16 Желтоқсан, 2011

Тұлпар-тағдыр

1274 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Өмір деген – өсу, даму, жаңару. «Елу жылда – ел жаңа». Он жасымнан бергі көр­гендерімнің өзі қиял-ғажайып дүние. Мен өскен Үшарал ауылы негізінен қой шаруа­шы­лығымен айналысатындықтан, Талас асыл тұқымды қой зауыт деп аталатын. Аса бағалы қаракөл елтірісі бүкіл Одаққа жіберілетін. Иен далада қысы-жазы көшіп-қонып жүретін, жайлау, қыстауда жалғыз үй болып отыратын шопан өмірі маған жақсы таныс. Ол кезде жөнді жол да жоқ, техника тапшы, электр жарығы жете бермейді. Азық-түлік, ауыз су мәселесі тым күрделі. Қараңғы түнде жортатын қасқыр да көп. Жылан, шаян дегеніңіз өріп жүреді. Қыста – боран, жазда – аптап, киіз үйді солқылдатып ұшырып жібере жаздайтын даланың дүлей дауылы тағы бар. Әсіресе, балалары ауырып, әйелдері толғатып қалса, тіптен қиын. Қазақтың «үш жыл қой баққаннан ақыл сұрама» дейтіні де сондықтан шығар. Осының бәрін білгендіктен де, Кеңес өкіметі қойшыларды ынта­ландыру үшін біріне кілем, біріне автокөлік, біріне орден-медаль беріп, жиі марапаттап жататын. Бір ғана Талас ауданы бойынша 56 Социалистік Еңбек Ері атағы мал шаруа­­­шылығы еңбеккерлеріне, шопандарға берілді. Бірақ сол ауыр бейнеттің иелері «баламыз мал бақсын, шопан болсын» – демейтін еді. Айтатындары «балам білім алсын, үлкен шаһарда тұрсын, үлкен адам болсын» еді. Үшарал мектебінің жанынан малшылар­дың балаларына арналған интернат ашыл­ған. Онда кілең қазақ балалары жатады. Ауы­лымызда сталиндік депортация кезінде еріксіз қоныстандырылған оннан аса ұлт өкілдері тұрады. Бұрыннан мекен тепкен орыс­тарымыз да бар. Үйінің бір шетін боса­тып беріп, өз несібесінен бөліп, аузына то­сып, барынша бауырына тартқан жұртты кө­ріп, мұндай да мейірбан, кеңпейіл халық бо­лады екен-ау, – деп жүректері жылыған олар да бір үйдің баласындай жарасып кеткен еді. Ата кәсібі болмаған соң ба, бұлардың еш­қайсысы қой бақпайды, бірақ игілігін көреді. Біздің халқымыз еш ұлттың өкіліне қысым-қыспақ көрсетпеген. «Ол да адамның баласы ғой» – дейді. Жер басқан пенденің бәрі Адам Атадан тарайтынын меңзейді. Имандылық пен ізгіліктің шынайы көрінісі осы емес пе? Ауылымызда қазақ және орыс мектептері болды. Бүкіл елді-мекенде бір ғана кітапхана бар. Шетімізден кітапқұмармыз. Жаңа түс­кен шығармаларды кезекпен оқимыз. Біз білімге шын құштар болдық. Ішіне шоқ сала­тын шойын үтік болатын. Әрі-бері сермелеп, қыздырып жіберіп қызыл галстугымызды «қатырып» үтіктеп мектепке қарай асыға­тынбыз. Сабақтан бос кезде ауыл орта­сын­дағы жалғыз құдықтан қыздар иінағашпен қаздай тізіліп су тасиды. «Құмөзектің» ар жағында күмбезі биік келісті мешіт бар. Мал кірмесін деп есігін ағаш­пен қағып тастаған. Адам кіруге рұқсат жоқ... Біздің білімге сусап тұрған жан дүниеміз бен ұстаздарымыздың мүдделері де сай