Парламент • 25 Маусым, 2018

Сағынтаевтың қатысуымен Ақмола облысының денсаулық сақтау жүйесі талқыланды

354 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін Ақмола облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев №1 қалалық емханада болып, онда жаңа цифрлық технологиялармен танысып, өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Сағынтаевтың қатысуымен Ақмола облысының  денсаулық сақтау жүйесі талқыланды

Мекемені аралау барысында Премьер-Министр жетекші әлемдік өндірушілердің заманауи медициналық жабдықтарының жұмысымен, сондай-ақ «Кешенді медициналық ақпараттық жүйе» жаңа бағдарламалық қамсыздандырумен және Зертханалық ақпараттық жүйемен танысты.

Емхананың бас дәрігері С.Ілиясов Көкшетау қаласы мен Зеренді ауданының жақын маңындағы ауылдарының емделушілеріне өздеріне ыңғайлы уақытта медициналық көмек алуға мүмкіндік беретін электронды анықтамалық және кезек жүйесінің жұмысымен таныстырды.

Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Кисикова «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында өңірде жалпы денсаулық сақтау жүйесін дамыту, сонымен қатар Медициналық ұйымдар желісінің бірыңғай перспективалық жоспары жобасы туралы баяндады. Осы жылдың 5 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аурулар мен өлім-жітім көрсеткіштерінің төмендегені байқалады: нәресте өлімі шамамен 26%-ға, туберкулезбен ауыру — 13,9%-ке, қан айналымы аурулары — 7,4%-ке төмендеді.

Әкімдіктің мәліметтеріне сәйкес, Ақмола облысында 577 денсаулық сақтау нысанының 258-інде медициналық ақпараттық жүйелер енгізілген. Бұдан өзге, осы жылдың қаңтар айынан бастап пилоттық цифрлық жоба аясында электрондық денсаулық паспорттары халықтың 99%-не толтырылды:

  • шамамен 86% немесе 1,35 млн келіп-кетушілерге қызмет көрсетілді.
  • флюротекаларға электрондық кескіндердің 37%-ы тіркелген;
  • электронды форматта науқастық парақшаның 67% жазылды;
  • электрондық рецептер беру бойынша жұмыс басталды.

Аудандық деңгейге дейінгі медициналық ұйымдар 100% интернетпен қамтамасыз етілген. Барлық медицина қызметкерлері компьютерлік сауаттылыққа, ҚР ДСМ ақпараттық жүйелерінде жұмыс істеуге 100% оқытылған. Медициналық ұйымдардың 80%-тен астамы ішінара қағазсыз форматқа ауысқан. Қағазсыз медициналық құжат айналымына көшуден күтілетін әсер: дәрігерге баруды 2 есеге қысқарту; кәсіби тексеру және скринингтер кезінде ауруларды анықтауды 30%-ке арттыру; алдын-ала жазба үлесінің 50%-ке өсуі, жанды кезектерді 50%-ке дейін төмендету.

Облыстың медицина қызметкерлерімен кездесуде денсаулық сақтау жүйесін дамытумен танысу жалғасын тапты. Кездесу барысында халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі және өңірдің денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамыту, дәрігерлерді кәсіби даярлау және олардың МӘМС енгізуге дайындығы мәселелері талқыланды.

Денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесуді аша отырып, Б.Сағынтаев бүгінде денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бойынша көлемді жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Мемлекеттің негізгі басымдығы — қазақстандықтардың денсаулығын қорғау. Үкімет, өз кезегінде, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін реформалау бойынша Президенттің алға қойған бірқатар нақты міндеттерін ерекше бақылауда ұстап отыр. Бұл ұсынылатын медициналық қызметтерді цифрландыру, «қағазсыз ауруханаларға» көшу, сондай-ақ МЖӘ қағидасы арқылы денсаулық сақтау нарығын ырықтандыру және жекеменшік медициналық ұйымдар үшін кедергілерді азайту арқылы саланың тиімділігін арттыру.

2017 жылы жекеменшік сектордың шектеулері алынып тасталды, бірқатар санитарлық нормалар жойылып, қайта қаралды. Бұл денсаулық сақтау саласына салынған жеке инвестицияларды екі есеге 44,2 млрд теңгеге дейін (2016 жылы 23,3 млрд теңге) ұлғайтуға жол ашты.

Бұдан өзге, өңірлік денсаулық сақтау жүйесінің өкілдері бірқатар өзекті мәселелер бойынша сөз сөйледі. Мәселен, облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Е.Мұхамедиев, «Авиценна» ЖШС бас дәрігері — Ж.Туғамбеков, Ақмола балалар облыстық ауруханасының бас дәрігері — С.Ақшалов, «Медикус» ЖШС бас дәрігері — А.Болатова, қалалық емхананың бас дәрігері — Г.Сабатаева мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін жаңғырту, дәрі-дәрмектерді уақытылы сатып алу және жеткізу, сондай-ақ кадрларды дайындау мәселелерін көтерді.

Өз кезегінде, ҚР денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов әріптестерінің сөйлеген сөздеріне пікір білдіре отырып, өңірде денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жөніндегі жұмыстар тиісті деңгейде іске асырылып жатқанын айтып өтті. Атап айтқанда, цифрлық технологияларды енгізу көптеген даулы мәселелерді шешуге ықпал етеді.

Диалогты қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге мұқият дайындық, ұсынылатын қызметтер мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселелері ерекше басымдықта болу керектігін атап өтті.