16 Желтоқсан, 2011

Қазақстан Республикасы Әскери сотының төрағасы Серік БАЙБАТЫРОВ: Тәуелсіздіктің басты талабы – адам құқығы мен бостандығының қорғалуы

454 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Әскери соты Мемлекет басшысы алға қойған басты міндет – сот жүйесін одан әрі жетілдіру, ізгілендіру бағытында жоғары жауапкершілік пен іскерлік танытуда. Елбасының қазақстандықтарға арнаған биылғы Жолдауында атап айтылған «үлкен қоғамдық қауіп төндірмейтін қылмыстар бойынша қылмыстық заңдылықты ізгілендіру жүргізілуде». Әскери сот судьялары сот этикасын сақтап, сот процестерінің тәрбиелік ықпалын, кәсіби біліктілікті арттыруда іргелі ізденістерімен ерекшеленуде. Сонымен, Мемлекет басшысы сот жүйесінің алдына қойған өзекті талаптарының бірі – судьялар жұмысының мейлінше ашық және көпшілікке түсінікті болуын қамта­ма­сыз етуде қандай ықпалды қадамдар жасалуда? Ең бастысы, республикадағы біртұ­тас сот жүйесіндегі әскери судьялар тәуелсіздігін сақтау қандай деңгейде? Бүгінгі күн тәр­тібінде тұрған, міне, осы және өзге де мәселелер туралы Қазақстан Республикасы Әскери сотының төрағасы Серік БАЙБАТЫРОВ әңгімелейді. – Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылы тек қана мерейлі мереке емес. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап, армандаған сол жолда жан беріп, жан алысқан тәуелсіздік – түсіне білген адамға өткен кезеңге есеп беру, өткен уақытты сараптай білу. Судьялар тәуелсіздігі туралы әңгімеге көшейік. Еліміздегі судьялар тәуелсіздігінің кепілдемесі Мемлекет басшы­сы­ның 1995 жылдың желтоқсан айын­да «Қа­зақстан Республикасындағы судья­лардың ста­тусы және судьялар туралы» Заңын қабыл­дағаннан кейін одан әрі кеңи түсті. Конс­титуциялық күші бар бұл құжатта сот пен судьялардың тәуелсіздік қағидасы консти­туциялық және заңды деңгейде жарияланған. ҚР Конституциясының 77­-бабында «Судья тәуелсіздігі және оның тек Конституция мен Заңға ғана бағы­на­тындығының» атап көрсе­тілуі көп нәрседен хабар берсе керек. Бұл сот билігінің дербестігі мен тиімділігінің және оның аза­маттардың құқығы мен бостандығын қорғау мүмкіндігінің ең басты шарты. Мемлекеттің ең басты құндылығы – адам құқығы мен бостандығын сақтап, оны көздің қарашығындай қорғау десек, ҚР Әскери со­тында азаматтардың конституциялық құқықта­рын заң талабына сәйкес тиімділікпен қорғау бағытында бірқатар ілгерілеушілік бар. ҚР-ның «Әскери қызметкерлерді және олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғау және олардың статусы» туралы Заңына орай сотқа жүгіну­шілер тарапынан шағым-арыздардың азаюы атқарылған жұ­мыс нәтижесінен хабар беретіндігі сөзсіз. Бір құптарлығы, әскери соттар шығарған шешімдер арасында жазықсыз жәбір­ленген­дерге араша түсіп, оларды ақтап алу пози­ция­сының басым болуы құптарлық жәйт. Мәселен, отставкаға шыққан офицерлердің әлеуметтік жағдайына орай сотқа жолдаған шағымдары әділетті түрде шешілуде және бұл іс өз жалғасын табуда. Мәселен, ҰҚК шекара қызметінің әскери қызметкерлеріне қатысты өткен жылы – он екі, ал биылғы 2011 жылы – он үш іс қаралды. – Серік Кәтенұлы, сонда қылмыстық іс туралы соттың қылмысқа қатысты деп есептелініп, шығарылған үкімдерін қай­тадан қарау қара қылды қақ жарған әді­лет­тілікке, нақты нәтижелерге қол жеткізуде ме? – Он ойланып, тоқсан толғанып шыға­рылатын сот шешімдерінің адам тағдыры үшін маңызы өте зор. Дегенмен, бұл шешім­дерінің барлығы бірдей мүлдем ақаусыз деп айту қиын. Мәселен, алдыңғы жылдың та­мыз айында Әскери соттың Қылмыстық істер жөніндегі коллегиясы капитан Руслан Шуршеновтің әрекетінде