16 Желтоқсан, 2011

Елбасын Жаратқан Иеміз қазақтың пейіліне берген

392 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Егемендігіміздің ақ таңы атып, ұлан даланың абырой-даңқы асқақтап, мерей­тойымызға әлемді таңғалдырған табыс­тар­мен келіппіз. Жиырма жыл... Жиырма жыл көп пе, аз ба?! Қазіргі алпауыт деген елдердің өрк­ен­деу жолына үңілсек, әрине, өте аз... Бү­гінгі ұрпақ біле бермейді, алғаш Кеңес Одағы құлап, оның құрамындағы елдер өз бетімен жан-жаққа тарағанда: «Енді не болдық, қайда барамыз?» деген зарлы сұрақтардың туғанына мен куәмін. Менің елім қысқа уақыт ішінде ертегілерде ғана кездесетін биікке көтерілді. Туған ел, оның басындағы Елбасымыз сыртқы «көзді» былай қойғанда, ішкі «көзінің» де салмағын, ауыртпалығын көтеріп, кедергілерді аттап өтіп, алдыға қадам басты. «Қазақстанға егемендік күрес жолы­мен келген жоқ, Кеңес өкіметі бейбіт жолмен қалай құласа, Тәуелсіздік те бізге солай келді» деген ұшқары пікірлердің, сөздердің айтылғаны, айтылып жүргені рас. Бір сәт тарих беттерін парақтай­ық­шы... Көшпелі ата-бабамыз, Атырау мен Алтай, Есіл мен Ертіс арасындағы алып сахараны намысы қайнағанда «ереуіл аты­ның» терімен, «егеулі найзаның» ұшы­мен, ашуы сабасына түскенде, алмас қылышынан да өткір Қазыбек бише тол­ғасақ: «Жеріміздің шетінен жау баспасын деп, Найзаға үкі таққан елміз», деген сесті сөзімен де елін қорғаған. Қорғай отырып, артындағы ұрпағына мұра, аманат етіп қалдырған. Тіпті, сол бабалардың Шоқанша айтсақ «Бай ауыз әдебиетінің» өзінен азаттықты аңсау, отарлау бұғауын талқандау, ерлік пен өрлік, батырлық пен батылдықтың найзағайдай жарқылдаған қаһарлы дауысы естілмей ме?! Оған эпос­тық жырларымыз куә. Оларды тіпті, ха­лық ой-санасынан туындаған арман-шежіре десек, кім шүбә келтірер? «Ал­па­мыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын» сынды жырларымызда, халқымыздың қалмақ­тар­мен күресі, отаршылдардан елін, жерін қорғауы көрінбей ме?! Әрине, дәл Алпамыстай, Қобыландыдай батырлар болмаған шығар, дегенмен қиял қайнары шындыққа ұласып, қалмақтарды жерімізден желкелей қуған Қабанбай, Бөгенбай, Дәулетбайлардың ерлігін бүгінгі азат ұрпақ, жасампаз ұрпақ ұмытпақ емес. Күрес тек қан төгу ме? Қан төгу иманды, мейірімді ата-бабамның, Бұла­най­дай асқақ та биік тұлғасына, Бура­бай­дың «сексен көліндей» мөп-мөлдір, таңғы шықтай аппақ сезімдеріне жараспас еді. Ұрпағын асыл сөздің дәнімен, аталы сөздің нәрімен, алдаспаннан да өткір тіл арқылы күрескен Ақтамберді, Асан, Қаз­туған мен Шалкиіз сынды «дала фило­соф­тарының», «Зар заман ақындары» Дулат, Мұрат, Шортанбайлар мұрасы бұған дәлел. Қазақ төріне жатты жақын көріп шығарып, бір дәнін қақ жара бөліп, қиын-қыстауда қасынан табылып, достық ниет білдірсе де бастарын имеген, жауларына жығылмаған, қол қусырып алдарына құ­ла­маған, ешқашан да құлдық қамытын кимеген. Сонау ХІХ ғасырдан-ақ сахараға ағыл­ған басқаның зиялысын да, зияндысын да ойландырған бір