келді. Қандай керемет мұғалімдерден сабақ ал­ғанбыз! Директорымыз Ермек Дүрімбетов таң қараңғысынан мектепке келіп, шам жа­ға­тын. Содан кейін басқалар біртіндеп келе бас­тайтын. Әлі күнге дейін есімде – ол кісі­нің сабақтан қашқан баланы атына міне са­лып, қайтарып келетіні. Өз істеріне шексіз бе­рілген ұстаздарымыз – аса жақсы ән сала­тын жара­тылыстану пәнінің мұғалімі Әмір­бек Байгелдиев, әскери теңізші болған, темірдей тәртіп­тің адамы орыс әдебиетінің білгірі Истайбек Исимбаев, домбыраның құла­ғын­да ойнайтын математик Жаңабек Әбді­райымов, Абай өлең­дерін жатқа айтудан жа­лық­пайтын әде­би­етші Керімби Амантаев, аса сұлу апай­ы­мыз, неміс тілінің мұғалімі Раиса Абаева және басқалары біздің сапалы білім алуымыз үшін бүкіл қайраты мен ма­хаб­батын жұм­сай­тын еді. Бұл кісілер мұ­ғалім, ұстаз деген ұғым­ға шын мәнінде лай­ық болатын. Сол кісілердің жүрегімізге жақ­қан білім шы­ра­ғын өшірмей, біз оқуды жал­ғастыру үшін Қазақстанның түкпір-түкпіріне аттанған едік. Мен сол кездегі Жамбыл қаласындағы медучилищеге оқуға түстім. Сабақ тек қана орыс тілінде жүреді. Ауылдық жерлерден келген жастардың көбі орыс тіліне шорқақ еді. Оқу оңай болған жоқ. Химия пәнінің мұғалімі қоғамға көңілі толмайтын, көзі қарақты орыс ұлтының өкілі еді. Ты и убогая... Ты и забитая... Матушка – Русь! – деп, Н.Некрасовтың атақты өлеңін үзіп, күйзеліп қайталап отыр­ғанда, біз де оның сөзінің астарын аңғар­ған­дай болатын едік. Қала тұрмысы да жүдеу еді. Оқуға, өмірге деген құштарлығымыз тапшылықты білдірмей, жақсылыққа талпындық. Осы оқу орнының қабырғасында жүріп, қалалық өнер байқауында өз өлеңімді оқып, алдыңғы орынды иемденіп, мақтау қағазын алдым. Облыстық «Еңбек туы» газетінің жанындағы әдеби үйірмеге қатысып жүрдім. Баттал Жаңабаев, Мейірхан Қуанышбаев, Кәрім Баялиев, Анарбек Айтбаев, Жақсылық Сәтібеков, Әлдихан Қалдыбаев сынды аға­лар­дың жылы лебіздерін естідім. Әдебиет бө­лімінің меңгерушісі, ақын Өкім Жайлауов ағамыздың алғысөзімен бір топ өлеңдерім облыстық газетте жарық көрді. Киелі Әу­лие­ата өнердегі жолымды ашты. Медучилищенің үшінші курсында жас ақын ретінде Алматыда өткен Қазақстан жа­зушыларының V съезіне делегат болып қа­тыс­т­­ым. Үлкен өнердің есігін ашып, әдебиет әлеміне қадам басқанымды түсіндім. Ол кезде ақын-жазушыларға қамқорлық айырықша еді. Өйткені, олар кеңестік идеологияның жыр­шылары болуға тиіс еді. Солай болды да. Тараздың тар көшелері, пешпен жыли­тын аласа үйлері жабырқаулы көрінетін. Адамдардың бәрі бір ізбен жүретін сияқты еді. Бүгінгідей биік үйлер, көрікті өнер-білім ордалары аз болатын. Шағын дүкендерден керекті затымызды таба алмасақ та, қалаған киімімізді кие алмасақ та, білім алып жатқанымызға қатты қуанатын едік. Біздің ең үлкен байлығымыз – жастығымыз еді. Ол кездегі жастардың арманы – Алма­тыда оқу. Білімге