– Еліміздің бас қаласын ауыстыру тарихи-саяси шешім және ғасырлық жоба екені белгілі. Осындай маңызды істің басы-қасында болған азамат ретінде әңгімені сол бір тарихи шараның қалай жүзеге асқанынан бастасаңыз...
– Елбасы еліміздің астанасын Арқаға көшіру туралы идеясын ең алғаш 1994 жылы Жоғарғы Кеңес депутаттарының алдында жариялағаны белгілі. Мен сол уақытта депутаттардың көбі бұл ұсынысқа немқұрайлы қарап, маңыз бере қоймағанын білемін. Жоғарғы Кеңес қабырғасында астананы көшіруге байланысты қызу талас-тартыстар жүріп жатты. Халық қалаулыларының көпшілігі аталған ұсынысқа уақыт тезіндегі мәселе ретінде қарады.
Әрине сол жылдар уақыттың бір қысылтаяң шағы еді. Мемлекеттің алдында халыққа зейнетақы, жәрдемақыны уақтылы төлеу мәселесі тұрды. Тұтынушыларға жарық, жылу мен көгілдір отынды үздіксіз жеткізу де қиындық тудырып жатты. Естеріңізде болса, сол жылдары электр жарығы тек уақытпен берілетін. Өтпелі кезеңнің қиыншылықтары бір жүйеден шығып, жаңа мемлекет құруға бет алған біздің елімізді де тығырыққа тіреді. Алайда осы проблемаларға қарамастан еліміздің жаңа астанасын белгілеп, көшіру туралы ұсыныс қолдау тауып, тарихи шешім қабылданды.
Алғашқыда еліміздің астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру жұмыстары сол кездегі Үкімет басшысының бірінші орынбасары Нығметжан Есенғаринге жүктелді. Арнайы құрылған комиссия Алматыда сенбі сайын бас қосып, тиісті құжаттар қатталып жататын.
Мен ол кездері көрнекті мемлекет қайраткері, Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрі Асқар Құлыбаевтың орынбасары едім. Ал астананы көшіру жөніндегі жұмыстар бұдан соң бүгінде бақилық болған Николай Макиевскийге жүктелді. Дәл осы уақытта комиссия жұмысы жанданып, жүктеме ұлғая түсті. Соның өзінде істің қарқыны Мемлекет басшысының көңілінен шықпай, жауапты жұмыс маған тапсырылды.
Жалпы, Ақмола қаласын астана жасау жобасына Президенттің өзі басшылық етті. Арнайы құрылған комиссия Елбасының жеке штабына айналып кетті. Комиссия құрамында барлық уәкілетті министрліктердің өкілдері тынбастан еңбектенді.
– Сіз комиссия төрағасы ретінде министр лауазымында болдыңыз ба? Елбасының сіздерге қойған талабы қандай болды?
– Иә, мен министр лауазымын алып, Үкімет құрамында болдым. Маған дейін бұл жұмыстар Үкімет басшысының орынбасарларының деңгейінде атқарылып келген еді. Астана Ақмолаға көшірілгенше комиссия мүшелері дамыл тапқан жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлы әрдайым өз тапсырмаларының уақытылы және сапалы орындалуын талап етіп отырды. Мен Мемлекет басшысымен ертеректен таныс болғандықтан, Елбасының талаптарын терең түйсінетінмін.
Өзім комиссия басшылығын қолға алған сәтте жұмыстың ауқымы мен мерзімі нақтыланды. Сөйтіп алдымен Ақмолаға алғашқы кезекте көшірілетін министрліктер мен олардың қызметкерлерінің санын белгіледік. Бізге қойылған талап бойынша мамандарды Ақмола өңірінде жасақтауға мүмкіндігі бар орталық атқару органдарының Алматыдағы қызметкерлерінің 20-40 пайызын ғана көшіру қажет болды. Оның ішінде Президент Әкімшілігі мен Үкіметке қызметкерлердің 40 пайызына дейін көшіруге мүмкіндік берілсе, министрліктер мамандарының 20 пайызын ғана жаңа астанаға апара алды. Оларға қалған қажетті мамандарды Ақмола өңірінен қабылдау міндеті қойылды. Ал депутаттар 100 пайыз көшуі тиіс болатын.
Міне, осы тізім пысықтала келе, алғашқы көшке 3600 адам енгізілді. Енді олар орналасатын кеңсе мен тұрғын үй қайда? Осы арада мамандардың бірқатарын тұрақты түрде көшіру, бірқатарын уақытша көшіру туралы мәмілеге келдік. Сол кезде Ақмолада бас-аяғы 1600 пәтер бос тұрған еді. Сондықтан үш бөлмелі пәтерге үш отбасыдан орналастырған кезіміз болды. Бірақ Алматыдан келген мамандардың көпшілігі отбасыларын Алматыда қалдыра тұрған еді. Ал депутаттар қонақүйлерге орналастырылды. Сайып келгенде, уақыт пен қаражат тапшылығы кезінде осылай лаждадық. Әрине бұл кезде тұрғын үйлер үздіксіз салынып жатты.
– Ақмола ол кезде қатардағы облыс орталықтарының бірі. Әрине тың игерушілердің аймақтық орталығы болғанын да білеміз. Алайда астанаға сай инфрақұрылымдық, инженерлік жүйелері болмаған шығар?
