«Бүгінде граффити – бейресми өнер ғана емес, тұтастай мәдени бір бағыт. Бір кездері осындай суреттер заңсыз болып саналған, ал енді оларды Нью-Йорк, Лондон, Париж, Мәскеу секілді әлемнің ірі қалаларында тарихи ғимараттардың қасбеттерінен көре аламыз. Бұл суреттер Астананы ажарландыра түспек», деді Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов.

ASTANA Street Art жобасына қатысатын суретшілер шағын баллондарды, сондай-ақ дәстүрлі қасбеттік бояуларды пайдаланады. Бұл жай граффити емес, нағыз өнер. Суретшілер өз еңбектерін Астананың 20 жылдығына арнап, шығармашылықтары арқылы жергілікті тұрғындарға қуаныш сыйламақ.
«Жас суретшілер үшін бұл – үлкен тәжірибе. Бұл ретте кенептің орнына қалалық ғимараттардың қасбеттерін пайдалану – елес-қиялыңа ерік беріп, қалағаныңды салуға мүмкіндік береді әрі өз суретіңнің Астананың көркін келтіріп, қала тұрғындарына қуаныш сыйлайтынын білесің», деді «Құланшы» қазіргі заманғы өнер орталығының арт-директоры Айгүл Тегжанова.
Жұмыстардың басым бөлігінен қазақ халқының ерекшелігін байқауға болады. Мысалы, Кенесары көшесіндегі №63 үйде киіз үйдің жанында тұрған қазақ қызы бейнеленген. Картина «Ықылас» деп аталады.
Қолына қызғалдақ ұстаған ұлттық киімдегі қыз Республика даңғылы, 34/2 мекенжайында орналасқан үйде салынды.
Қазақ мәдениетінде жылқы мәрттіктің, адалдықтың, сұлулық пен ақылдылықтың белгісі болып табылады. Абай даңғылындағы 67-ші үйде жарқыраған ай мен жылқының басы бейнеленген.
Күйші Дина көшесіндегі 15-ші үйдің қабырғасынан бәйгенің суретін көруге болады. Бұл суреттегі барлық эмоция пішіндер мен түстердің экспрессиясы арқылы жеткізіледі.
Бараев көшесіндегі 6/1 нөмірлі ғимараттан ерекше картинаны тамашалауға болады. 3D әсерімен салынған суретте мегаполистегі өмір бейнеленген.
«Егемен-ақпарат»