2015 жылдың қараша айында Астананың арнайы экономикалық аймағында қоныс тепкен кəсіпорын іске қосылғанда, отандық БАҚ-тар жарыса сүйінші сұраған еді. Сүйінші сұрайтындай жөніміз бар. Бас қаладағы кәсіпорын – Қазақстан ғана емес, Орталық Азияда баламасы жоқ бірегей зауыт. Елордадағы зауыт еліміздің қорғаныс өнеркәсібі көшбасшыларының бірі саналады. Оның ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысып, шығарылатын өнім түрлерімен танысқаны есімізде.
«Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС – Қазақстан мен Оңтүстік Африка Республикасы компанияларының бірлескен кəсіпорны. Неліктен басқа емес, ОАР компаниясымен тізе қостық деген заңды сұрақ туындауы мүмкін, оған сəл кейінірек тоқталамыз.
Сарбаздардың сенімді серігі
Броневиктердің іші-сыртын шолып шыққаннан кейін «отқа салсаң жанбайтын, суға салсаң батпайтын» дейтіннің нақ өзі осы шығар деген ойға келесің. Қорғаныс саласына, ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жəне төтенше жағдайларда кəдеге жарайтын техникалық сипаттамаларына қарап-ақ білуге болады. Мәселен, «Арлан» – MRAP типті, минаға қарсы күшейтілген қорғанысы бар броньды дөңгелекті машина. Астыңғы бөлігі V пішіндес етіп жасалғандықтан, ішіне жарықшақ өткізбейді жəне жарылыс толқынын əлсіретеді, жауынгерлер берік қорғалған деуге болады. Корпусының кез келген жерінен, дөңгелектің астынан эквиваленті 8 кило тротильге тең жарылысқа, екі бүйірінен 5 метрден қашықта жасалған эквиваленті 50 кило тротильге тең соққыларға төтеп береді.
Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов бұл броневик туралы:
– Беделді Top Gear журналы бұл броневикке «әлемдегі ең арынды машина деп баға берді. Жарып жіберуде және торуылдан шабуылдау кезінде қорғанысы күшті машиналар технологиялық тұрғыда дамыған бірнеше мемлекетте ғана өндіріледі. Бұл қатарда Қазақстанмен қатар АҚШ, Германия, Польша, Израиль, Оңтүстік Африка Республикасы және Түркия кіреді, – деген болатын.
Салмағы 16 тонналық «Арлан» сағатына 100 шақырым жылдамдықпен жүйткиді. Дөңгелегі зақымданған жағдайда 70 шақырым жерге, яғни қауіпсіз аймаққа дейін бара береді. «Арланның» шиналарын ресейлік «Камаз» компаниясы әзірлейді екен. Жəне бір айта кетерлігі, климаты ыстық ОАР компаниясының технологиясы бойынша жасалса да, Қазақстанның климатына бейімделген, -50, +50 ауа температурасында мүлтіксіз жұмыс істейді. Екі жыл бұрын «Армия – 2016» халықаралық әскери техникалар форумына алғаш қатысқан «Арлан» тактикалық-техникалық сипаттамалары бойынша ресейлік броньды көліктерді жолда қалдырған болатын.
Бүгінгі таңда еліміздің Қарулы күштерінде 4х4 дөңгелек базасы бар 60 «Арлан» бар екенін атап өту керек. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, келер жылы тағы 30 броневик қатарға қосылады деп жоспарланып отыр екен.
Өткен жылдың соңында Тұңғыш Президент күніне орай «Арланның» қатарына «Алан» қосылды. Көп мақсаттағы броневик әртүрлі міндеттерді атқаруға, мәселен, құқықтық тәртіпті сақтау, арнайы жасақ және айрықша әрекет ету тобының операциясына, ішкі қауіпсіздікке, шекараны шолғындауға және қарулы қақтығысты жоюға арналған. Ішіне 10 адам емін-еркін сыяды. Басты артықшылықтарының бірі – қарапайым көліктер жүре алмайтын жолдарда сағатына 160 шақырым жылдамдықпен еркін жүйткиді. Бұл – отандық әскери техника құрастырушы компанияның израильдіктермен бірлескен жобасы. Көлік басынан бақайшағына дейін броньдалған, 7,62 калибрлі оқ та тесіп өте алмайды. Бір сөзбен айтқанда, нағыз НАТО-ның стандарты.
Компанияның бас директорының орынбасары Көбей Жаңбыршы:
– «Алан» броньдалған көліктің негізгі ерекшеліктері – ол қорғаныс деңгейі STANAG стандарты бойынша 3-ке жатады. Сонымен қатар мобильді, жылдам көлік. Көлікті бізге тапсырыс берушілердің талаптары бойынша барлау қызметіне, жауынгерлерді тасымалдау қызметтеріне арнап шығара аламыз, – дейді.
Кəсіпорынның тағы бір мақтанышы, шетелдік мамандар тарапынан жоғары бағаға ие болған көлік – «Номад» (4х4). 4х4 деген дөңгелектерінің санын білдіреді, осы цифрға қарап классификациясын білуге болады. «Номад» торуылда жəне ашық алаңда тойтарыс беруге арналған техника. Əсіресе, қалалық жерлерде арнайы операциялар орындауға өте ыңғайлы. Ал 8х8 «Барыс» болса баллистикалық шабуылдарға төтеп береді. Салмағы 19 тонна, жылдамдығы сағатына 100 шақырымнан асады. 7,62х54 RP калибрлі броньбұзғыш оққа, эквиваленті 14 кило тротильге тең жарылысқа шыдас беретіні тексерілген. Ол түрлі климаттық жағдайларда, кез келген тəулік мезгілінде, жолсыз жерлерде тапсырмаларды орындауға арналған. Осы аталған көліктерге қойылатын ең басты талап – жауынгерлердің өмірін сақтауға ықпалы.