сұрақтар болған. «Алып сахара, шеті мен шегіне көз жетпейді, не түрмесі, не соты, не сақшысы жоқ, сонда бұлар қалай өмір сүреді, неге бағынды, мамыражай тыныштықты қалай ұстап тұр?! Әлде, күндіз-түні тынбай шырқа­лып жататын әні мен күмбірлеген дом­бырасының үніне бағына ма?!» – деп, таңғалған. Қазақтың бір ауыз аталы, кесімді сөзге бағынатынын, бір ауыз сөздің шешім болатынын келе-келе түсінген. Ата-бабамыз еркіндік, азаттық үшін керегінде қолына қару да алған. Кенесары мен Исатай, Сырымдар, 1916 жылғы ұлт-азаттық күрестің батырлары, тере берсек, бұл тізім ұзара берер еді... Бергі тарихты екшесек, кешегі Же­л­тоқсан оқиғасы әлемді дүрілдетіп, қызыл империяның іргетасын дірілдетіп, азат­тық­тың қанға бөккен ақ туын желбіретті емес пе?! «Қазақтар момын, қой сияқты жуас, көнбіс халық» дегенді өзгені былай қой­ып, өзіміз айтамыз. Мен бұл сөзді жү­рек­сіз, сезімсіз, Абай мен Мұхтарды, Нұр­сұл­тандай ұлдарды дүниеге әкелген ұлы халықты бағаламау әрі оны қаралау мақ­сатында айтылған сөз деп айыптаймын. Халқым қит етсе қанжарын ойнатып, оғын арқадан кезейтін кекті халық емес. «Дастарқанымнан дәм татып еді», «көрші ақысы тәңір ақысымен бірдей», «мың жылдық құдам еді» деген ұстанымды өмірінің нұрлы шырағы етіп, телісі мен тентегін де, жат пиғылдыларды да ақыл мен сабырға, иманға, ізгілікке бөлген бейбітшіл халық. Шеті мен шегі жоқ алып сахарасындай пейілі кең, жан дүниесі таза, дүние мен малыңды «сүйінші» үшін лақ­тырып тастайтын қазақтың жомарт­тығы бір төбе. Бұл қойдай жуас момын­дықтың белгілері емес, керісінше абыз­дықтың, ұлылықтың белгісі. Қазақ – ерекше намысты, ары мен ұятын өлімнен де жоғары қоятын өр халық. Пана іздеп келгендерді құшағына қыс­қан, Абай тағылымы айтқандай, «адам­зат­ты бауырым» деп сүйген халық. Оқы­май-ақ, өмір тәжірибесіне сүйенген, жан-жақты ғылым саласын меңгеріп, жаңалық ашқан дана халық. Оң жақта отырған қызын төрге шығарған халық. Аналар билік те айтқан, керегінде қолына қару ал­ып, жауға да шапқан. Ол – тарихта бар, дәлелдеуді керек етпейтін шындық. Әйелдердің бет-аузын бүркеп, пәрәнжі жа­уып, қазан-ошақта еркектері жүретін, бәлиғатқа тол­ма­­­ған сәби қызын тұмша­лап, тұншықтырып өсіретін «мұ­сылмандар», басқа да дін иелері, өкінішке қарай, қазір арамызға кіріп, адамдар арасына сына қағуға тырысуда. Заңымызға бағынбай, тайтақтап жүргендерге қа­тал тыйым салу керек-ақ. Қазақстанды достықтың, бауырмалдықтың, ұлттардың береке-бір­лігінің елі деп, әлемдік ірі саясаткерлер мойындай, дәлелдей отырып сөйлеуде. Осы жеңістердің барлығында халықтың, халық жолымен жүрген Елбасының көсемдік орны бар. Әлем тарихына үңілсек, тәуелсіздікке жету жолдарының оңайға түспегеніне көз жеткізуге болады. Дегенмен, тіл мәселесі дәл біздердегідей күрделеніп, кедергілерге кезікпеген шығар деп ойлаймын. Сол кедергілердің басында өзіміз тұрмыз. Ел­басының: «Қазақ, өз тіліңді, ең алдымен өзің үйрен, өзің қазақша сөйлес», деген сөзінің мәні