Аймақтар • 25 Маусым, 2018

Үздік ауыл атанған Арқатта ұлттық үлгідегі су бұрқақ іске қосылды.

1387 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақта «Ауылына қарап, азаматын таны» деген нақыл сөз бар. Ауыл ажары, көшелер келбеті, тұрғын үйлердің тазалығы – елдің елдігін, береке-бірлігін айқындайды, қарапайым халықтың ауызбіршілігін көрсетеді.  

Үздік ауыл атанған Арқатта ұлттық үлгідегі су бұрқақ іске қосылды.

Жақында Арқат ауылдық округінде Абай ауданындағы тазалық жұмыстарының қорытындысы бойынша арнайы семинар өтті. Семинарға Абай ауданына қарасты барлық елді-мекендердің әкімдері қатысты. Қатысушыларды ең алдымен Орда елді мекенінде қарсы алып, осындағы Мамай батыр атындағы орта мектептің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Жұмыс барысы арығарай Арқат ауылындағы Баян Байғожина атындағы клуб үйінде жалғасын тапты.

- Абай елі – қашанда күллі қазақтың қадір тұтар қасиетті мекені, Алаш баласының ұлы Абай мен кемеңгер Шәкәрімнің басына келіп, тәу етіп, тағзым етер киелі жері,-деді Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров,-  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «Қазақ халқының киесі, ары мен намысы, ақылы мен жүрегі – ұлы Абайдың аруағына басымды идім!» деп бағалаған қонақжай ауданымызға жылма жыл Қазақстанның түпкір-түпкірінен, алыс-жақын шет елдерден келуші қонақтар легі толастаған емес. Биыл ауданымыз үшін тарихи кезең. Ұлы ойшыл, философ Шәкәрім Құдайбердіұлына 160 жыл және Ұлылар мекені атанған қасиетті топырақ Абай ауданының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында ауданымызда «Үздік ауыл» аталымы бойынша аудандық байқау өткізуге шешім қабылдаған едік. Соның қорытындысында осы  Арқат ауылы үздік атанды.

Семинарда «Үздік ауыл» аталымы бойынша  1-ші орынды иеленген Арқат ауылына  700 мың теңгенің сертификаты табысталды. 2-орынға Абай мен Мұхаң туған өңір, Қасқабұлақ ауылы көтеріліп, олар 500 мың теңгенің сертификатын қанжығаларына байлады. Ал 3-ші орын  Кеңгірбай би ауылдық округінің еншісіне тиді, сертификаты 300 мың теңге.

-Арқатымызға берілген сыйлық-сертификатты біз тек қана халық игілігіне жұмсаймыз,-деді ауыл әкімі Ардақ Өміртаев,-қаражаттар ауылдық округтерді абаттандыруға орай бюджетке түсіп, жеңімпаз ауылымызды арығарай көркейтуге, көріктендіре беруге жұмсалмақ. Біз бұл көрсеткішке үлкен еңбек пен ұйымдастырушылықтың арқасында жеттік. Аудан басшысы Жарқынбек Байсабыровтың тапсырмасына орай ағаш және гүлдер отырғызылды. Мектеп, емхана, мәдениет үйі, дүкендер, тұрғын үйлердің сыртқы келбетін сәулеттендірдік. Ауылға апаратын жолдарды жөндеп, көшелердің  жағдайын реттеп, тазалығына ерекше мән бердік.  

Расында да 1-ші орынды иеленген Арқат ауылдық округі, барлық талаптардың орындалғанымен ерекшеленді. Осыған орай ауылдың дәл ортасында «Туған жерге тағзым» жобасына байланысты ұлттық үлгідегі су бұрқақ пен балалардың ойын алаңы, осы Арқатта мектепті үздік оқып, бітірген жерлесіміз, айтулы ақын Бауыржан Жақыптың бір ауыз өлеңімен іске қосылып, тұсауы кесілді:

-Біздің ауыл таулардың бөктерінде,

Көкірегі көктейді көктемінде.

Қазағымның дарыған кеңпейілі,

Ей, жолаушым, соға кет өткеніңде.

Біздің ауыл дастархан жайған ауыл,

Түн баласы малына айқара ауыл.

От ойнатып, ошақта шай қайнатып

Мейман келсе, марқасын сойған ауыл!

Балалардың ойын алаңы мен су бұрқақтың ауласында Арқаттың абыз ақсақалдары Сайлау Айдарханов пен Тілеуғали  Смағұловтар келген жастарға, жиналған қауымға ақ баталарын берді. Кішкентай балақайлардың қуанышында шек болмады. Ақжаулықты әжелеріміз шашу шашты. Арқат ауылы бір көркейіп қалды. Айтулы шараға Абай ауданының халқы түгелдей белсене қатысты.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,

суреттер автордыкі.

Шығыс Қазақстан облысы

Абай ауданы