Қазақстан • 10 Шілде, 2018

Алматыда білім беру жүйесіндегі зерттеулер талқыланды

495 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздің педагогика саласындағы жетекші білім ордасы – Абай атындағы ҚазПҰУ ғылыми жобалардың маңыздылығына баса назар аударып келеді.

Алматыда білім беру жүйесіндегі зерттеулер талқыланды

Оған дәлел ретінде аталған университетте Ұлттық Зерттеу университеті «Жоғары экономика мектебі» Білім беру институтымен бірлескен Қазақстан–Ресей білім саласындағы зерттеулерге арналған семинарын атап өтуге болады.  

Семинардың маңыздылығына тоқталған университет ректоры Т.Балықбаев жоғары оқу орнының еліміздің білім кеңістігінде алар орны, маңызы туралы кеңінен баяндай келе ғылымды дамыту мақсатында биылғы жылы жас ғалымдар арасында жарияланған байқау қорытындысына сәйкес 25 жобаның іріктелгенін атап өтті. Бұл мақсаттағы жобаларға үш жыл ішінде бөлінетін қаржы сомасы 100 млн теңгеге жуық. Яғни, келесі жылғы даму стратегиясында оқу орны зерттеу университеті ретінде қарастырылатын болады.

Семинар барысында екі негізгі мәселе талқыланды, біріншіден, зерттеу университетінің даму стратегиясы болса, екіншісі, «Жоғары экономика мектебі» Білім беру институтының ғалымдары жасаған зерттеулер. Ал алдағы уақытта ғылыми зерттеулер, тәжірибе алмасу, т.б. бағдарламалар аясында ынтымақтастыққа қол жеткізілетін болады.

Ұлттық зерттеу университеті «Жоғары экономика мектебі» Білім беру институтының өкілдері И.Фрумин, В.Болотов, П.Сергоманов, С. Малиновский және Е.Карданова және т.б. семинар барысында цифрлық трансформация, жоғары білім берудегі теңсіздік және білім беруде бағалаудың заманауи тәсілдері - жаңа құралдар мен технологиялар тақырыптарында баяндама жасады. Сонымен қатар өзекті ғылыми жобаларды жүзеге асырудың мүмкіндіктері мен келешегі талқыланып, тың жобалардың таныстырылымы өтті.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»