16 Желтоқсан, 2011

Қазақстан армиясы. Ол осылай құрылған еді

394 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әскери ғы­лым­дар докторы, профессор, Ресей Федерациясы Әскери ғылым акаде­миясының корреспондент мүшесі Ким СЕРІКБАЕВ – сонау 90-шы жыл­дар­дың басында егемен еліміздің Қарулы Күштерін құруға белсене қатысқан ардагер ағаларымыздың бірі. Қаз басқан тәуелсіздігіміздің алғашқы қиын да күрделі кезеңінде жас мемлекетіміздің іргесін бекітер, елдің құрыш қалқаны болар жаңа тұрпатты ұлттық әскер құрудың бел ортасында жүрген қайраткер азамат әлі де сапта. Алматы қаласы Медеу аудандық ардагерлер ұйымына жетекшілік етеді. Біз тәуелсіздіктің берік қорғанысын қамтамасыз еткен оқиғалардың осынау белсенді қатысушы куәгеріне жолығып, әңгімелескен едік. – Ким Серікбайұлы, сол кездегі ахуал­ды еске түсіріңізші. Тәуелсіз Қазақ­станның дер­бес өз әскерін құру жолын­дағы алғашқы қадамдар қалай жасалды? – Ертедегі Рим ғалымы, әскери теоретик Корнелий Тацит: «Әрбір ұлы істің артында қа­уіпсіздікке деген талпыныс жатыр», дейді. Ұлы ойшылдың бұл тұжырымы қазіргі заманда да өзекті, әсіресе, өз тәуелсіздігін алған мемлекет үшін маңызы зор. Еліміздің Қарулы Күштерін қалыптас­тыру мен дамыту мәселелері әуелден-ақ республика саяси және әскери басшылығының басты на­зарында болды. Бұл мәселеден еліміздің жал­пы жұртшылығы да шет қалған емес. Қарулы Күштерге деген қызығу­шы­лық­тың қызуы әлі де басылмаған сыңайлы. Мысалы, биылғы жылдың 27 қыркүйегіндегі «Республика» газетінің №33 (209) нөмірінде жарық көрген «С кем собрался воевать Казахстан?» («Қазақ­стан кіммен соғысқа шық­пақшы еді?») мақа­ласында 19 жыл бұрын орын алған пікірталас қайта жаңғырған. Еске сала кетейін, ол кездегі пікірталас оңай болған жоқ. «Егемен Қазақ­стан бейбіт саясат ұстайды, сондықтан да Қарулы Күштерін ұстаудың еш қажеті жоқ...» деген пікір сол жылдары айтылған еді, соны жақтаушылар қазір де табылуда. 1992 жылдың басында мен жаңадан құрыл­ған Президент Аппараты мен Ми­нистр­лер Кабинеті Қорғаныс бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалдым. Бөлімге асқан жауапкершілікті талап ететін жұмыс­тар жүктелді: бұрынғы одақтас республикалар, сондай-ақ алыс шет елдерде өтіп жатқан үдерістерге байланысты ғылыми талдау жұмыстарын жүргізу; жас егемен мемлекет­тің әскери қауіпсіздігін қамтама­сыз ету бойынша тиісті ұсыныстар даярлау міндеттері тұрды. Бөлімге тәжірибелі әскери мамандар – запастағы офицерлер шақырылды: Кәрім Әбілғазин, Роллан Қаратаев, Иван Ралов, Мәр­лен Тыныбеков, Петр Черкашин және басқалар. Осы мамандармен және Қорғаныс министр­лігінің қызметкерлерімен бірлесе оты­рып бөлім ауқымды да күрделі жұмыстарды орындады. – Қазақстан армиясын қалыптас­тырған алғашқы уақытта негізінен қан­дай мәсе­леге көңіл бөлдіңіздер? – Ол кезде ең басты деген үш мәселені назарда ұстадық. Олар: Қарулы Күштер құры­лысының құқықтық арқауын құру; әскердегі кадрлар жетіспеушілігін шешу; армияда жүр­гізіліп жатқан реформаларды ғы­лыми негіздеу. Өкінішке қарай, тіпті ғылы­ми дәрежесі бар, пацифистік бағытты ұстанған кейбір адамдар­дың ықпалымен аталған мәселелер төңірегінде пікірталас туындады. Сол себепті біз республика басшылығымен кеңесе отырып, еліміз­дің ұлттық мүддесін қорғау шараларын қарас­тыратын әскери саясат негіздерін баяндаған мақала әзірледік. 1992 жылғы 25 қарашадағы «Казахстанская правда» газетінде «Қазақстан­ның Қарулы Күштері: проблемалары мен болашағы» тақы­рыбында үлкен мақала жарық көрді. Онда Қорғаныс министрлігі мен Қор­ғаныс бөлімінің ой-пікірі баяндалғандықтан, оған С.