14 Желтоқсан, 2011

№10 сын-қатер

479 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Гиперинфляция, ақшаның күрт құнсыздануы Ұлттық валюта теңгенің та­быс­ты енгізілгеніне қарамастан ел­дегі әлеуметтік-экономикалық ах­уал инфляцияның жоғары қар­қыны салдарынан күрделене түсті. Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдары инфляция қарқыны 1000% асқан гиперинфляция кезеңі болды. Мұндай ахуал әлеу­меттік шиеленісті ұлғайтып, қарсылықты көңіл-күйлерді күшейте түсті. Халық­тың табысы барынша мардымсыз болып, ақша құнсызданды. Еңбек қызметіне деген ынта құлдырады, қылмыс өсе түсті.    1993-тен 1995 жылдарға дейінгі кезеңде инфляция орта есеппен жыл­дық көріністе алғанда 1200 пайыздан астамды құрады, ал екінші деңгейлі банктердің кәсіпорындар несиелері бой­ынша ставкалары жылдық 400 пай­ызға жетті. Дегенмен, 1995 жылдың өзінде-ақ мемлекеттің дер кезінде қабылдаған шаралары инфляцияның жылдық деңгейін екі таңбалы мәнге дейін қысқартуға жағдай туғызды. Одан кейінгі жылдары Қазақстанда баға тұрақтылығы мәселесіне айрықша көңіл бөлінді. Қабылданған шаралар 2000 жылы жылдық инфляцияның екі таңбалы мән­нен аспауына жағдай жасады. Қа­зақстан экономикасы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысқа душар болған 2007 жылы ғана жағдай сәл басқаша болды. Қатаң ақша-несие саясатын жүр­гізу нәтижесінде инфляция қарқыны төмен қарай күрт құлдырай бастады, ал ол елдегі макроэкономикалық тұ­рақ­тылыққа жағдай жасады. Эконо­миканың өсу траекториясына шы­ғуын қамтамасыз ету және нарықтық жаң­ғыртуларды одан әрі тиімді жүр­гізуге кедергі келтіретін инфля­цияны айтар­лықтай ауыздықтау 2000 жылға дейін жалғасқан тұрақтан­дыру кезеңінің басты жетістігі бо­лып табылады. Нарық экономикасына және нарықтық қатынастарға көшуге байланысты халық шаруашылығының барлық салалары 1996 жылға дейін дағдарыс құрсауында болды. Жоспарлы экономикадағы жасырын тепе-теңсіздіктер мен 90-шы жылдардың бірінші жартысында пайда болған жаңа қарама-қайшылықтар экономика мен қоғам дамуының барлық салаларына күйреткіш әсерін тигізді. Экономика рецессияны бастан кешіп жатты. Осы кезең аралығында әр жылдарда нақты ІЖӨ-нің, зейнетақының, еңбекақының түрлі тереңдікте құлдыраулары байқалды. Экономикалық құлдырау инфляциялық дағдарыспен қоса жүрді. Осындай жағдайда қолма-қол ақшаға деген қажеттілік ырғақты өсіп отырған бағаларға тепе-тең жағдайда өсті. Қолма-қол ақшаның жетімсіздігінен еңбекақы мен зейнетақылар бойынша борыштар көбейіп, ол өз кезегінде халықтың тұрмыс деңгейінің күрт төмендеуіне ықпал етті. Бүтіндей алғанда, мемлекетте қаржының жетіспеуі инфляция деңгейінің шектен тыс өсуімен қосыла келе экономикалық құлдырауға, кәсіпорындардың негізгі қорлары бағасының құнсыздануына және төлем төлеу дағдарысына апарып соқтырды.   Бюджеттің шектен тыс тапшылығының, ойластырылмаған мемлекеттік дотациялар мен несиелердің нәтижесі инфляция, инфляция және инфляция болып табылады. Біз өзімізге қатысты шындықты басшылыққа алуға тиіспіз және егер біз бүкіл шаруашылықты күйретіп жатқан инфляцияны тоқтатпасақ, онда өнім құнының инфляциялық алға  оза көтерілуінен де асып кететін халықтың нақты табыстарының инфляциялық құлдырауы, соның салдарынан мемлекеттік кәсіпорындардың тұтынушыларға инфляциялық салық салу экспансиясы орын алады.

Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің он екінші шақырылған Х сессиясында Дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар және әлеуметтік-экономикалық реформаларды тереңдету жөніндегі үкіметтік бағдарлама бойынша сөйлеген сөзінен.

Алматы, 1993 жылғы 18 қаңтар.

 1991-2004 жылдардағы ІЖӨ-нің, еңбекақының және

тағайындалған зейнетақының нақты өзгерісі, 1990 жылға %-бен

 Қазіргі уақытта Қазақстан Респуб­ликасындағы инфляциялық үдерістер толық бақылауда.