бүгінгі таңда Лондон Ситидің өзін­де ғана 474 шетелдік банк орна­лас­қан;

– ашық ақпарат көздерінен белгілі болып отырғандай, Ситиде орналасқан әртүрлі қорлардың жиынтық қаржы со­масы бүгінде 9 триллион долларды құрайды;

– қаржылық және саяси ықпалы ұшан-теңіз болғандықтан, Лондон Ситиді халықаралық аренада бүгін «күллі әлемді билейтін алтын миль» деп те атап жүр;

– халықаралық қаржылық операциялар жасауда бүгінгі әлемде Лон­донға тең келетін бірде-бір нарық орта­лығы кездеспейді, өйткені сыртқы эми­ненттер акциялары сатылымының 35 проценті де, сол сияқты валюталық опе­рациялардың үштен бірі де, биржадан тыс нарық операцияларының 40 пайыздан астамы да, сондай-ақ еуро­­­облигациялар сатылымының 70 пайызы мен халықаралық банк кре­дит­терінің 60 проценті де осы қалаға тиесілі;

– Лондон, сонымен қатар алтын, күміс немесе платина секілді бағалы метал­дар сату жөнінде де ең алдыңғы шепте келеді;

– Ситидің тағы бір тартымды ерек­шелігі – бірегей әрі еш мемле­кетке бағынбайтын өте әділетті бри­тандық сот жүйесін басшылыққа алып отырғандығы. Дәл осы сот жүйесін Ас­тана қаржы орталығы да енгізіп отыр.

Демек, жоғарыдағы басым­дық­тар­ды нысанаға алып қана қоймай, оларды іс жүзіне асыруды өз міндетіне алған Астана қаржы орталығының ал­дында өте жауапты міндеттер мен кезең­дердің күтіп тұрғанын көзге елес­тету қиын емес және бұл туралы Қытай Халық Республикасының маңдайалды СGTN телекомпаниясы арқылы әлемге таратылған ағылшын тілінде берген ауқымды сұхбатында Қайрат Келімбетов мырза да егей-тегжейлі тоқталғанын атап өтудің реті бар. Ендеше, Астананың ғана емес, күллі Еуразия аумағының жауһарына айналып келе жатқан жаңа халықаралық қаржы орталығына сәттілік тілейік, ағайын!

Әділ АХМЕТОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жоғары мектеп Ғылым академиясының академигі