– Иә, тоқсаныншы жылдардың соңында Ақмоланың жағдайы қатардағы облыс орталықтарымен бірдей болды. Сол уақытта көлемі Шымкент, Павлодар, Жамбыл, Семей қалаларының деңгейімен шамалас болатын. Сондықтан алғашқы көшке ілескен 3600 адам Ақмолаға аса ауыртпалық түсіре қойған жоқ. Алдымен олар үшін уақытша кеңселер әзірленді, уақыт өте барлық мемлекеттік органдарға арнайы дербес ғимараттар салынды. Дегенмен ұлы құрылыс үш-төрт жылға созылды.
Ал қаланың инженерлік жүйесін сол кездегі барлық облыс орталықтарына тән қиыншылықтар айналып өткен жоқ. Атап айтқанда, жылу жүйелері көнеріп, су құбырлары тозып, электр сымдары үзілудің алдында тұр еді.
Ақмола үшін қаланы жылумен қамтамасыз ету ең басты қиындыққа айналды. Қалада жаз мезгілінде ыстық су болмады. Өйткені жылу жүйесі жаз бойы жөнделетін. Тұрғын үйлер мен ғимараттар қаладағы екі жылу тарату орталығынан жылытылды. Бірақ Арқаның аязында сол жылудың өзі мардымсыз еді. Халық есік-терезелерін қымтап, қалың материалдармен қаптап қоятын. Судың өзі үшінші қабаттан жоғарыға көтерілмеді. Оның үстіне ыстық судың зардабы өткен тұрғындар жылу батареяларына шүмек орнатып, ыстық суды тікелей жылу жүйесінен алатын. Мысалы жылу жүйесінде болуы тиіс 20 мың текше метр су бір тәулік ішінде жоқ болатын. Ал жылу-электр орталықтары жүйеге құйылатын суды тазартып, қыздырғанша көп уақыт кетеді.
Міне, қазіргі астаналықтар осы қиындықтардың бірін де көрген жоқ. Астана іс жүзінде осылай басталған. Қазір қала бес есе үлкейгенімен, коммуналдық сала жанданды, инженерлік жүйелер барынша жаңартылуда.
– Астана ауыстыру үдерісі әлемде жиі болмаса да, біраз елдердің елордаларын ауыстырғанын тарихтан білеміз. Алайда әлі буыны беки қоймаған жас мемлекет үшін мұндай істің ауыртпалығы ерекше болатыны талас тудырмаса керек. Осы орайда басқа мемлекеттермен тәжірибе алмасуға уақыт болды ма?
– Жаңадан қала тұрғызу, ауқымды құрылыс жүргізу біз үшін жауапкершілігі жоғары сынақ болды. Иә, Ресей, АҚШ, Түркия мен Қытай мемлекеттері астаналарын бірнеше мәрте ауыстырды. Бірақ тарихи бетбұрысты сәтте біз күшімізге сендік. Алматының өзі тәуелсіздік алған тұста астана мәртебесіне лайықты отыз талаптың көбіне сәйкес келмейтіні белгілі болды. Елбасы бұл жөнінде әрдайым айтып келеді.
Осы ащы тердің кермек дәмі қазір тіл үйіреді. Мен үшін Астанамыздағы әрбір тұрғын үй, әкімшілік ғимарат ерекше ыстық. Қолымыздағы бес саусақты қалай бөліп-жармайтын болсақ, мен үшін де Астананың әрбір бұрышы қадірлі.
Ал өзге мемлекеттермен тәжірибе алмасуға, олардың оңды істерін барып көруге біздің мұршамыз болған жоқ. Біткен іске сыншы көп болғанымен, қазір гүл жайнаған Астанамыз елдің мақтанышына айналды. Еліміздің әр түкпірінен ағылған жұрт болашағын Астанамен байланыстырады.
– Қазір құрылыстың қарқыны өзгеріп, бір жыл ішінде тұтас көшелер пайда болып жатыр. Оған қоса, құрылысқа жаңа технологиялар қолданылуда. Сіз кәнігі құрылысшы, Астана құрылысының бастауында болған маман ретінде бұл үдерісті қалай бағалайсыз?
– Қазір еліміз көптеген құрылыс материалдарын өзі шығарып жатыр. Жұмыс күші де, қаражат та жеткілікті. Алғашқы кезде құрылысқа айналдырған бес миллион доллар қаражат бөлуді Елбасының өзі тікелей шешетін. Қазір бұл қаржыны министрлердің орынбасарлары да бөле салады. Ең бастысы, құрылыс саласында мол тәжірибе жинақталды. Астана әлемдегі озық технологиялар мен жаңашыл үрдістерді бойына сіңіріп, күннен-күнге құлпырып келеді. Енді астаналықтар қаланың әрбір ісіне белсене араласып, қолынан келгенше қызмет қылуы керек. Қала да тірі ағза – күтімді қалайды, салғырттықты жаны сүймейді.
Көпшілік Астанамыздың өңменіңнен өтетін өкпек желі туралы айтудан жалықпайды. Бірақ қазіргі автокөліктердің саны мен қоршаған ортаға тасталатын зиянды қалдықтардың залалынан осы жел құтқарып тұрғанын ұмытпау керек. Осы жел болмаса, Астана Алматы тәрізді зиянды қалдықтардан тұншығар еді. Қазір халық та үйрене бастады, климат та бұрынғыдан жылынып келеді. Қысқасы, гүлденген Астананың кемелденген уақытының куәгерлері – нағыз бақытты жандар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»