деген құштарлық мені де Алатаудың аясындағы сұлу қалаға алып келді. Қазақтың ұлттық университетінің журналистика факультетіне түстім. Мұнда да тамаша ұстаздардан дәріс алдық. Бір ғажабы, ол кезде ұстаз бен шәкірт арасында бір-біріне деген керемет ықылас, пейіл болатын. Біз құрметтей білдік, ол кісілер балапандай баули білді. Тұз-дәм бұйырып, Алматыда қалдық. Ша­ңырақ құрып, қызметке тұрдық. Ең жақсы жылдарымыз пәтер іздеумен өтті. Алматыға берік орнығып алған дядя Ваня, тетя Сималар бөпесі бар жас отау иелерінен ат-то­нын ала қашады, қона­­­ғың­ды да ұнатпайды. Ор­­­ысша сөйлеуі­міз­ді талап етеді. Өз атымыз­бен ата­майды. Коля, Гу­ля дейді. Көнбіс­ті­гі­мізді біледі. Қанша тө­зімді болсақ та, на­мы­сымызға тиген ­сайын біз де ширыға түсеміз. Ұлты­мыз­ды, дала­мыз­ды онан сайын жақсы көреміз. Алғашқы жыр жи­нақтарым шыға бас­тады. Ыстық мекенім! Тыныштығыңды бұзбауы үшін бөтен үн, Басымды тігіп өтемін... Бақытым менің – Бабамның байтақ мекені Өзімнің жерім, ұлымның жері екені! Осындай шумақтарды сыналап кіргізіп, жүрек түбіндегі арманды білдіреміз. Нені жазуға болатынын, нені қозғамау керек екенін жетемізге жеткізіп қойған заман! Жазғаныңның жіті қадағалаудан өтеті­нін білетіндіктен де өзіңнің ішіңде де бір қырағы көз болатын. Абайлап сөйлеуімізге себеп – алдыңғы толқынның қасіретті тағдыры. Асыл елім! Жаным саған шын құштар, Бәйтерек боп көгермейді сынғыш тал. Атан түйе алтын берем десе де, Қасиетіңді кемітпеспін бір мысқал! Бұл ақынның ішкі серті. Кейінірек: Адамдарды құртады құлай ұқпау, Алда әлі – ұлы үкім, ұлы айыптау. Біздің ғажап даламыз жанпида боп, Сүю менен қорғауға лайықты-ау! – деген жолдар жазылды. Мұның бәрі мұңлы кезең­нің жүрекке тиген сызынан туған... Ол кезде лауазымды, жауапты жұмы­с­тар­ға орыс тілін білмесең, коммунист болмасаң қоймайды. Оның өзінде Мәскеудің рұқсаты керек. Шет елге шығу да өте қиын болатын. Ілуде бір шыға қалсаң, қазақпын десең, ешкім білмейді, «Совет Одағынанмын» десең, «е, дұрыс екен, онда ұлтыңыз русь екен» – дегендей сөз айтатын. Көнбістігімізді сынап, шыдамдылы­ғы­мыз­ды шыңдап алайын деді ме, әлде одан да сұм пиғылы болды ма, кім білсін, 1986 жыл­дың аяғында Кремль ұялмай ұйғарып, қы­зармай қарманып Қазақстанға жаңа басшы жіберді. Дәл мұндай көпе-көрнеу қиянатты күтпеген елдің еңсесі түсіп кетті. Жас қы­ран­дар сілкінді. Еркіндікке ұмтылды. Өктемдік намысты түрткілеп, ұйыстырды ұлтымды. Қазақ деген текті елдің, азаткер ұлттың, жерінің көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орынды алатын ұлан-ғайыр даланы ұстап қалған жауынгер елдің өзінің ішінен лайық­ты бір көшбасшының табылмауы мүмкін бе еді?! Қалайша намысың келмейді, қалайша ышқынбайсың? Бірақ жауына қатты қасар­ған, қасарған сайын жасарған, найзамен нағыз қазақтың намысын кімдер баса алған?! Ақ қар, көк мұзда