терең. Осы мәселедегі оның өз үлгісі, өз тағылымы ше?! Мен Нұрсұлтан Әбішұлымен 5 рет кездесу бақытына ие болдым. Тоқса­нын­шы жылдардың басында Қазақстан ком­партиясының ХVІІ құрылтайына делегат болып қатыстым. Жариялылықтың өмірі­мізге енді кіре бастаған сәулелі бір кездері еді. Құрылтай өте қызу талқылаумен өтіп жатты. Әсіресе, партияның жарғысы айналасындағы пікірлер тіпті шарықтау шегіне жетті. Азаттық, еркіндік, жария­лы­лықтың бізге оңайға түспейтінін, кү­рес­тің алды да екенін түсіндім. Нұр­сұл­тан Әбішұлының ұстамдылығы, саясаткер ретіндегі ғана емес, ер-азаматқа тән қажыр-қайраты, ерекше сабырлылығы, қандай күрделі жағдайлардан да шыға білетін қасиеттеріне тәнті болдым. Құрылтай оңды аяқталды, жарғы бекітілді, мақсат биігінен көріндік. Ара-ара­сындағы үзілісте жан-жақтан келген делегаттар Нұрсұлтан Әбішұлын ортаға алып, суретке түсіп жатты. Осы құрылтайға 14-15 мұғалім қатысқан едік. Бізге кезек тиер емес. Әріптестерімнің бірі: «Арамыздан шыққан тұңғыш лауреатсыз, өткірлігіңіз де бар, өтінішімізді үлкен кісіге жет­кізіңізші», – деп өтінді. Суретке түсіп жатқандардың жанына тақау тұрып, олар көтеріле бергенде әлі орнынан тұрып үлгермеген, орталарын­да­ғы Нұрсұлтан Әбішұлына ұстаздар өті­нішін айттым. Бізбен суретке түсіп, со­ңынан әрқайсымыздың қолымызды алып: «Балаларға, ел-жұртқа сәлем айты­ңыз­дар», – деді. Базардың қайнаған ортасын­да еңбек етіп жатқан сегізжылдық инте­р­наттың (қазір лицей) ұжымы маған хат бер­ген болатын. Ол кезде қазақ тілінде оқы­татын мектептер Өскеменде әлі ашы­ла қоймаған кез. Сол хат туралы айттым. «Хатты Қарамановқа тапсырыңыз», – деді. Осы ХVІІ құрылтайда ақын, қоғам қай­раткері Олжас Сүлейменов сөз алып, полигонды жабу, ядролық қаруға қарсы күш жұмылдыруды тұжырымды түрде хабарлады. Біз, делегаттар, оны қолдап, Құрылтай қаулы қабылдады. Бүкіл әлемге маңызы зор шараның басында Елбасы тұрды. Білім беру қызметкерлерінің үш құ­рылтайына қатыстым. Елбасымен тағы да үш рет кезіктім. Президиумда қатар отыр­дық. Сөйлеп тұрғанда, әлемге танымал ірі саясаткер, өз заманының көрнекті президенті ғана емес, өзіме бас әріппен жа­зы­латын нағыз Ұстаз сөйлеп тұрғандай әсер етті. Оның сөзі ұстаздармен пікірлесу, сұх­баттасу, пікір алмасу сипатында бол­ды. Әр сөзі жүректерімізге қонып, іштей онымен сөйлесіп отырғандай болдық. «Сіздер, жақсы оқулық, жақсы оқу құралдары жоқ деп, жиі айтасыздар. Ізденімпаз мұғалімге шығар жол бар ғой. Мысалы, Сократтың «исследуем» деген ұс­танымын неге тәжірибелеріңізге пайда­лан­байсыздар? Балалар өздері ізденсін, тапсын, білімді өз еңбегімен алсын», – деген сөзін ұстаздар ұзақ қол шапа­лақ­тау­мен қарсы алды. Ал Сократтың ұстанымына мен ер­теден-ақ жүгінетінмін. Қазіргі білім беру жүйесін модернизациялау, технологиялық оқыту кезеңінде де Сократтық тәсіл ға­сыр­лармен бірге жасап, өзінің мәңгілік маңызын тәжірибеде дәлелдеп келеді. Келесі кездесуім 2004 жылы оның қолынан «Құрмет» орденін алуыма бай­ла­нысты еді. Сөз сөйледім. Кезінде ол «Қа­зақстан» телеарнасынан берілді. Есімде қалғаны: «Жас өскінді отансүйгіштік, ел­жандылыққа баулу Елбасының тағылы­мы, үлгісінен бастау алуы керек», – дегенім. Марапат аяқталғаннан кейін Елбасы кетіп қалмай, елмен әңгімелесіп, суретке түсіп, жүрекжарды әңгімеге кірісті. Бәріне қол беріп, жылы қош­тасып жатты. Оқшау тұрған маған да таяп келіп, ілтипат білдіріп тұрғаны оның ұлыларға тән қара­пайымдылығы еді. Осы сәт­­­­­ті пайдаланып мен де дәп­­тер жайын айта жөнел­дім. Астанаға аттанарда Президентпен кезігетінімді естіген «Жас қалам» үйір­ме­сі­нің талапкер балалары: «Апай, біздің Нұр көке­міз­ге арнаған өлеңдерімізді ала кетіңізші, дәптерге жа­зып берейік», – деген өтініш біл­дірген-ді. 6-сыныптың бір оқушысы өлеңнің астына алақанының суретін сы­зып қойыпты. Мұны естіген әріптестерім: «Ұят болар, Президентке қолмен жазы­л­ған, қарапайым дәптерді қалай апарасыз? Апарғанда да балалардың шимайын оқи ма? Компьютерге теріп, альбом жасап апару керек еді», – деп тоқтау сала берді. Дәптер кабинетте қалды. Осы дәптер жайын айтқанымда, ол кісі елең етіп: «Қанипа, ол дәптер қайда, осында ма?» – деп сұрады. «Жоқ, ауылда қалды, Сізге оны беру ыңғайсыз болар деп»... «Оның несі ыңғайсыз, балалардың өлеңін оқымайды деп кім айтты? Мен бала болмаппын ба? Алып келу керек еді». «Қолжазба еді...» «Дәптерді облыс әкіміне беріңіз. Ма­ған әкеліп береді. Ел-жұртқа, балаларға сәлем айтыңыз», – деді қоштасып жатып. Бір сөз қосып отырғам жоқ, әңгіме осылай өрбіді. Қатты өкіндім, «алып барам» деп балаларды алдауға мәжбүр болдым. «Елдің сөзінде нем бар еді», деп бармағымды тістелей бердім. Елге келген соң бұл оқиғаны кейіннен Мәжіліс де­путаты болған сол кездегі облыстық білім департаментінің бастығы С.И.Ферхоға айт­­­тым. «Жақсылап безендіріп, альбом жасап жібереміз», – деді. «Светлана Ивановна, мен Президентке «қолжазба дәп­тер» дедім. Альбом туралы сөз болған жоқ. Бала­лардың өз қолымен жазылған өлеңдерін, яғни сол дәптерді қаз-қал­пын­да жіберейік», – деп қарсылық білдірдім. Олар альбом жасады, өлеңдерді компьютерге түсір­ді, «Әкімнен беріп жібердік», – деді. «Апырай! – деп ойладым, бәрі осы бізден, үлкендерден шығады-ау, сәбилер­дің тарбиған алақаны бар, өздерінің қо­лымен жазылған өлеңдерін жібергенде ғой, Елбасы оны қолына ұстап, бала­лар­дың алақанын көріп, өзі жымиып, бала­лығын еске түсіретін еді-ау. Шеңберден, қолдан жасалған құрсаудан шыға ал­май­мыз, балаларды да соған тәуелді етеміз. Ана жолы ала барғанда ғой...» – деп, өкінішті ойдан арыла алмай-ақ жүрдім. Осы бір дәптер оқиғасы мені қын­жылт­ты әрі таңғалдырды. Расында, кім­нің ойына келген, атағынан ат үркетін сая­саткерлерді бас игізген кемеңгер тұл­ға­ның балалардың өлеңіне, дәптеріне назар аударады, ерекше көңіл бөледі деген. Осы жолы да ел-жұртқа сәлем жол­дады. «Қалың елім, қазағым, қайран жұр­тым» деп өмірден өткен Абай