Италиялық ғалым наурыз айында жасалған алғашқы операциядан кейін-ақ өскемендік әріптестерінің еңбегіне жоғары баға беріп, олармен бірге жұмыс істегенін мақтан тұтатынын жазған болатынбыз. Профессорға ассистент болған хирург Ринат Мұздыбаев нефрэктомия операциясын бұл жолы ешкімнің көмегінсіз, өз бетімен жасап шықты. Жас хирург Германия мен Италияда арнайы тренингтерге қатысып, профессордан дәріс алып келген-ді. Роботты хирургия ең алдымен ұжымдық жұмыстың нәтижесі болғандықтан, екі медбике де білімдерін ұштап қайтқан-тын.
«Біз бүйректі лапароскопиялық әдіспен сылып алып тастауды бұрыннан меңгергенбіз. Ал 64 жастағы зыряндық пациент клиникаға жедел жәрдем көлігімен, ауыр күйде түсті. Бұл кісі бізге бұрын да бірнеше рет келгенімен, диагноз қоюда қиындық туған еді. Бүйрегінде қатерлі ісік бар болып шықты, көп қан жоғалтты. Науқастың өмірін сақтап қалу үшін роботталған жүйемен операция жасауды дұрыс деп шештік. Өйткені бұл технология пациентке қауіпсіздеу. Нәтижесінде метастаза болмас үшін кеселді бүйрегін қасындағы тіндерімен қоса сылып алып тастадық», – дейді жас хирург.
Қазір сауығып, үйіне шыққан науқас онкологиялық диспансерге тіркеуге алынған. Ринат Мұздыбаевтың сөзіне қарағанда, роботты хирургия жүйесінің мүмкіндіктері шексіз. Ол әсіресе күрделі операцияларды жасауда аса тиімді. Жас хирург алдағы уақытта простатэктомияға (қуық асты безіне) операция жасауды жоспарлап отырғанын айтады. Қазір роботты жүйені дәл осы операцияны жасау үшін қалай басқару қажеттігін Стефано Джидаромен ақылдасып жүр. Оның айтуынша, осындай технологиямен жасалған операция кезінде ағзаның қиын тұстарына бару, органды жан-жағынан қарау мүмкіндігі операцияның сәтті өтуіне тікелей ықпал етеді. Өйткені роботтың басқаруындағы «хирургтің қолдары» ешқашан шаршамайды, қимылы мүлт кетпейді.
«Профессор Стефано Джидаро біздің дәрігерлерге үнемі шеберлік сабақтарын жүргізіп келеді. Былтыр біз төрт маманды оқытқан едік. Биыл сонымен қатар гинекология, жалпы хирургия, онкология, таракальді хирургия салаларындағы мамандарды қосымша жібермекпіз. Жыл аяғына дейін аталған құрал-жабдықта операция жасайтын 6-7 хирургті дайындасақ дейміз. Сонда роботталған жүйені барынша кең қолдануға мүмкіндік туады. Оның үстіне хирургтерге симуляциялық орталықта алдағы операцияларға дайындықтан өтуге жағдай жасалған. Олар осындағы құрал-жабдықтардың көмегімен машықтарын ұштап үйренеді», – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов.
Миландық доктор біздің ескі танысымыз. Наурыз айының соңында елімізде роботталған жүйені қолданған тұңғыш хирургиялық операцияны өскемендік хирургтер Стефано Джидароның көмегімен жүзеге асырғаны белгілі.
«Мен әлемнің әр елінде, Америкадан Жапонияға дейін дәрігерлерге аталған технологияны клиникаларда енгізуге қолдау көрсетемін. Клиникалық тәжірибенің дамуын қадағалаймын. Өскеменде, сіздердің бірегей әрі сәнді орталықтарыңызда жергілікті докторлармен кейбір урологиялық операцияларды әлемде тұңғыш рет қолға алудың тамаша мүмкіндіктері бар. Олардың кейбіреуін тіпті де жеңіл деуге келмейді. Сол себепті бұл компания үшін де, клиника мен пациенттер үшін де аса маңызды сәт. Сіздердің тәжірибелеріңізді ғылыми мақалаларда көрсеткен сәттен бастап, осы технологияны қолданатын басқа клиникалардың барлығы да өз қызметтерінде алдымен сіздердің еңбектеріңізге сүйенетін болады. Осылайша клиникалық және ғылыми белсенділікті арттырудың нәтижесінде жалпы денсаулық сақтау саласында емдеудің сапасы жақсарады», – дейді Стефано Джидаро.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шорановтың түсіндіруінше, мұндай ғылыми мақалалар бір-екі күнде жазылмайды. Оның клиникалық, сараптамалық негіздері болуы керек және бұл ұжымдық еңбек болып табылады. Стефано Джидаро – Еуропа урология ассоциациясының белді хирургі. Дәл осындай кәсіби маманмен жұмыс істеу біз үшін үлкен мәртебе. Шетелдік ғалым бізге тәжірибемізден дұрыс қорытынды шығаруға көмектесетін болады. Мақаланы медициналық басылымдарда жарияламас бұрын оған лицензия алу керек, көптеген комиссия мен қарсыластардың бағасы қажет, ал еңбек 2-3 айдан бастап 10-11 ай аралығында жарық көруі мүмкін.
Профессор Стефано Джидаро танымал хирург болғанымен қатар, Миландағы «ТransEnterix» фирмасының хирург кеңесшісі қызметін де атқарады. Сол себепті роботталған жүйенің алдағы уақытта жетілдіре түсуді талап ететін осал тұстарын жақсы біледі. Өскемендегі роботталған хирургия орталығы дәл осы фирманың құралдарымен жабдықталған.
«Біздің жүйе басқа кез келген технологияларға бейімделуге немесе басқаларымен бірлесіп істеуге бейім. Мысалы, жарықты қолдану әдісі басқа бірде-бір камерамен көруге болмайтын нәрселерді байқауға мүмкіндік береді. Қазір жүйені жетілдіре түсуді ойластырудамыз, әлемге диамерті 3 миллиметр құралдармен жұмыс істеу мүмкіндігін берсек дейміз. Бұл аспаптарды әсіресе балалармен жұмыс істегенде қолданған ыңғайлы», – дейді кеңесші ғалым.
Аймақ басшысының қолдауымен Өскемен қаласында ашылған роботтандырылған хирургия және трансплантология орталығы – денсаулық сақтау саласындағы инновациялық қадамның жаршысы. Орталықты ашқандағы мақсат – диагностика мен емдеудің инновациялық әдістерін енгізу. Нәтижесінде облыс тұрғындары жоғары технологиялы медициналық қызметке қол жеткізді. Ерекше клиниканың қызметі ғылым мен білімді, клиникалық емдеуді ұштастыру арқылы жүзеге асады. Енді шығысқазақстандықтарға ат арытып, Астана мен Алматының ғылыми орталықтарына барудың қажеті жоқ. Керісінше, бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінен науқастар осындағы орталықтың қызметін пайдалануға өтініш білдіруде. Қазірдің өзінде 40-тан астам операция жасалыпты.
Орталықта 3 755 млн теңгеден астам қаражаттың диагностикалық, оңалту және басқа да жабдықтары орнатылғанын айта кеткеннің артықтығы жоқ.
Айна БӘКІМБАЕВА
Шығыс Қазақстан облысы