Аймақтар • 29 Маусым, 2018

Аудиториядан – өндіріске

285 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің агротехнология факультеті зоотехнология, генетика және селекция кафедрасының студенттері енді өңірдегі Орловка ауылында орналасқан «Победа» серіктестігінде оқып, білім алады. Осы жерде агротехнология факультетінің филиалы ретінде жұмыс істейтін «Ауыл шаруашылығы мамандықтарына арналған дуалды білім беру орталығы» серіктестік директоры Александр Поляков пен факультет деканы, профессор Тоқтар Бексейітовтің бастамасымен ашылды. 

Аудиториядан – өндіріске

Орталықтың ашылуына, елі­міз­­дің Ауыл шаруашылығы министр­лігінің «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының» білім беру департаментінің директорының мін­детін атқарушы, профессор Бақыт Насыр­ханова қатысты. 

 – Бүгінгі күннің талабы – білім, ғылым және өндірісті ұштастыру. Ауылда аграрлық оқу орталығының ашы­­луы өзгелерге де қажет деп ой­лай­мын. Жастарды ауыл шаруа­шы­лығы саласына еңбек етуге ша­қыруымыз үшін осындай жақсы бас­та­малар, өркениетті жобалар жасауы­мыз керек, – дейді Б.Насырханова. 

Оқу орталығында жыл бойы 10-15 студенттен тұратын топтар білім алады. Оқу барысында теориялық бі­лім беру үрдісіне оқытушылар да қатысады. Тәжірибелік жағынан кә­сіп­­орын мамандары үйретеді. Сту­­­д­енттер үшін тұрмыстық жағ­дай жа­сал­­­ған, сыныптар дайын, жатақ­хана да бар. 
Факультет ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен өндіру саласына мамандар даярлайды. Бұл күндері осы мақсатқа сай факультетте 50-ден аса ғалым қызмет атқаруда. 

Серіктестікте ашылған «Дуалды оқыту» жүйесі студенттердің оқу орнында алған теориялық білімдерін іс жүзінде шаруашылықта жүзеге асыруларына мүмкіндік береді. Биыл факультет пен серіктестіктің бірлескен бастамасымен 2, 3 курс сту­денттері сәуір айынан бастап тәжірибелік сабақтардан өтті. 

Алдымен кәсіпорын орталыққа бері­летін ғимаратты күрделі жөн­деуден өткізді. Студенттерге ар­налған оқу бөлмелері, жатын орындары, тәлімгерлерге арналған орын­дар жасалды. Енді міне, ор­талықта «Мал шаруашылығы өнім­дерін өндіру технологиясы» мамандығы бойынша білім алған соңғы курс студенттері дипломдық жұмыстарын қорғады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Қайырболат Байсаринов, профессорлар Сағадат Стамбеков, Қайы­ролла Ақажанов және Рахметолла Ақылжанов мемлекеттік аттестаттау комиссиясының мүшелері бол­ды. Студент Яна Куделько «Сим­ментал тұқымды сиыр сүтінің тех­нологиялық құрамы мен сапасы» тақырыбында диплом жұмысын қор­ғап шықты. Ал Асылтас Құ­сайынов қырдың қызыл және симментал тұқым бұқашықтарының өсіп-өнуі мен жетілу ерекшеліктері, Күлай Нұр­ғалымова жас төлдерді өсіру тех­нологиясы, Арайлым Отарова қыр­дың қызыл сиырының сүт құрамындағы соматикалық жасушалар мөлшері, Галина Певень әртүрлі азық қоспасы түрлерінің ме­киен-тауықтардың өнім сапасына әсері, Сания Чумарова құс фабрикасында азықтандыру рациондардың әртүрлі түрлерін қолданған кезде, тауық бройлерлерін өсірудің бүкіл кезеңдегі өнімділік көрсеткіштері туралы жазған еңбектері жайлы баян­дап, сұрақтарға жауап берді. 

– Агротехнология факультеті зоо­технология, генетика және селекция кафедрасының студенттеріне арналған ауылда ашылған орталық үшін серіктестік басшылығына ал­ғысын айтады. Біздің оқу орнының өңірдің ауыл шаруашылығы саласы үшін бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауға мүмкіндігі толық жетеді, – деді университет проректоры Нұржан Ержанов.