алаңға шығып, қаймықпай қарсылық танытқан жастардың асқақ рухы Алматының аспанын кернеп тұрды. Дәл сол күндері менің баспадан шық­қа­лы тұрған «Арғымақтар даласы» атты кіта­бым­ның қол қоятын данасы келе қалған екен. Редакторым әбіржіп үйге телефон шал­ды. «Алаңдағы жастардың ұраны сенің кіта­б­ыңның бірінші бетіндегі өлеңде тұр екен. Цензураның көзіне түсіп қалыпты, тез жет!» – деді. Бардым. Бірінші беттегі «Халық» деген өлеңнің екінші шумағы мынадай еді: Халық күші қашаннан десең де ерек. Бір перзенті биіктеп өсер бөлек. Қанша ұлы, қанша көп болса дағы, Әр халыққа кемеңгер көсем керек! «Не осы шумақты аласың, не кітап шық­пайды және кітапта қазақ деген сөз көп. Қа­зақ туралы өлең көп, біразын қысқартып, бір-екі саяси өлең қос», – дейді. Амалсыз біразы өз­гертілді, ауыстырылды. Іш қазандай қайнады. Е, Аллаға шүкір, әділет бар екен! Мына жердің бетінен талай өркениет жойылып, менменсіген талай империя күй­реп, құрып кетпеп пе еді? Ауқымына адам санасы жетпейтін бүкіл ғаламның иесі, жер бетіндегі тіршілік атаулының да билеушісі Ұлы Жаратушының жарылқауымен бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап-көксеген Тәуелсіздікке қол жеткіздік! Атырау-Алтай арасы дүр етіп түгел сілкінді. Бесікте жатқан бала да бостандық сұрап бұлқынды. Бұлттардың қалың қабаты парша да парша жыртылды. Оң жағымыздан Ай туды, сол жағымыздан Күн туды. Сол күндердегі халықтың көңіл толқы­ны­сын сөзбен айтып жеткізу қиын. Ұлт та­рихындағы Ақ жарылқап Күн туған ұлы қуа­ныш еді! Жаныммен толқып, жүрегіммен тебіреніп, жылап отырып жыр-дастан жаздым. Бар малын, алтыны мен күмісін сыпырып беріп, жер ауып, тентіреп кеткен нағашы атам­ның кегі жатушы еді жан түкпірінде мұздай болып. Жетім қалып, Жамбылдағы балалар үйінде тәрбиеленіп, жәутең көз болған ше­шем­нің шері бар еді көзімде. Бодан болған халқымның қасіреті бар еді жүрегімде. Егілдім де, төгілдім. Елдің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жыр арқылы аманат арттым. Тұқыртқанға көнбеді тұлпар-тағдыр. Сол тағдыры халықтың Сізге – аманат! Осы толғаудың жазылғанына да жиырма жылдың жүзі болыпты. Біздің арманымыз асқақ, үмітіміз үлкен еді. Бірақ осынша аз уақыттың ішінде дәл бүгінгідей ғаламат өзгерістер болар, – деп ол кезде өзіміз де елестете алған жоқ едік. Аяп, сүйіп Қараймын саған, мекен, Көңіліме кіреді алаң бөтен. Бұл ғаламда бақытты елдер қанша... Иығың тең солармен болар ма екен?! Дәл сол кезде жас тәуелсіз мемлекеттің жағдайының қалай боларын болжау да қиын еді.