Нұрмағамбетов пен менің қолым қойыл­ды. Бүгін мен сол мақаланың маңызды ықпалы болғанын айта аламын. Себебі, сол жылы 19-25 желтоқсан аралығында еліміз­дің Жоғарғы Кеңесі алғашқы Әскери доктринаны және бірқатар әскери заңдарды талқылап, қабылдауды күн тәртібіне енгізді. 1992 жылы 8 желтоқсанда Президент Нұр­сұл­тан Назарбаев Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы ретінде күштік ведомстволар құрамаларының басшылары мен командир­лерінің алғашқы жиналысында: «Біз – егемен, тәуелсіз мемлекетпіз, сондық­тан қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі ішкі және сыртқы саясатты қалыптас­тырудың жалпы құрылы­мындағы ең өзекті мәселе болуы қажет. Сол себепті бізге саны жағынан шағын, бірақ заманға сай қару-жарақпен жабдықталған, жо­ғары ұтқыр, білімді, егемен елімізді қорғау мүддесі үшін кез келген жағдайда түрлі іс-қимылға даяр армия қажет», деген кесімді пікірін айтты. 1992 жылдың 16 желтоқсанында Елбасының осы пікірді өрбіткен мақаласы республи­калық баспасөзде жарыққа шыққан­нан кейін пацифистік пиғылдағы пікірлер біраз тынышталып қалды. – Қарулы Күштеріміздің құқықтық негізін жасау орайындағы табанды талпы­ныстарды еске түсіріңізші? – Әрине, дербес Қарулы Күштерді құру және дамыту үшін әскери қызметті, Отанды қор­ғаушыларды әлеуметтік жағынан қорғау мәселелерін тиянақтайтын сенімді құқықтық база талап етілді. Дайындалған заң жоба­ларын Жоғарғы Кеңесте талқылау және оларды қабыл­дау өте күрделі жағдайда өтті. 1992 жылғы 21-22 желтоқсанда «Қорғаныс және Қарулы Күштер туралы» заң жобасына қа­тысты менің баяндамамнан кейін әс­кери қауіпсіздікті қам­­тамасыз ету бо­йынша қар­жы­лан­дыру шаралары қа­растырылған 19­­-баптың мазмұны бойынша қызу пікірталас болғаны есім­­нен кетпейді. Бір­қатар депутат­тың ойсыз қызбалықпен айтқан «Армия бізге неге керек?» деген сияқты пікірлері жүйкеге қатты тиді. Заң жобасының аталған бабын қолдаған депутаттар да болды. Олар – генерал-майор Б.Байтасов, академик М.Қозыбаев. Депутаттардың пацифистік тобы арандатып бақса да, Жоғарғы Бас қолбасшының қаты­суы­мен аталған бап өзгеріссіз қабылданды. Есімде қалған тағы бір-екі жағдай, Қорға­ныс министрінің орынбасары генерал-майор Т.Әубәкіровтің «Әскери қызметшілер мен олар­дың отбасы мүшелерінің мәртебесі мен әлеу­меттік қорғалуы туралы» заң жобасының тұң­ғыш қазақ­стандық ғарышкер беделімен сөзсіз қабылдануы, ал Қорғаныс министрінің басқа орынбасары генерал-лейтенант А.Рябцевтің «Әс­кери қызметшілер мен қауіпсіздік орган­дары қызметкерлерінің зей­нет­ақымен қамтама­сыз етілуі туралы» заң жоба­сының қызу пікірталас тудырғаны. Бірақ депутат М.Қозыбаевтың: «Егер біз бөтен армияны асыра­ғымыз келмесе, өз армиямыз үшін қажетті қаржы­ны бөлуіміз керек», деген сөзінен кейін бұл жағдай шешімін тапты. Сондықтан, бүгін мен осындай дана адам­дарды еске алмауым мүмкін емес, олардың кейбірі қазір ортамызда жоқ, бірақ олар бүгінгі армиямызды құруға белсенді атсалыс­ты. Сонда алғаш қабылданған құжаттар, Әскери доктрина және төрт заң біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасының сенімді қорғаны болып отырған Қарулы Күштеріміздің құрылуы мен нығаюындағы басты құжаттар болғанын атап көрсетемін. – Сол кездегі ұлттық әскери кадрдың аздығы қиындық тудырмай қалмаған шығар? – Республикамыздың әскери басшылығы бастан өткізген бұл жағдай С.