16 Желтоқсан, 2011

Жаһанға мәшһүр еткен жиырма асу

411 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы әлемдік тарих көзімен қарағанда, бұл – кішкентай ғана уақыт аралығы, ал жас тәуелсіз мемлекет үшін бұл – деген жас! Иә, осынау асқаралы асу – айтулы жетістіктер мен айқын жеңістердің кезеңі. Бүгінгі Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет ретінде әлемге өзін мойындатты. Аз ғана уа­қытта егемен ел болудың өзіндік жолын таң­дай алды. Толағай табысымыздың қазақ­стан­дық кілті – бұл еңбексүйгіштік, ұлттың бірлігі мен табандылығы, нақты мақсат-міндеттерді және оған қол жеткізуді анықтау және іске асыру, қоғамды дамытуда айқын да батыл шешімдер қабылдау. «Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың жүз­деген жылдармен өлшенетін арман аңса­рының жүзеге асқан ақиқаты. Сол себепті тәуелсіздіктің әрбір жылының біз үшін мәні бөлек, маңызы айрықша», – деп Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында атап көрсеткендей, Қа­зақстан Тәуелсіздігі – ең алдымен ұлты­мыздың ежелден бостандыққа деген асқақ рухының, өшпес жігерінің жеңісі. Ежелден еркіндік аңсаған ер қазақтың ең асыл мұраты еңселі ел болу еді. Арғы замандарды айтпағанның өзінде, тек кейінгі екі ғасырдың ішінде халқымыздың өз бос­тандығы жолында екі жүзден астам ұлт-азат­тық көтерілістерге шыққаны осының дәлелі. Бұдан 20 жыл бұрын қазақ жерінде атқан тәуелсіздік таңы ата-бабаларымыздың қасиетті күресінің заңды жемісі, нақты нәтижесі. Халқымыздың ақталған үміттері мен еліміздің орасан зор табыстарын тізіп шығу әрине, оңай емес. Әлемдік қауымдастықта Қазақстанның бет-бейнесіне айналып, жү­зеге асырылған жалпы мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларды атаудың өзі жеткілікті. Ядролық қарудан бас тарту, ұжымдық қау­іп­­­сіздік жүйесін құру, интеграциялық бастамалар, еліміздің әлемдік деңгейдегі жаңа ас­танасын салу. Осылай жалғасып кете береді. Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан жайлы мүлдем білмейтін елдердің басшылары бү­гінде Қазақстан Президентінің ақыл-ойын еріксіз мойындап, онымен санасатын, құр­мет­пен сыйлайтын болды. Оның мысалы да, көрінісі де, дәлелі де жеткілікті. Бұл орайда Қазақстанның тұрақты дамуының айқын көр­сеткіштеріне айналған Қазақстан жерінде өтіп, жыл сайын әлемді елең еткізген айтулы оқиғаларды тізбектеп айтуға болады. Сондай-ақ тарихымызда тұңғыш рет бабалардан қалған ұлан байтақ жеріміздің бар­лық көршілес мемлекеттермен шекарасы екіжақты келісіммен бекітіліп, заңдастырыл­ды. Ол құжаттар Біріккен Ұлттар Ұйымында мақұлданды. Осындай игі істердің оңды шешімін та­буында, өз аумағымыздың интеллектуалдық және инновациялық дамуына қомақты үлес қосуда біздің университетіміздің де алатын орны ерекше. М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті республикамыз­дағы ең ірі мемлекеттік жоғары оқу орын­дарының бірі екендігі баршаға мәлім. Осы уақытқа дейін Елбасының тапсырмасы бо­йынша, 2006 жылдан бастап Білім және ғы­лым министрлігінде өткізілетін «жоо-ның үз­дік оқытушысы» атты байқауда біздің уни­вер­ситеттің 15 оқытушысы осы құрметпен марапатталса, университеттің алдыңғы қа­тарлы ғылыми кадрлары докторантура бо­йынша республикалық мемлекеттік білім стан­дартын жасауға қатысты. Осындай нә­ти­желі көрсеткіштердің арқасында, университетіміз Қазақстанның ғылыми маман­дық­тары бойынша докторлық (PһD) бағдар­ла­маларын жасау тапсырылған 5 жоо-ның құрамына кіреді. 2006 жылдың 15 қыркүйегінде Болон (Италия) қаласында өткен универси­теттер­дің Ұлы Хартиясы президиумының шешімі білім ордасының ең үлкен жетістігі болып табылады. Яғни, М.