Қа­зір кафедрада «Ірі қара малды асыл­дан­дырудың эмбрион трансплантациясы әдісі» де оқытыла бастады. Бұл «По­беда» шаруашылығында дуал­ды білім алуға келген студенттерге де үй­ретіледі. Яғни осы әдісті облыс фер­мерлері де жүзеге асыра алады. Кафедрада мамандандырылған және арнайы сертификацияланған сүт сапасын тексеретін, жемазық­ты талдау, мал қанын зерттеу­ сияқ­ты бірнеше зертхана бар. Бі­лім және ғылым министрлігінің қар­жы­ландыруымен кафедрада бірқатар жоба қолға алынды. Бұл студент жас­тарды ауылшаруашылық саласына, ғылымға қарай бет бұруға ынталандырады. Бұл күндері зоотехнология, генетика және селекция кафедрасы дайындайтын мамандарды өңірдегі «Рубиком», «Үштерек», «Победа», «Галицкое» се­ріктестіктері, Өскемен, Макинск, Шар­бақты, Қызылжар құс фабрикалары асыға күтеді. 

Кәсіпорын жаңашыл технологиялар мен заманауи құралдармен жұмыс істеуде. Мал азығын әзірлеу үрдісі толық автоматтандырылған. 
– Бизнес пен жоғары оқу орындары ауыл шаруашылығына қандай мамандарды даярлау керек екенін жақсы біледі. Бәсекеге қабілетті білікті мамандарды бірлесіп даярлау нақты жоспарға айналды. Ауыл шаруашылығына жоғары өнімді жаңа техника, жаңа өндірістік технологиялар келуіне орай, жаңа ма­­мандық иелері қажет. Өйткені бұ­рынғы егін, мал шаруашылығы мамандықтары қазір түрлі өзгеріске ұшырағаны белгілі. Яғни бүгінгі ауыл шаруашылығы мамандарының мін­деттері де, жұмыс ауқымдары да жаңаруда, – дейді ғалым Т.Бек­сейітов. 

 Ауылға қазір өз кәсібін теория­лық және практикалық тұрғыдан білетін жас мамандар аса қажет. Мы­салы, «Победа» ЖШС-тегі тауар­лы-сүт фермасында ірі қара басы, сауын сиырлары жыл сайын кө­беюде. Заманауи үлгіде салынған фер­маға жылы еден төселіп, авто­маттандырылған «Елочка» сауу қондырғылары орнатылыпты. Даяшылар мен жұмыскерлер үшін жуынатын бөлмелер бар. Тәулігіне төрт сағатта 500 бас сиырды сауу мүмкіндігі бар. Күн сайын облыс орталығындағы «ФудМастер» компаниясына 10 тонна сүт жеткізіледі. 

Серіктестікте бүкіл тұрғындар жұмыс істейді деуге болады. Орлов­ка ауылының әлеуметтік жағдайы да серіктестікпен бірге өсіп-өр­кендеп келеді. Мұнда тұрғындар қаладағыдай өмір сүреді. Қысқы, жазғы спорт алаңдары, бас­сейн, сауда үйі, мәдениет үйі, қоғамдық монша жұмыс істеп тұр. Жұмысшыларға арналған тұрғын үйлер салынуда. Жастарға ар­налған жатақхана да бой көтерді. Серіктестік басшысы А.Поляков айт­қандай, ауылда өмір сүру, ауылда еңбек ету беделін мемлекеттік деңгейге көтеру қажет. Жастардың ауылда қалуы үшін мемлекеттік гранттарды көбейтіп, тұрғын үйге пайызсыз несие беруі әбден қажет-ақ. 

– Еліміздегі шағын және орта бизнесті дамытуға көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесінде кәсіпкерлік саласы да дамуға қол жеткізуде. Ауыл шаруашылығына бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарлама да бар. Жаңадан ашылған дуалды білім беру орталығына келген студенттер көп нәрсе үйреніп, өз мамандықтарына сай еңбек нәтижесін көре алады. Біздің ауылға келіп, еңбек етемін деген адамға, әсіресе жастарға мүм­кіндік мол, – дейді А. Поляков. 

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан» 

Павлодар облысы, 
Шарбақты ауданы,
Орловка ауылы