қылмыстық құрам жоқ болуына орай, оны ақтап, төменгі саты­дағылардың үкімін өзгертті. Орын алған оқиғада Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің «Астана» әскери катері Каспий теңізінде майор Шуршеновтің басшылы­ғымен шекара күзетінде заңсыз балық аулап жүрген браконьерлердің моторлы қайықта­рын тоқтатып, тексеру жүрмекші болғанда браконьерлер шекарашыларға қарсылық көрсеткен. Осыдан кейін, майор Шуршенов заңда көрсетілген, барлық талаптарды орын­дағанына қарамастан браконьерлер шекара­шыларға оқ жаудырып, қайықтарымен катерді соқпақшы болғанда, Шуршенов оларға қарсы оқ атуға бұйрық берген. Сол кезде қайықтағы төрт адамның екеуі опат болған. Соған орай Ақтау гарнизонының әскери соты шекаралық кеменің командирі Р.Шуршеновті бұл істе кінәлі деп тауып, оны алты жыл еркінен айыруға үкім шығарған. Алайда, республиканың Әскери соты жәбір­ленуші жақтың апелляциялық шағы­мын жан-жақты түрде тексеріп, нақты шешімге келді. Анығырақ айтқанда, шека­ра­шының іс-әрекетінде заңсыздықтың жоқ екен­дігі, яғни ол мемлекеттің экономикалық мүддесін, сондай-ақ мемлекеттің шекарасын қорғау мақсатын көздегені қайтадан жан-жақты және жіті тексеру барысында анық­талды. Шындығына келгенде, мұның өзі заң талап етіп отырған қажеттілік екендігіне ешқандай дау жоқ. Бүгінде Руслан Шуршенов өз қызметін абыроймен атқаруда. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, біздің күнде­лік­ті жұмысымызда мұндай мысалдар аз емес. «Бір адал адамды соттағанша, он айып­тыны жазадан босатқан дұрыс» деген грек мақалы бар. Менің өзім бұл түйінді дұрыс деп есептеймін. Ешқандай қылмысы болмай тұрып, жазықсыз жазаланып, жапа шеккен адамның тағдырынан ауыр не бар деп ойлайсыз?! Әскери соттың өзге соттардан ерекшелігі де бізде ақтау үкімдерінің көбі­рек болуында шығар. Менің есептеуімше, қыл­мысқа қатыстыларды түгелдей дерлік еркінен айыру дұрыс емес, ешкім түрмеден тәрбиелі болып оралмайды және ешқашан мұндай жағдай болған да емес. Тағы бір айта кететін жәйт, отставкаға кеткен немесе қызметтегі әскери қызметкерлер арасында ұзақ уақыт бойы өздеріне тиісті заңды жеңілдіктерін уақтылы ала алмай жүрген­дердің де шағым-арыздары қанағаттанды­рылуда. Қайткенде де биліктің өзге тармақ­тарынан тәуелсіз сот қана қандай болмасын істі әділетті қарап, заң аясындағы әділ шешімді шығара алады. – Өзіңізге белгілі, еліміздің сот жүйе­сінде елеулі оңды өзгерістерге қадам жасалуда. Бүгінгі қоғамның басты дерті – сыбайлас жемқорлықпен бітіспес күрес жүргізіліп, бұл бағытта ықпалды іс-шара­лар қолға алынғанымен, орын алып отыр­ған қиындықтар аз емес. Бұл жағдай әске­рилерді, әсіресе, әскери шені жоғарыларды да айналып өтпегенге ұқсайды. Серік Кәтенұлы, осы бір көлеңкелі құбылыстар төңірегінде ой бөліссеңіз. – Елбасының биылғы Жолдауында айтыл­ғандай «Қазақстанның сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы заңнамасы – халықаралық сарап­шылардың бағасы бойынша қазіргі таңда ең тиімділердің бірі деп танылған». Елімізде жемқорлықпен күрес қарқыны жоғары, дегенмен, он саусақ бірдей емес, қылмыстық әрекеттер де көрініс беруде. Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар арасында қатар­дағы әскерилерге, жауынгерлерге өнеге бо­луға тиісті – генерал шеніндегілердің кездесуі қазақша айтқанда, көрер көзге, айтар ауызға ұят. Өкінішке орай, соңғы бес жылда қыл­мыстық жауапкершілікке тартылғандар ара­сында Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК-нің шекара қызметінің өкілдері және басқалар істі болып жатыр. Әсіресе, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы айналып өту бағытындағы жемқорлық қылмыстар көбейе түсуде. Республика әскери соттарында биылғы 2011 жылдың өткен он айында барлығы 286 қылмыс­тық іс қаралса, оның отызға жуығы сыбайлас жемқорлық қылмыстары. Мұның өзі өткен жылмен салыстырғанда едәуір төмен, өйткені, 2010 жылы мұндай істің саны қырық екіге жеткен еді. Қылмыстық істердің негізгі бөлігі Қылмыстық Кодекстің 177, 370 және 380-баптарында көрсе­тілген қылмыс­тарға тікелей қатысты. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, бүгінгі таңда, әсіресе, алаяқтық, бөтен мүлікті ұрлау, билікті теріс, яғни өз мүддесіне және асыра пайдалану сияқты қылмыс түрлері белең алуда. Сонымен қатар, әскери қызметкерлердің арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық ережелерін бұзу төңі­регіндегі қылмыстар да орын алуда. Қынжыларлығы, мемлекеттің миллион­даған теңге қаражатын талан-таражға сала­тындар жаза туралы ойламайтын болуы керек. Қорғаныс министрлігінің бұрынғы бірінші орынбасары, генерал-лейтенант Қ.Мейірманов Израильден бір ракета алдық деп ақша жіберген қару-жарақ мәселесі, Қорғаныс минис­трлігінің Бас медицина басқармасының бұ­рын­ғы бастығы Нұрсұл­танов (және оның қосшылары Садықов пен Мартыненко) өзде­рінің қызмет бабын асыра пайдаланып, мемлекетке миллиардтаған теңге көлемінде зиян шектірген. Ал, шекара қызметі директорының орын­ба­сары Хасенов шекара заставалары құры­лысына арналған 1 миллиард 800 миллион теңгені жымқырды деп айыпталған ісі сотта қаралу үстінде. Жасыратыны жоқ, жоғары шенді әскерилер арасында жемқорлық қыл­мысы ғана емес, бұзақылық фактілері де кө­рініс беруде. Мәселен, Қорғаныс минис­трлігінің Көкшетау қаласындағы әскери уни­верситетінің бұрынғы ректоры, генерал-майор А.Шойыбаев өзінің орынбасарын соққыға жығып, ауыр дене жарақат келтіргені үшін төрт жылға еркінен айырылды. Әрине, мұн­дай көлеңкелі жағдайлардан біржақты шешім шығаруға, көпке топырақ шашуға болмайды. – Ар жазасы бар жазадан ауыр жаза, қандай да бір себептермен қолына билік тиген кейбір лауа­зым­дылардың ел сенімін аяқасты етіп, құл­қы­нының құлы бо­луы­на не себеп? Қу­ат­ты да құдіретті мем­ле­кеті­міз­дің қор­ғаны бо­ла­тын әс­ке­­ри­лер – «Отан­ға адал қызмет етеміз» деп сал­та­нат­ты түр­де ант береді. Өкі­ніш­тісі сол, антты бұ­зады, сонда аш­көздіктің түп-та­мы­ры неде? – Бүгінде жаһан­дық деңгейдегі экономи­калық дағдарыспен бірге, кейбіреулердің бойында рухани дағ­дарыс та белең алуда. Әрине, лауа­зы­мының жоғарылап, сіңірген еңбегінің, маңдайте­рінің жемісін, рахатын көруді кім қаламайды, кім армандамайды дейсің? Дегенмен, әрбір адам қандай жағ­дайда да пендешілікке салынбай, ең алды­мен, туған халқының, Мемлекет басшы­сының өзіне жүктеп отырған сенімін ақтау, жауапкершілік жүгін сезіне білуі қажет. «Шын мәнісінде де мен сол қызметке лайықтымын ба» деп өзіне сын көзбен қарау мәселесі соңғы уақытта қалыс қалып бара жатқан сияқты. Ал, енді өзінің орнында отырмаған адамның тұла бойын менмендік бойлап, өзгеден гөрі өзінің ғана қара басының қамын күйттеп кетеді. Ата-бабадан келе жатқан «Малым, жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген ұлағатты сөз кейбіреулер үшін басқаша мағына беретін сияқты. – Әл-Фараби атындағы ұлттық университетіндегі 2009 жылғы кездесудегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі ойға оралып отыр. «Басты міндет – қазақстандықтардың Отан мен халыққа қызмет етуге деген көзқарастарын өзгер­ту, бізге ұлттық интеллектінің діңін құру қажет» деп атап айтқан болатын. Қазірде билік пен байлық кейбіреулер үшін негізгі мақсатқа айналуда. Естуімше, сіз