Х. Дулати атындағы ТарМУ ұлттық білім беру саласындағы әлемнің 600 көшбасшы университетін біріктіретін Хар­тия коллегиясының толық мүшесі бол­ды. ТарМУ-дың университеттердің Ұлы Хар­тиясына кіруі – біз үшін маңызды оқиға. Бұл әлемдегі көшбасшы жоғары оқу орын­дарымен білім, ғылым саласында ғана емес, мәдени, саяси салада да ынтымақтаса жұ­мыс істеуге мүмкіндік береді. 2007 жылы университетіміздің бастама­сы­мен қазақстандық жоғары білім ордала­ры­ның ынтымақтастығын күшейту мақса­тын­да ТарМУ-дың және еліміздің ірі жоо ара­сында Қазақстан университеттерінің ме­мо­рандумына қол қойылды. Бұл құжатта қа­зақ­стандық жоғары оқу орындары жұмы­сының негізгі қағидалары көрсетілген. Қа­зақ­стандық жоо-ның ынтымақтастыққа деген құлшынысын білдіретін аталмыш меморандум отандық білім беру жүйесін жетілдіру жолындағы жаңа деңгей болып табылады. ТарМУ тәуелсіздік жылдарында оқыту­дың кредиттік технологиясына толығымен көшкен алдыңғы қатарлы оқу орнының бірі. Университет негізінде кредиттік жүйемен оқытуды жүзеге асыру бойынша респуб­ли­калық консалтинг орталығы жоғары дең­гейде қызмет етеді. 2005 жылы М.Х. Дулати атындағы ТарМУ ИСО – 9000-2001 халықаралық стан­дар­тына сәйкес сертификат алды. Жан-жақты басқару «Университет» интегративті білім жүйесін жасау мен енгізу, яғни Visual Fox Pro және Delphi бағдарламалау тілімен SQL Server платформасының базасы жолымен сапалы және үздіксіз ақпарат алмасуға қол жеткізді. 2008 жылы басқару үрдісіне «Tamos Uni­versity Suite» білім порталы енгізілді. Соны­мен қатар, Қазақстандағы 10 жоғары оқу орындарының ішінде университетімізде 2007 жылы «Зерттеудің наноинженерлік әдіс­тері» атты ғылыми-зерттеу зертханасы құрылды. Қазіргі уақытта университет ғалымдары шет ел мамандарымен бірлесіп жұмыс істеуде. Міне, осының барлығы Тәуелсіздік жылда­рында қол жеткізген толағай табыстар. Тәуелсіздік жылдарының басты міндет­те­рінің бірі – жастарға патриоттық және адам­гершілік, мәдени тәрбие беру. Ел тәу­ел­сіздігінің жиырма жылдығына орай университетте студенттер арасында спартакиада, көркемөнерпаздар конкурсы, ғылыми жо­­балар мен шығармашылық жұмыстар бой­ынша конкурстар, еліміз бен шетелдік ға­лымдардың қатысуымен ғылыми-тәжі­ри­бе­лік конференциялар өткізілуде. «Жас Отан» жастар қанаты, «Студенттік парламент» «Қазақстан студенттер альянсы», «Жа­сыл ел» ЖЕЖ, «Сымбат», «ТӘЖ» клуб­тары, «Сұңқар» спорт клубы, Студенттік кәсіподақ ұйымдары табысты жұмыс істеп келеді. Әлеуметтiк жұмыс пен жастардың тәжiрибе алмасуы, мәдени және экономикалық мәсе­лелерге қатысты семинарлар, конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткiзiп, өзектi мәселелер жөнiнде бiр мәмiлеге келу, ортақ шешімдер табу дәстүрлі істерге айнал­ған­ды­ғы қуантады. Тәуелсіз Қазақстанның тари­хын­да тұңғыш рет оқыту мен тәрбиенің бас­ты қайнар көзі ретінде педагогтың беделін көтеру мәселесі қойылды. Еліміздің ал­дың­ғы қатарлы университеттері секілді бізде де жаңа озық ғылыми бағыттағы жұ­мыс­тар жүргізіліп келеді. Біз интеллектуалды ұлт­тың жаңа буынын тәрбиелеп отырмыз. Қазірдің өзінде біздің жастарымыз барынша ойшыл, креативті және еркін болып өсіп келеді. Олармен жұмыс жүргізу үшін біз, аға ұрпақ, өз күш-қуатымызды үнемі жетілдіріп отыруымыз қажет. Азаттықтың 20 жылдығын тарихымыз­дың алтын кезеңі болды деп айтуға бүгінде толық негіз бар. Қазақстан дүние жүзіне әйгілі, әлемдік қоғамдастыққа өзін мойын­датқан мемлекетке айналды, ал Елбасымыз адамзат тарихының келешектегі бағыт-бағ­дарын анықтап отырған әлемдік көшбас­шы­лардың қатарына қосылды. Алдымызда әлі талай асулар мен белестер бар. Әрине, әлі көптеген сындардың кездесері анық. Әр азаматтың жүрегіне ертеңге деген сенімді берік бекіткен – Ел тәуел­сіз­дігі, шын мәнінде қымбат та қадірлі ұғым. Тәуелсіздікті сақтау – болашақ ұрпақ алдын­дағы біздің қасиетті міндетіміз. Әшімжан АХМЕТОВ,  М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор. Тараз.