ойыма оралды. «Елбасы Абайдың төл мұрагері екен-ау», – деп тебірендім. Жалпы Елбасының қай еңбегін алып қарамаңыз, халықтың мақал-мәтелі, афористік оралымдары, даналыққа негізделген шешендік өнеріне ерекше көңіл бө­ле­тіні байқалады. Осыған көзім жеткен соң халық даналығын іздей жүріп, Елба­сы­ның да шешендікке құрылған айшықты сөздерін іздеуді әдетке айналдырдым. Оқушыларды, жанымда жүрген әріптес­терімді осы игі іске тарттым. Әсіресе, бұл іске шәкіртім, жас мұғалім Толықбаева (Исаханова) Гүлназ құлшына кірісті. Менің жетекшілігіммен ол «Н.Ә. Назар­баев еңбектеріндегі шешендік сөз» тақы­рыбына авторлық бағдарлама жасап, рес­публикалық ғылыми-әдістемелік «Да­рын» орталығы өткізетін конкурсқа қаты­сып, бас бәйгені жеңіп алды. Мәселе бәй­геде емес, тақырыптың өміршеңдігі, тұң­ғыш рет зерттелгендігінде еді. Ең басты­сы, талаптануда, ізденуінде ғой десем, өт­кен қарашаның 17-сі күні Гүлназ интербелсенді тақта арқылы Астана қаласы, Шы­ғыс Қазақстан облысының мектептеріне сабақ берді. Тыңдаушылар тақырып­қа өте қызықты. Астаналықтар сабаққа қызу қатысып, мені де тартып, пікірлерін, рахметтерін айтып отырды. Бұл сабақ менің республикалық ғылыми-әдістеме­лік атау­лы зертханамда ұйымдастырылды. Өскеменде қазан айында Астана күн­дері өткенін айта кетсем, сол тұста Астана қала­лық оқу бөлімінің бастығы Әсима Бимендина зертханамен танысып, Аста­на­­ның №64 мектебінде оның бөлімшесін ашу туралы ұсыныс жасаған еді. Ол көп ұзатпай-ақ ұстаздарын жіберді, бірігіп жоспар жасадық. Егемен елімнің қысқа уақыт ішінде қол жеткізген табыстарының нақ төрінде Елбасының білім беру жүйесіне, бала­лар­ға жасап жатқан аталық қамқорлықтары тұр. Санамалап айтпағанның өзінде бұл орайда қазақстандық білім беру жүйесін әлемдік білім беру кеңістігіне енгізу мақсатындағы қарымды қадамдар, дарын­ды балалармен жұмыстар, Н.Ә. Назар­ба­евтың зияткерлік мектептерінің дүниеге келуін, «Болашақ» бағдарламасын айтуға болады. Мен де жас жеткіншектерді туған хал­қымның Асан, Әйтекелерден қалған дана­лық сөздерімен қауыштыру үшін, мемлекеттік тілдің мәртебесін, абыройын көте­ру үшін азды-көпті еңбектеніп келемін. Жетістіктерімнің сүбелі-сүбелісі де тәуел­сіз­дігімізге тікелей байланысты болыпты. Тоқсаныншы жылдардың басында «Әдебиетті тереңдетіп оқытатын автор­лық бағдарлама» жасап, соның негізінде арнайы сыныптарым ашылды. Қазақ әде­биетін әлемдік әдебиет пен мәде­ниеттің бір бөлшегі ретінде оқыту мәселесін кө­тер­дім. Сыныпты бітіргендер ішінен 17 ғы­лым кандидаты, 3 ғылым докторы шық­­ты. 70-тен астам оқушым облыстық, 18-і республикалық пән олимпиада­ла­рын­да жүлделі орындарға ие болды. «Республикалық ғылыми-әдістемелік атаулы мектебім» ашылып, ұзақ жылдар еліміздегі жаңашыл мұғалімдермен ақы­сыз-пұлсыз еңбек еттім. Отанымның түк­пір-түкпіріне барып, қыс-жаз демей дәріс оқыдым, іс-тәжірибемді ортаға салдым. Тәубе, «Қазақтың Қанипасы», «Аңыз ұстаз» атандым. Бұл атақты маған