Жоғарғы Сот төрағалығы қызметінен кезінде бас тартыпсыз. Бұл әлде қауесет пе, ал егер ақиқат болса, мұның себебін білуге болар ма екен? – Әлі есімде, Мемлекет басшысы 2000 жылы 29 маусым күні мені шақырып, маған «Жоғарғы Соттың төрағасы» қызметін лайықты көріп отырғандығын айтты. Алайда, мен Елбасының өзіме қатысты бұл ұсы­нысын қабылдай алма­дым, қарсылығымды білдірдім. Оның әртүрлі себептері де болды, соны Нұрсұлтан Әбішұлына түсіндіріп, «қазіргі уақытта мені бұл орынға қойға­ныңызды қаламаймын, мені өз қызметімде қалдырыңыз» деп айттым. – Бұдан, сіздің өзіңізге Президент жүк­теген үлкен сенімінің үдесінен шығудағы жоғары жауапкершілікті айқын ұққа­ныңыз аңғарылғандай. – Шындығында да, әркім үшін қандай істе болса да, жауапкершілік жүгін сезінудің маңызы зор. Әрине, бұл шешім менің кәсіби біліктілігім немесе жинақтаған тәжірибем өзгелерден төмен деген сөз емес. Мәселе әркімнің өзіне сын көзбен қарай білуінде. Өз басын ғана ойламай, өзіңе көмек қолын созып, жақсылық жасап отырған адамның және ол Мемлекет басшысы болса, оның абыройына иненің жасуындай да дақ түсір­меуді ой елегінен өткізуді өзімнің азаматтық парызым, өз борышым деп есептедім. – Сонда әрбір адамның бойындағы интеллектінің түп-тамыры қайдан бастау алады деп ойлайсыз? – Туған ауылым Қастекте жүз елудей ғана үй бар. Сенесіз бе, сол бір шағын ғана ауылдан жетпіске жуық ғалымдар, кандидаттар мен докторлар шыққан. Сонда әрбір үйге бір-екі кандидаттан келеді, шынды­ғында да таңғаларлық жәйт емес пе?! Бізді білім нәрімен сусындатқан сол бір аяулы ұстаз­дарға, алтын ұя – мектепке, біздер, шәкірттер мәңгі қарыздармыз. Мен мұны айтып отыр­ғаным, адам болып қалыптасуда, ең алдымен, ата-ананың, ұстаздардың тәлім­ді тәрбиесінің үлесі зор. Менің өзім анда-санда ауылыма барамын, бұрынғы ұстаздар қазір жоқ, ал балалардың білімі төмендеп кеткен, әлде қазіргі заман солай болып кетті ме? Тіпті, бү­гінде шырқыраған шындықты, ақиқатты ашып айтқаның үшін де жақтыр­майтындар бар. Менің өзімнің табиғатым сондай, қандай да болмасын келеңсіздікке көз жұмып қарай алмай­мын, қаттырақ айтып жіберемін. Сөз реті келгенде әскерилердің әлеумет­тік-тұрмыстық ахуалы туралы да айта кеткен жөн сияқты. «Біреу тойып, біреу тоңып секіреді» демекші, әскерилерге қатысты соңғы уақытта көптеген жеңілдіктердің алы­нып тасталуы, әскерилердің өздеріне тиісті баспананы уақы­тында ала алмауы, өзге де жағдайлар олардың тарапынан шағым­ның көбеюіне ықпал етуде. Мәселен, ҚР Әскери сотында бүгінде небәрі 38 судья жұмыс істейді және олар республика бойынша сот істеріне жүйелі түрде қатысады. Ал, әскери судьялардан көптеген жеңілдіктер алынып тасталған, сондықтан қазірде кадрлар тұрақ­тамаушылығы орын алуда. Мұның өзі қосымша қиындықтарды туындатуда. Менің ойымша, әскерилер де, әскери судьялар да ең алдымен, ертеңгі күніне, келешегіне сеніммен қарауы қажет. Сөзімнің соңында ата-бабаларымыз сан ғасырлар аңсап, армандаған, армандап қана қоймай, сол жолда жанқиярлықпен күрескен Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен қазақ хал­қын құттықтаймын. Аласапыран, қиын-қыс­тау жолдан өткен ата-бабаларымыз ұрпа­ғына ұлан-байтақ даласын, бай тарихын, баға жетпес рухани құндылық – өмірлік мол ұлағатын мәңгілік мұраға аманат етіп қалдырып кетті. Бүгінгі күні біздің еліміз Мемлекет бас­шысы­ның сарабдал саясатының арқасында әлем таныған мемлекетке айналды. Адамзат­тың ең үлкен жетістігі – Тәуелсіздік, сол Тәуелсіз­дікті бағалап, қадірлей білейік. – Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен  Бақыт БАЛҒАРИНА.

Алматы.