Тәрбие • 25 Маусым, 2018

Әке көрген оқ жонар

618 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қылмысты ашумен, қылмыскерлерді іздестірумен айналысатын тәртіп сақшылары күнделікті жұмыстарында небір қиындықпен бетпе-бет кезігеді. Қандықол қылмыскерлерді дер кезінде ұстап, қылмыстың жедел ашылуына мұрындық болып жүрген олардың еңбегі орасан. Осы орайда біз Қарағанды қалалық ІІБ Оңтүстік-шығыс ПБ криминалдық полиция бөлімшесі бастығының орынбасары, полиция майоры Мұратхан Майлаяқов жайында әңгіме өрбітуді жөн көрдік.

Әке көрген оқ жонар

«Қай жұмысты алып қарасаң да, әрқайсысының өз қиындығы бар. Әсіресе қылмыстық іздес­тіру саласында қызмет ету кез кел­геннің қолынан келе бер­мейді», – дейді кейіпкеріміз Мұрат­хан Оразалыұлы. Себебі бұл қызмет асқан табандылық пен қайсарлықты қажет етеді. Бастап­қыда жедел қызметте жұ­мыс істегісі келіп ниет таны­татын жастар көп болады, бірте-бірте өмірдің ағымымен қызметтің ауырлығына төтеп бере алмай, қатары селдірей береді.

Мұратхан ішкі істер орган­дарындағы қызметін 2007 жылдан Қарағанды қала­сы, Октябрь полиция бөлі­мінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі лауа­зымынан бастады. 2008-2013 жылдар аралығында Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінің жедел уәкілі, ал 2013 жылдан бері қарай Оңтүстік-шығыс полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесі бастығының орынбасары болып қызмет етуде. Мұратхан Оразалыұлының әкесін білетін, көзкөрген аға әріптестері оған «Оразалының ұлы» деп құрметпен қарайды.

«Жақсы әке балаға қырық жыл азық» демекші, Мұратханның әкесі Оразалы Көкманұлы өзінің саналы ғұмырын ішкі істер органдарына арнады. Оның осы адал қызметі мен ісін бірге қыз­мет істеген азаматтар әлі күнге ұмытпайды.

Мәселен, ол кісі Оңтүстік-шы­­­ғыс полиция бөлімі бас­ты­ғы­ның кадр жұмысы жөніндегі орынбасары, поли­ция подполковнигі Ерлан Темірханұлының ұстазы болған екен. «Көп нәрсені маған үйретіп, көрсеткен сол кісі. Ол кезде оң мен солымызды жаңа ғана танып келе жатқан жас қызметкерміз. Әрине, кемшіліксіз адам болмайды. Берілген тапсырмаларды орындау­да қателіктерге бой алдыратынбыз. Сонда аса бір салмақтылық пен төзімділік танытып, өзінің білгенін айтып, жол сілтеп отыратын», – деп еске алады Ерлан.

Оңтүстік-шығыс поли­ция бөлімі бастығының орын­ба­сары болған Оразалы Көк­ман­­ұлы кейін әкімшілік полиция бө­лі­мінің бастығы, ал зейнет­кер­­лікке шығар алдында облыстың ішкі істер департа­ментінде бөлім бастығы болды. Қарап отырғанымыздай, Оң­түс­тік-шығыс полиция бөлімі Майлаяқовтар әулеті үшін сондай ыстық, сондай жақын.

Полиция майоры Мұратхан Оразалыұлының күнделікті қыз­меті құпия іс жүргізу, қыл­мыс­керлерді іздеу, мәйіт­тер­ді анық­тау, қызметті ұйым­дас­­­тыру және бақылау сынды мін­­дет­терден тұрады. Қарама­ғындағы қызметкерлердің жұ­мы­сын қадағалап, оны дұрыс ұйым­дастыру басты міндеті болса, одан бөлек тәжірибесін жас қыз­мет­керлермен бөлісіп, тәлім­герлік қырынан да танылып жүр.

Мұратхан Оразалыұлы тек үлгілі қызметкер ғана емес, сонымен қоса аяулы жар, ардақты әке, бір шаңырақтың отағасы. Жұбайы Аида екеуі Диляра мен Даниал есімді екі баланы тәр­биелеп, бақытты ғұмыр кешуде.

Индира ЕРДАНҚЫЗЫ

Қарағанды