Тұрғын үй құрылысына бөлінген инвестиция көлемі де 18 пайызға артып, 980 млрд теңгені құраған. Соның ішінде мемлекет бөлген 1 теңгеге жекеменшік инвестицияның 5 теңгесі қосылған. Бұлардан басқа мемлекет инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымдарды салу үшін 80 млрд теңге бағыттаған, бұл жердегі мемлекеттік және жекеменшік қаражаттың қатынасы тіпті 1:9-ға жетті.
Енді Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «7 – 20 – 25» бағдарламасының басталуына байланысты «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асырудағы олқылықтардың бәрі ескеріліп, оларды шешудің жүйелі жолдары жасалуы керек. Сонда ғана тұрғын үй құрылысы қосымша қуат алып, жаппай жүргізілетін сипатқа қол жеткізеді.
Осы орайда біз өзіміз көріп жүрген бірқатар кемшіліктерді Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған депутаттық сауалымызда ашып, көрсеттік. Бүгінгі таңда Қазақстанда 16 үй құрылысы комбинаты жұмыс істейді. Олар мемлекеттік индустриялық-инновациялық бағдарламаны іске асыру шеңберінде салынған. Мемлекет олардың құрылысын жан-жақты қолдап, несиелік ставкаларын субсидиялаған, инженерлік жүйелерді де тартып беріп, жалпы айтқанда оларға 30 млрд теңгедей қаражатты шығын қылған. Комбинаттар толық іске қосылғанда тұрғын үйлердің әрбір шаршы метрінің бағасын төмендетеді, құрылыс мерзімін қысқартады деп жоспарланған еді.
Алайда, бүгінгі таңда осы кәсіпорындардың жұмыспен қамтылуы 50 пайыздан аспай отыр. Бұл олардың әрі қарай дамуын тежейтіні сөзсіз. Қолданыстағы заңнамаларда мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламаларын іске асыратындығына байланыс-
ты оларға арналған қандай да бір преференциялар немесе басқа да жеңілдіктер қарастырылмаған.
Осындай жағдай мемлекеттің тұрғын үй құрылысын салу тапсырысын тиісті техникалық және технологиялық ресурстары жоқ, салған үйлерінің сапасына жауап бермейтін кездейсоқ компаниялардың тендерден жеңіп алуына жеткізіп отыр.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар жаңа тұрғын үйлер аудандарын салуға қызығушылық танытып кетті. Алайда осы жерлерде балалар бақшасы, мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік инфрақұрылымдардың құрылысын салуды «ұмытып кетіп», жаңа үйлердің тұрғындарына ыңғайсыздықтар туғызуда.
Үкімет осы мәселелерді ескеріп, Президенттің тапсырмасын орындауда олқылықтар жібермесе екен деген тілегіміз бар. Сонымен қатар тұрғын үйдің өзіндік құнын төмендетуге бағытталған Жол картасын жасаудың да уақыты жетті. Тағы бір мәселе әскерилер мен олардың отбасына байланысты. Осы күні Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мұғалімдер мен дәрігерлерге арналған арнайы үй құрылысын жүргізуде, біз осы тәжірибемен әскерилерге арналатын үй құрылыстарының да бой көтергенін қалаймыз.
Михаил БОРТНИК,
Сенат депутаты