«Алжернонға арналған гүл» – әлемге ақыл-есі кем жігіттің көзімен қарап, оның жан сарайына үңілтетін тебіреніске толы шығарма. Роман күнделік түрінде жазылған. Шығармадағы басты кейіпкерлердің прототипі автордың өмірінен алынған. Чарли Гордон деген 32 жастағы жігіт ақылды болуды армандайды. Жанына жалау болар дос іздеп, жақсылықтан үміт үзбейді. Күндердің күні адамның ақыл-ойын операцияның көмегімен дамытуды көздеген білікті дәрігер-ғалымдарға тап болып, өзіне тәжірибе жасауына көнеді. Бастапқыда орфографиялық, пунктуациялық қатеден аяқ алып жүре алмайтын оның жазбалары бірте-бірте сауатты болып, мазмұны да тереңдей түседі. Әйтсе де «ақылды болсам, досым да көп болады, өмірім гүлденеді» деп күткен Чарлиде бәрі керісінше болады... Бір деммен оқылатын шығарма жанарыңа мөлдір моншақтар тізіп, жаныңды мұңға бөлейді.
Иә, бұл кітаптың қазақшаға аударылып шығуы да оңайға соқпаған. Басты кейіпкері Чарлидің тағдыры секілді бұл шығарманың да жолы ауыр болыпты. Баспа өкілдері үш жыл дегенде автор құқығын әрең алған. Аударма жұмыстары да біраз уақытты алыпты. Сонымен аталған баспаның бес жыл бойғы еңбегінің арқасында Дэниел Киздің «Алжернонға арналған гүлі» қазақ оқырмандарына жол тартып отыр. Аударған – ақын Дәурен Берікқажыұлы. «Бұл аударма басқа аударма кітаптарына қарағанда тым ауыр болды. Өйткені кітап ақыл-есі кем баланың күнделік іспетті баяндамасы арқылы берілген. Орфография, пунктуация заңдылықтарын білмейтін бала сөзді қалай естісе, солай жазуға дағдыланғандықтан, алғашқы тарауларды оқу оқырмандарға қиын соғатыны белгілі. Шығарма ақыл-есі кем балалардың мехнатты тағдырына қоғамның назарын аудару мақсатында жазылған. Америкада бұдан 50-60 жыл бұрын жарық көрген кітаптың әлі күнге дейін өзектілігі артпаса, кемімегендігі көп жайттан хабар берсе керек», дейді аудармашы.
Айта кетейік, кітап Allur автокөлік компаниясының қаржыландыруымен қазақ тіліне аударылып, басылып отыр. Аталған компания 1 000 дана кітапқа 5,5 млн теңге бөлген. Енді жаңа шығарма Алматы облысының мектеп кітапханаларына таратылады.