құзыр­лы орындар емес, халқым, әріптестерім берді. Еңбегімнің 40 жылдығы халық­аралық деңгейде Өскеменде, республи­ка­лық деңгейде Павлодарда өтті. Ең басты жетістігім, күндіз-түні мені түкпір-түк­пір­ден іздеп, келіп-кетіп жататын ұстаз­дардан, ата-аналардан алдым босап көр­ген жоқ. Ауыз әдебиетінен бүгінгі әде­биетті қамтыған оқу бағдарламалары, 32 кітап, 100-ден аса мақалалар жаздым. Зертханада өз қолыммен жазылған 8000-дай дидактикалық материалдар, көрне­кі­ліктер ұстаздар игілігіне айналып отыр. Университетте де 25 жылдай қосымша еңбек етіп, қаншама студентті ұстаздық ма­мандыққа баулыдым. Еңбегімді санамалай берсем, бірталай уақыт кетер еді. Өз елімді былай қойып, шетелдік ма­рапат­тар­ға да ие болып отырмын. Моңғол ХР-ның «Даңқты ұстазы» марапатының иегерімін. Қазақ педагогикасына қосқан үлесім үшін еліміздің 4 жоғары оқу орны құрметті профессор, Педагогикалық ғы­лымдар акаде­мия­сы Құрметті академик атағын берді. Ең бастысы, мен қарапайым әріптестерімнің құрметі мен сыйына бөлендім. Еңбек ет­сең, атақ-даңқ өзі іздеп келеді екен. Таңғы сегізден кешкі 5-ке дейін интернатта жүр­сем, түнгі 3-терге дейін қолымнан қала­мым түспейді. 43 жыл­ғы өмірімнің тек жеткіншектер арасында, тұрмысы орта, қарапайым қазағымның балалары ара­сын­да өткеніне кеуде кере мақтанамын. Мен бақытты ұстазбын. Жаратушы ием өмір берсе, осылай еңбек ете берерім сөзсіз. Тағы бір ой мені қатты мазалай береді. Абай да: «Қорқамын кейінгі жас балалардан», деген ғой. Қорқу емес, алаңдауым болар. Өмір ғой... Болашақта егемен елім­нің басына жаңа президенттер де келер. Олар, бәлкім, жеті ұлттың тілін білетін, экономика мен ел басқарудың 70 тәсілі мен амалын меңгергендер болуы да мүм­кін... Алайда дәл Нұрсұлтан Әбішұлын­дай туған тілінің нәрін, бар шұрайын шырайына келтіре пайдаланып, ата-баба­мыздың әдет-салтын берік ұстап, Қазбек пен Әйтеке билерден қалған даналық сөз­дерді, Абайдың «Қалың елім, қазағым» деп соққан жүрегін ел билеуінде ұстаным ететін бүгінгідей Елбасы енді елімнің тағына келе ме, жоқ па деп толғанамын. Ұлан даланың ұлы перзенті Нұр­сұл­тан Әбішұлына Жаратқан Ием әлем тарихында ешбір патша, ешбір ханға бермеген бақ пен тақты, атақ пен даңқты сыйлаған сияқты. Жаратқанның жарылқауы, халқының қолдауы, туған тілінің киесі де оны же­ңістен жеңіске жетелеген болар... Кім біледі, Жаратқан Ием, жат елдердің тепкісін көрсе де дінін, тілін, ділін, әдет-сал­тын жоғалтып алмаған, ешкімге «ләббай тақсыр» деп бас имеген өр, ер қазағына оң пиғылын берген болар... Нұрсұлтандай әрі Нұр, әрі Сұлтан ұлын дүниеге әкеліп, халқыңның Нұрына айнал, Сұлтан болып, еліңді де сұлтан­дыққа жеткіз деген шығар... «Уа, дариға, алтын бесік туған жер», деп Қасым ақын тебіренгендей, мен де: «Туған жер, осы бақытың басыңнан тай­масын, балаларыңды жасампаздық биігінде әлдилей бер», дегім келеді. Қанипа БІТІБАЕВА, КСРО Мемлекеттік  сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.