Қазақстан • 10 Шілде, 2018

Қазақстан режиссерлерінің бағы жанбады

490 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Отандық киноөндірісті дамыту, бүкіл әлем бойынша нөмірі бірінші өнер ретінде жер-жаһанды жаулаған кино тілімен мәдени және ұлттық мүддені жүзеге асыру, Еуропа және Азия кинематографтары арасындағы кинобизнесті өркендету мақсатында ұйымдастырылған Еуразия кинофестивалі халықаралық қоғамдастық алдында еліміздің оң имиджін қалыптастыруда зор маңызға ие. 

Қазақстан режиссерлерінің бағы жанбады

Орталық Азиядағы ең ірі әрі басты кинофестиваль болып отырған бұл халықаралық мәдени шараның мәртебесі бүгінде Канн, Венеция, Берлиндегі кинобәйгелерден кем аталмайды. Өйткені Астанадағы байқаудың басқа бәйгелермен салыстырғандағы негізгі ерекшелігі – ұлттық идеясы айқын танылған фильмдерге басымдық беру, өн бойынан тек сол халыққа тән өзіндік өмір салты мен рухани құндылығы көрінген картиналарды екшеп шығару. Бір аптаға созылған бәйгеде мұндай талап үдесінен шыққан шымыр туындылар аз болған жоқ. XIV Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биылғы бәйгенің конкурстық және конкурстан тыс бағдарламасына 1000 өтінім келіп түскен. Орталық Азияны қосқанда, күллі әлемнен конкурсқа – 12 толық метражды картина, қысқа метражды фильмдердің конкурсына – 36 картина, «Керуенге» – 9 картина, «Еуразия жүрегінде» конкурсына – 9 картина, «НЕТПАК таңдауына» – 3 картина, «Бүкіл әлемде» конкурсына – 10 картина, «Ерекше оқиғаға» – 7 картина, «Объектив»  деректі кино бағдарламасына – 12 деректі фильм келіп түсіп, конкурстық және конкурстан тыс бағдарламаға барлығы 98 картина қатысқан. Оның ішінде 21 фильм – Қазақстан өнімі.

Биылғы кинофестивальдің құрметті қонақтарының сапында әйгілі француз актёрі Венсан Кассель, югослав және сербиялық кинорежиссёр,  актер Эмир Кустурица, «Айка» фильміндегі рөлі үшін 71-Канн кинофестивалінің «Үздік әйел актриса» сыйлығын иеленген Самал Есләмова, ресейлік театр және кино актрисасы Равшана Куркова, ресейлік театр және кино режиссері Сергей Пускепалис пен Анна Меликян, өзге де кино жұлдыздар, халықаралық кинофестивальдердің жетекшілері, Еуропа, Азия, Африка, Америкадағы кино саласының белгілі сарапшылары мен сыншылары, мәдениет қайраткерлері болды. Франция, Сербия, Оңтүстік Корея, Түркия, Иран, АҚШ, Өзбекстан, Ресей, Жапония, Қытай, Гонконг, Үндістан, тағы басқа шет мемлекеттерден келген делегациялар құрамындағы 160 әлемдік кино өнерінің майталмандары Отанымыздың орталығы Астананың 20 жылдық мерейтойына қатысып, ұлттық мәдениетіміз бен өз ажары қалыптасқан кино өнерімен танысудың мүмкіндігіне кенелді. Апта бойы XIV Халықаралық «Еуразия» кинофестиваліне үкілеп қосқан әр фильмді үмітпен тамашалап, бейтаныс елдердегі киноның дамуы мен деңгейіне өз бағасын беріп, ой түйді.

Кеше аяқталған кино мерекесінің қортындысы шығарылып, Орталық Концерт залында өткен жабылу салтанатында қазылар алқасы жеңімпаздардың есімін жариялады. Бірден айта кету керек, биылғы бәйгеде Қазақстан картиналары мен режиссерлерінің бағы жанбады. Негізгі конкурс бойынша Гран-при режиссер М.Гарель Вайстың «Сауық кеші аяқталды» фильміне (Франция) берілді. «Үздік режиссерлік жұмыс» жүлдесін «Ага» фильмі үшін Милко Лазаров (Болгария, Германия, Франция) иеленді. «Қазылар алқасының арнайы сыйлығын» екі фильм: режиссер Мария Хатчанидің (Грузия) «Ана» («Деде») фильмі мен оңтүстіккореялық режиссер Хидже Джонгтің «Автостоп қуушы» фильмі жеңіп алды. Ал Өзбекстан киносының бүгінгі жарық жұлдызы актер Карим Мирхадиев «Қайсарлық» фильміндегі ролі үшін «Үздік ер адам» атанса, «Үздік әйел бейнесі» «Анна соғысындағы» ролі үшін ресейлік Марта Козловаға бұйырды.

Қысқа метражды фильмдердің конкурсындағы Гран-примен режиссер Суборна Сенжутидің (Үндістан, Бангладеш) «Балықтар монологы» фильмі және «Қазылар алқасының арнайы назары» жүлдесімен режиссер Игорь Поплаухиннің «Күнтізбе» фильмі марапатталса (Ресей),  НЕТПАК таңдауы режиссер Е. Стишковтың (Ресей-Қырғызстан-Польша) «Сүлеймен тауы» фильміне және ФИПРЕССИ таңдауы да Е. Стишковтың «Сүлеймен тауы» фильміне түсті.

Сондай-ақ, «Кинонарық» аясында 3 шілде күні Еуразия Жобалар Нарығы өз жұмысын аяқтады. Бұл жобаға 31 сценарий келіп түсті, оның ішінен әрі қарай конкурста бақ сынау үшін 10 сценарий іріктелді. Кинофестиваль аясында 2-EurasiaFilmMarket кино нарығы өтті. Оған 70 кинокомпания қатысты. Оның 30-ы шетелдік болса, қалған 40-ы қазақстандық компаниялар. Еуразия Жоба Нарығының қорытындысы бойынша қазылар алқасы қатысушылар арасынан екі басты сыйлықты анықтады. NewYorkFilmAcademy, яғни Америка киноакадемиясына екі айлық тағылымдамадан өту сыйлығы «Ыстық күн, салқын сыра» (Әмір Әменов, Қазақстан) мен «Жалғыз қайың» (Дальмира Тілепберген, Қырғызстан) жобаларына берілді. Екінші сыйлық – «Еуразия» ХКФ-нің делегациясымен бірге «А» санатындағы кинофестивальге бару «Шекара» (Асхат Кучинчиреков, Қазақстан) фильміне бұйырды. Бұдан бөлек, қазылар алқасы «Альчики» (Артур Веэбер, Қырғызстан-Ресей) жобасын да ерекше атап өтті. Сондай-ақ, XIV Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің аясында отандық кинематографияның заң жобасы талқыланған дөңгелек үстел болып өтті.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»