Бұл бронекивтер, біріншіден, сенімді. Сарбаздардың қауіпсіздігі үшін əлемдегі ең сенімді көлік түрі саналады. Екіншіден, жылдамдығымен ерекшеленеді. Басқа көліктер жете алмайтын жолсыз жерлерге, шыға алмайтын биіктерге салыстырмалы түрде жылдам жетеді. Үшіншіден, командалық басқару өте жеңіл. Ол үшін заманауи навигациялық құралдар қолданылады.
Не үшін ОАР таңдалды?
Астанадағы кəсіпорында шығарылатын броньды көліктердің барлығы MRAP типтес. Ғаламтор ақтарып отырып MRAP – ағылшын тілінен аударғанда жарылысқа, торуылдан жасалған шабуылға төзімді деген мағына беретін сөздердің бас əріптерінен құралғанын білдік. Ең алғаш мұндай машиналарды ОАР 1980 жылдары Анголадағы, Намибиядағы əскери іс-қимылдар кезінде пайдаланыпты. Сыртқы түрі ебедейсіз, сұрықсыздау көрінгеніне қарамастан, тəжірибе жүзінде олар бұрынғы техника түрлерінен əлдеқайда тиімді болып шыққан. Кейінірек, Ирактағы соғыс кезінде АҚШ ОАР-дың тəжірибесін алуға мəжбүр болды. Жеке құрам мүшелерінің қазасы жиілеп кетуіне байланысты, Пентагон тез арада табаны V пішіндес MRAP машиналарына тапсырыс беріпті. Осылайша, күн сайын ондаған жауынгердің денесін елге табытпен қайтарып жүрген АҚШ əскеріндегі жағдай жақсарған.
Ирактың Ахбар провинциясындағы теңіз жаяу əскері командирінің мəліметінше, 2006 жылы MRAP ішінде бірде-бір жауынгер өлім құшпаған екен. Уақыт өте келе АҚШ-тың əскери колоннасына, жеке автокөліктеріне жасалатын шабуылдар да азайып кеткен, себебі оны тоқтату, өртеп жіберу мүмкін емес еді. Ақыр соңында АҚШ сарбаздары MRAP-тан басқа көлікпен базадан шығудан бас тартыпты. MRAP типтегі машиналар əскери құрамды ғана емес, VIP тұлғаларды түрлі қауіпті аймақтар арқылы тасымалдауда таптырмайды.
Елордадағы кәсіпорынға техникалық мамандарды тарту оңай болмапты. Себебі қойылатын талап жоғары. Зауыттағы техник мамандардың арасында «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген жастар да бар. Жұмыскерлер ОАР-дағы зауыттарда тəжірибеден өткен. Кəсіби біліктілікті айтпағанда, еңбек шартында көрсетілген талаптарды орындауға да ерекше мəн беріледі. Себебі түсінікті, əскери техника шығаратын зауыт стратегиялық нысан саналады. Машиналардың жасалу технологиясы құпия ұсталуға тиіс.
Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Атамқұловтың айтуынша, бірлескен зауыттың өнім өндіру барысында қазақстандық үлес жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Мәселен, бір ғана «Арланды» жасаудағы жергілікті үлес 70 пайызды құрайды екен. Қозғалтқышы, дөңгелектері және блок-панелі ғана шетелдік зауыттарда тапсырыспен жасалса, байланыс құрылғылары, орындығы, резеңке бұйымдар, ұрыс модулі, тепловизор, бақылау аспаптары сынды қалған толып жатқан бөліктері түгелдей өзіміздікі.
Таяуда елордада өткен «KADEX-2018» халықаралық көрмесінде «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС алдағы жаңа буындағы броньды дөңгелекті машиналарын көрсетті. Бұдан бөлек аэроғарыш және әскери-теңіз күштеріне арналған көп мақсатты қару-жарақ жүйелері де назарға ұсынылды. Кәсіпорын «Барыс» броньды машинасының 6х6 және 8х8 дөңгелекті үлгі-лерін, сонымен қатар 4х4 дөңгелекті «Арлан» және «Алан» броневиктерін қызыға тамашалағандардың қатары көп болды. Осы көрме барысында елордадағы бірлескен зауыт 4х4 дөңгелекті формуласындағы «Арлан» броньды машинасына жаңа тапсырыс алды. Жылына 200 техника шығаратын зауыт алдағы уақытта тапсырыс көлемін ұлғайта түсуге тиіс.
«Қуатты қару – азды көппен, əлсізді мықтымен теңестіреді» депті бір данышпан. «Бейбітшілікті қаласаң – соғысқа дайын бол» деген де қанатты сөз бар. Бүгінде Қазақстанның бейбіт ел екенін төрткүл дүние түгел біледі. Дегенмен, өзге елдермен терезе теңестіріп, тең атаның ұлындай сөйлесе алу үшін мықты əскери техника мен мығым сарбаздардың қажет екені тағы рас. Оның үстіне, біз тілге тиек еткен əскери техникалар – бейбіт мақсаттағы тапсырмаларды орындауға да таптырмайтын көмекші. Əскери техника өндірудің экономикалық пайдасы туралы да сөз басында айтып өткенбіз. Олай болса, əскери техника өндіретін елордалық кəсіпорынның орны бөлек.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»