Нұрмағам­бетовтің «А в памяти нет тишины» кітабында нақты жазылған. Тұңғыш Қорғаныс министрі сол жыл­дардағы ахуалды бағамдай отырып, «кадр тапшылығы» деген терминді қолда­нады. Бұл шындық. Қазақстандық армия құру барысында барлық әскери құралымдарда взвод­тан диви­зияға дейін офицер кадрлардың жетіспеушілігі өткір мәселе болды. Әсіресе, жоғары буындағы офицерлер тым аз еді. Кеңестік кезеңнің 74 жылында қазақ халқы­ның тек үш өкілі ғана Бас штабтың Әскери академиясын бітірген, тек екі адам ғана әскери ғылымдар кандидаты ғылыми дәрежесі бойынша диссертация қорғады. Мұнан біз ұлттық әскери кадрлар даярлау мәселесіне ол уақытта ешқандай көңіл бөлінбегенін көре­міз. Әскери комиссариаттар мен республиканың Азаматтық қорғаныс жүйесінде 1949 офицер қызмет атқарды, оның ішінде ұлты қазақтары 247 (12,6%) ғана болды. 19 облыстық әскери комиссардың тек 5-уі ғана қазақ еді. КСРО Қарулы Күштері бойынша жалпы 2 830 офицер қазақ ұлтынан болса, Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесіндегі 190 офицер­дің тек 6-уы қазақ (3%) болды. Училищеде батальон командирінің бірде-біреуі қазақ ұлтынан болған емес, курсанттардың санына келсек, 87 (9,4%) қазақ баласы болды. Әскери кадр сая­сатының осындай зардаптары, әрине, қиын­шылыққа кезіктірмей қоймады. Әсіресе, әскери білім саласы жүйесінде ұлт­тық әскери кадрларды даярлау ең көкейкесті мәселе еді. Ол уақытта Қазақстанда Құрлық әскерлері офицерлерін даярлайтын бір ғана әскери оқу орны – Кеңес Одағының маршалы И.Конев атын­дағы Алматы жоғары жалпы әскери коман­далық училище (АЖЖӘКУ) болды. Мұн­да бұ­рынғы Кеңес Одағының барлық Қарулы Күштері үшін мотоатқыштар взводта­рының командирлері даярланды. Кейін республикамыздың мүддесі үшін аталған оқу орнында тек мотоатқыш офицерлер ғана емес, қазақстандық жастардан, оның ішінде ұлты қазақ жастарын қабыл­дау арқылы танкіші, артиллерияшы, байла­ныс­шы және басқа маман­дарды даярлау мақ­сатында училищені қайта мамандандыру қа­жеттігі туындады. АЖЖӘКУ бастығы болып ынталы да жігерлі жас офицер А.Тасболатов таға­йындалды. Ол ұйымдастырушылық дары­нын таныта оты­рып, кадрлар мәселесінің оң шешілуіне ықпал етті. 1997 жылы училище әскери академия болып қайта құрылды. Әскери дипломат, тәрбие жұмыстары сала­сы (бұрынғы командирдің орынбасары-саяси жетекші) бойынша мамандар зәрулігі сезілді. Сол уақыттағы жағдайлар мен мүм­кін­діктерді саралай келе, біз бірқатар ұсы­ныстар жасадық. Менің «Духовный потенциал армии» (Казахстанская правда, 19.02.1993 ж.) және «Где нам взять военных дипломатов?» (Казахстанская правда, 12.05.1993 ж.) деген мақалаларымдағы ұсыныстар бас­шылық тарапынан қолдау тапты. Көп ұзамай-ақ, рота командирінен Қорғаныс министріне дейін тәрбие жұмысы жөніндегі командир орынбасарларының институты ашылды, сон­дай-ақ елшілік қызмет үшін мамандар даяр­лайтын азаматтық жоғары оқу орын­дарының әлеуеті пайдаланылды. Қорғаныс министрлігі прапорщиктер және сержанттар қатарынан кіші лейтенанттарды даярлау жөніндегі курстар құрды, сонымен қатар, экстернат жүйесі ашылды. Қысқасы, сол бір жедел де ұтымды шаралар жетіспеушіліктердің ор­нын толты­руға игі ықпал етті. Бүгінгі таңдағы жағдай басқаша. Қорға­ныс министрлігі, өзге де күштік құрылым­дар жо­ға­ры білікті мамандарды «өз шаңы­рақта­рында» даярлау үшін барлық қажетті жағдай­ды қалыптастырды. Оннан астам әскери (арнайы) оқу орны қызмет етуде, сондай-ақ әскери мамандарды шет елдерде даярлау үрдісі де өріс табуда. – Бастапқы кездерде