Кино • 18 Маусым, 2018

«Қазақфильм» мен «Беларусьфильм» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

514 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы аясында Кытайдың курорттық Циндао қаласында алғаш рет ұйымдастырылып отырған кинофестивальде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен «Беларусьфильм» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 

«Қазақфильм» мен «Беларусьфильм» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Кинематография саласы мен мәдени байланыстарды дамыту мақсатындағы құжатқа қол қою рәсіміне Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ вице-президенті Дәурен Әбдіхамитов пен «Беларусьфильм» ұлттық киностудиясының бас директоры Владимир Карачевский қатысты. 

Екіжақты бірлескен Меморандум киноөндіріс төңірегіндегі кілтипанды мәселелерді реттеуге бағытталған. Сонымен қатар, құжатта киноөндірісті ұйымдастыруға ықпалдастық ету, кинотуындылар алмасу және дистрибуциясын жасау, кинематография саласындағы мамандарды  тағылымдамаға жіберіп, тәжірибе бөлісу мәселелері де қамтылған.

Ынтымақтастық туралы келісімді сөз ете келе, «Қазақфильмнің» вице-президенті Дәурен Әбдіхамитов, аталмыш меморандум екі елдің  кинематография саласындағы байланысы мен достық қарым-қатынасы жолындағы маңызды қадам екенін баса айтты. 

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдері кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына 23 кинолента  қатысып отыр. Олардың арасында екі отандық картина – режиссер Рүстем Әбдірашевтің «Алмас қылыш» тарихи фильмі және режиссер Талғат Теменовтың «Біздің қаланың ханзадасы» мелодрамасы.  Жалпы кинофестиваль көрермендерінің назарына 60 картина ұсынылмақ.

Сонымен қатар, фестивальде көрермендер Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген басқа да картиналарды тамашалай алады. Олар: режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» драмасы және режиссер Сәбит Құрманбековтың «Оралман» картинасы.  

Үздіктерді 12 кәсіби маманнан тұратын қазылар алқасы анықтайды. Қазылар алқасының төрағасы – танымал қытайлық продюсер Хань Саньпин. Айта кетелік, қазақстандық режиссер, продюсер Сергей Әзімов негізгі конкурстың қазылары қатарында.

Кинобәйгеге қатысушылар «Үздік фильм», «Үздік режиссура», «Үздік сценарий», «Үздік ер адам рөлі», «Үздік әйел адам рөлі» аталымдары бойынша және қазылар алқасы тағайындаған арнайы жүлдемен марапатталады.

17 маусымға дейін жалғасатын ШЫҰ аясындағы кинофестивальді ҚХР мемлекеттік кинематография басқармасы мен Шаньдун провинциясының әкімшілігі ұйымдастырып отыр.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