Онсыз да тұралап тұрған одақ тараған соң елдің жағдайы күрт төмендеп кеткен-тұғын. Ақынның сөзі заманынан бұрын туатыны рас шығар. «Әр халыққа кемеңгер көсем керек», – деп жәй ғана жаза салмаған екенбіз. «Сөздің жаны бары» шын болып шықты. Халық сайлаған тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлігін бұл күнде әлем саясаткерлері мойындады. Астана идеясының тууы мен оның жү­зе­ге асуы туралы Президент өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында зор махаббатпен, қа­рапайым тілмен баяндайды. Қала сәулетіне қатысқан адамдарға, қолдау көрсеткен Қа­зақстан халқына ризалығын білдіреді. Астанасын аз уақытта өзінің қалауымен, өзінің қолымен асқақтатып салған азат ха­лықта арман бар ма? Сарыарқаның төсіндегі шаһардың жақұттай жарқырап, күллі әлемге танылуы халықтың мерейін тасытты. Әсіре­се еліміз Еуропадағы Қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымына төрағалығын сәтті аяқ­тап, Арқаның ақ боранына қарамай, Астана Сам­митін өткізіп, төрткүл дүниені Қазақ­стан­ға қаратқан күндердегі көңіл күйіміз айы­рық­ша жоғары еді. Қырандай көкке қарап дүр сілкінген, қазақтың таңғажайып дәуірі еді бұл. Біліммен, парасатпен заманыңа ер. Асыл ер асқар шыңды ала білер. Ерлігін Елбасының көргің келсе, Есілдің бойындағы қаланы көр! Білім мен ғылымның арқасында соңғы жарты ғасырда ғана дүние, әлем адам айт­қысыз өзгерістерге куә болды. Тәуелсіздіктің 20 жылында Қазақстан халқы дамудың даңғыл жолына түсті. Бұл күндері ауылдың да, қаланың да келбеті өзгерген. Үшаралдағы баяғы құлып­тау­лы тұратын Абдолла Ишан мешіті «Мәдени мұ­ра» бағдарламасы аясында күрделі жөн­деу­ден өтіп, имандылық пен тазалықтың тө­рі­не ай­нал­ған. Әр үйдің алдында бір-бір құ­дық, бір-екі темір көліктен тұр. Жолдары жақ­сы. Мектеп компьютерлендірілген. База­ры жайнап тұр. Мал басы қайта көбейе бастады. Жайлау­дың да, өрістің де өз иесі, өз қожайыны та­был­ды. Бір қызығы, ауылда мал көбейгені­мен, мал бағатын қойшы табу мәселеге айнала бастады. Бұл өмірде әркімге өзінің қа­бі­ле­ті­не лайық орын бар. Сондықтан малын бе­ре­кеге айналдырып, жаңаша базарлай білетін елдердің озық дәстүрлерінен үйрену де ләзім. Бұрынғы Жамбыл қаласы 2007 жылы Елбасының Жарлығымен өзінің ежелгі Тараз атын қайтып алды. Ал 2002 жылы қаланың 2000 жылдық тойы өтті. Азаттықтың арқасында келген әділетті жеңіс еді бұл. Тарихы тереңге тартатын көне Тараз бұл күнде жаңа дәуірді бастан кешуде. Қала сәу­летті ғимараттарымен, білім ордаларымен, жаңа ықшамаудандарымен жылдан-жылға қанатын кең жайып келеді. Мысалы, бүгінде біз тұрып жатқан ықшам ауданның орны бұ­рын құлазып бос жатқан жер болатын. Жи­ырма жыл ішінде осы жер адам танымастай өзгерді. Сәнді де сәулетті тұрғын үйлер пайда болды. Оның іргесінен қала тұрғындары бір мезгіл серуендеп, көңіл көтеретін, ән мен күй тыңдап, рухани демалатын Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті саябағы ашылды. Тараз тұрғындарының рухы биік, ылғи да жүздері жадырап, жайнап жүреді. Сөйлесе қалсаң ағынан жарылып, жан дүниесін жай­ып салады. Адал еңбек етіп, ұлдарын үйлен­діріп, қыздарын ұзатып, тойларын өткізіп, шат-шадыман өмір кешеді. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев – жаңа көзқарастың адамы. Әлемдік озық үлгілер мен жаңа технологияны Жамбыл жеріне енгізуге аса мүдделі. Жауапкершілік пен тәр­тіп, адалдық пен әділдік жас әкімнің өзіне де, өзгеге де қоятын басты талабы. Оның оң ниетін халық та мақұлдап, өңірдегі тындыр­ған нәтижелі істеріне риза болып, қоғамның одан әрі ілгерілеуіне ынта-ықылас танытып отыр. Облыс көлеміндегі өнер адамына деген қамқорлық та өз деңгейінде. Тәуел­сіз­ді­гіміздің жиырма жылдығына орай облыс әкімдігінің қолдауымен «Жайна, Қазақстан» атты жыр жинағым шықты. Жамбыл облы­сының Астанада өткен күндерінің аясында Н.Ә.Назарбаев Университетінде кітаптың тұсаукесері өтті. Назарбаев Университеті Тәуелсіз Қазақ­станның болашағына кепіл болатын, Қазақ­станның интеллектуалдық көшбасшыларын дайындайтын әлемдік деңгейдегі университет. Кездесуді қазақ тілі кафедрасының мең­герушісі, педагогика ғылымдарының докто­ры Гүлтас Сайынқызы ашып, белгілі ғалым, профессор Серік Негимов жүргізіп отырды. Университетте сабақ мемлекеттік тілде жүргізілетіні қатты қуантты. Кездесуде сөй­леген оқырмандардың қазақ тілінің майын тамызып, шешендікпен, көркем теңеулермен көсілгенін көргенде, төбем көкке жеткендей болды. Мұнда мемлекеттік тілдің мәрте­бесінің жоғары екендігіне көзім жетті. Әлемнің ең таңдаулы университеттерімен деңгейлесе алатын бұл оқу орнында білім алатын жас ұрпақ бақытты ғой деп ой­лаймын. Бұрын «Болашақ» бағдарламасымен шет елдерде оқысақ деп армандайтын жастар қазір өз елінде де білімнің биік шыңына жете алады. «Жақсы оқыңдар, үлкен қалада білім алыңдар» деп өткен әкелеріміздің өси­ет-тілектерінің сәтті жүзеге асуына тә­у­ел­сіз елде толық мүмкіндік жасалған. Интернеттік жүйе қатты дамыған дәуірде сапалы білім алу саналы жасқа қиын емес. Сана көзімен заман түбінен сыр ұқтым. Сабағы мықты адамзат салған ғұрыптың. Келешек ұрпақ, сенің құтың мен қуатың Кемелдігінде білімнің,

сұлулығында рухтың!

Байтақ Қазақстанның оқу орындарында оқып жатқан жастардың бойында отан­сүй­гіштік қасиеттің қалыптасуы – өте маңызды. Бүгінгі жаһандану жағдайында ұлттық ерекшелігімізді, рухани табиғатымызды таза сақ­тап қалуымыз, бәсекеге қабілетті ел болуы­мыз – жастардың кемел біліміне, сананың тәуелсіздігіне байланысты. Өз тарихын біліп, өз тілінде сөйлеу, өз ғұрпын ұстап, өз дінін сыйлау – үлкен мә­дениет. Шетелге шығып, оқып келген жастар мұны жақсы біледі. Әрбір тұлға – өз елінің өкілі. Олай болса, біз де қазақ қалпымызды сақтап қалуға міндеттіміз. Қазақ болу, қазақты сүю, Қазақстанға қыз­мет ету – әрі мақтаныш, әрі қуаныш! Бұлбұлдай әуез төккен лағыл таңда, Бұл дұғам жамандықтан арылтар ма? Ақ ұлпа қар жауып тұр! Ақ нұрыңмен Қазақты жарылқа, Алла, жарылқа, Алла! Күләш АХМЕТОВА, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Тараз.