Қарулы Күш­терімізді құрудың ғылыми тұрғыдан дә­йек­телуі қалай жүзеге асты? Тәуелсіз ел әскерінің Әскери доктринасы да тәуел­сіз болуы керек емес пе? – Алғашқы кезде Қарулы Күштерді қайта құру жөніндегі кейбір шешімдер асығыс қабылданды, ғылыми дәйектілік тура­лы сөз қозғалмауын айтпағанның өзін­де, көбінесе жекелеген тұлғалардың ғана пікірі есепке алынды. Екіншіден, әскерді қайта құруды жүргі­зудегі әскери ғылымның рөлі дұрыс баға­лан­бады. Осылайша, істейтін ісі жоқ офицерлер ғана ғылыммен айналысуға тыры­сады деген пікір ұзақ уақыттар бойы бой көрсетіп жүрді. Бұл пікір: «Г.Жуков пен Б.Момышұлының ешқандай да ғылыми дәрежесі болған жоқ, бірақ мықты соғы­сатын», деп дәйектелді. Мұның зардабы сол, Ресейдің әскери жоғары оқу орын­дарында біздің өкілдерімізді тегін оқыту жөнінде келісім болғанына қарамастан, алғашқы 5 жылда бұл мәселе көзделмей қал­ды. Осының салдарынан еліміздегі әскери-ғылыми кадрларды даярлауда 5-6 жылды зая кетірдік. Дегенмен, біз де қарап жатпадық. Генералдар Нұрғали Асылов пен Абай Тасболатов, полковниктер Пернехан Ермекбаев, Роллан Қаратаев сынды әскери ғалымдар қазақ­стандық әскери ғылымның іргетасын қалау жолында қажырлы еңбек етті. Олар­дың бас­тамалары белгілі тарихшы ғалым­дар М.Қозыбаев, Қ.Аманжолов және П.Белан секілді ғылым докторлары мен соғыс ардагерлері тарапынан қолдауға ие болды. Бұл ғалымдар әскери қызмет­шілермен бірге әскери оқу орындарында адъюнктуралар мен диссерта­ция­лық кеңес­тердің ашылуына ықпал жаса­ды. Алғашқы қазақстандық әскери ғалымдар пайда болды. 2001 жылы офицерлер Георгий Дубовцев, Хайырлы Мұхамбетқалиев және Михаил Шлейконың жүргізген ғылыми зерттеулері жоғары баға­ланып, олар әскери ғы­лымдар канди­даты ғылыми дәрежесі бойын­ша диссертация­ларын табысты қорғады. Соңғы екеуі бүгін­де ғылым докторлары. Ғалымдардың ұсынысын үшінші Қорға­ныс министрі М.Алтынбаев қолдай отырып, министрлік жанынан әскери-ғылыми орта­лық құрды. Бұл орталықты әскери-техника ғы­лым­дарының кандидаты полковник П.Ермекбаев басқарды. Өкінішке қарай, осы құрылым нақтылы жеке міндеттерді орын­да­ғандықтан, өзіне тән қызметінен айырылды да, қайта құрылып Ұлттық қорғаныс университетінің құрамына енгізілді. Бірақ «ештен кеш жақсы» демекші, Қор­ғаныс министрлігі мен басқа күштік ведомстволар басшылығы жүргізіліп отырған рефор­маларды ғылыми тұрғыда негіздей келе, қазақстандық әскери ғылымды нығайту мақсатында Ресей, Белоруссия және Украина­ның әскери ғалымдарын пайдала­нып, ғылым саласын көтеру орайында нақты қадамдар жасады. Сөйтіп, бірнеше жыл ішінде көпте­ген жоғары дәрежелі әскери-ғылыми кадрлар даярланды. Қазіргі уақытта бізде 9 әскери ғылым докторы, 15 әскери ғылым кандидаты бар. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Дегенмен, менің ойымша, ұлттық қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету бағытындағы ғылы­ми-зерттеу жұмыстарында барлық күштік ведом­стволардың қажыр-қайратын бір бағытта үйлестіріп, біріктіру қажет сияқты. Бұл, біріншіден, әскери қауіп­сіздікті қамта­масыз ету мәселесі бойынша салмақ­ты ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге ықпал етеді, екінші жағынан, зерттелген мәселелердің қай­та­лануына жол бермес еді. Мемлекеттің Тәуелсіздігі – біздің ең басты құндылығымыз, халық игілігі. Олай болса, алдағы уақытта да Қарулы Күште­ріміз Қазақстан Тәуелсіздігінің құрыш қал­қаны бола берсін демекпін. – Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ.

Алматы.