Қазақстан • 11 Шілде, 2018

Құқық қорғаудағы ілкімді істер

426 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасының прокуратура органдарының алдына қойған міндеттеріне сай бүгінде атқарылып жатқан оңды істер аз емес. Кеше Бас прокуратурада өткен алқа отырысында жарты жылдық жұмыс қорытындысы талқыланды. Алқа жұмысына Бас прокурор Қайрат Қожамжаров төрағалық етті.

Құқық қорғаудағы ілкімді істер

Конституциямызда жа­зыл­ғандай, еліміздің ең қым­бат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады. Міне, осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, бұл міндеттерді ойдағыдай орындау, іске асыру жолында прокуратура органдары талап деңгейінен табылып келеді. Әсіресе қылмыстық сая­сатты ізгілендіру бағытында қомақты жұмыс атқарылғанын айту парыз. Мәселен, Елба­сы­ның ағымдағы жылы қаңтар айын­да халыққа арнаған Жолдауы аясында жаңа заң жобасы әзірленген. Осы жаңа заң жобасына тоқталған Бас прокурор: «Қылмыстардың 260 құрамы бойынша қоғамдық жұмыс пен бас бостандығынан шектеу енгізілді. Айыппұл көлемі төмендетілуде, 36 құрам бойынша бас бостандығынан шектеу мерзімі азайтылды. Ауыр қылмыстар бойынша жауап­тылыққа тартудың ұзақтық мерзімі 5 жылға қысқар­тылды. Жалпы бұл 5 мыңға дейін сотталғанды бостан­дыққа шығаруға мүмкіндік береді. Осы орайда одан әрі заң­ды­лықты нығайту барысындағы жұмыстарды жалғастыра береміз», – деді. Ал бұл аталған жаңа заң жобасына сәйкес, Қыл­мыстық кодекстің 255-бабына, Қылмыстық-процестік кодекс­тің 16-бабына және Қыл­мыс­тық-атқару кодексінің 6-бабына өзгерістер енгізілді. Мемлекет басшысы Заңға қол қойды.

Тағдыр тәлкегіне ұшырап, жазатайым жаза басып сотталып жатқандар жанайқайы көбіне естілмей қалады. Міне, сондай адамдардың арасында жазықсыздарды арашалауда Бас прокурордың наразылығы нәтижесінде Жоғарғы сот 269 сот үкіміне өзгеріс енгізді. Нәти­жесінде 12 адам ақталды.

Сонымен қатар 1 жылдан 7 жылға дейін колониялар­да жазықсыз отырған үш адам да ақталды. Оған қоса, 233 сот­талғанның жазасы жеңілдетілді. Тіпті бас бостандығынан айырылып, түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқандарға заңсыз үкім де шығарылған. Мәселен, сотталған Шакероваға қатысты шығарылған соттың 5 заңсыз үкімі жойылыпты. Оның ішінде ол екі іс бойынша ақталған. Сол сияқты ұсталғандар мен қамау­ға алынғандар саны да үш есе азайған. Бұл Бас прокура­ту­раның қылмыстық процестің құқық қорғау әлеуетін арттыру арқылы жүзеге асып отыр. «Жаңа институттарды енгізу нәтижесінде құқық қорғау жүйесінің жалпы қызметі қайта жаңартылды. Соған сай оның нәтижесі де байқалып отыр. Ұсталғандар саны үш есеге, қамауға алынғандар саны 6,8-мыңнан 4,8 мыңға дейін тө­мендеді», деді баяндамашы.

Прокурорлардың азаматтық істерге қатысуы нәтижесінде 15,6 млрд теңге көлемінде мем­ле­кеттің мүддесі қорғалған. Мәсе­лен, Алматы қаласының соты ойын бизнесі үшін салын­ған салық органы хабарлама­сы­ның күшін жойыпты, нәтиже­сінде «Букмекерлік кеңсе «OLIMPKZ» ЖШС 1,8 млрд тең­ге көлеміндегі салық төлеуден боса­тылған. Сөйтіп ойыншылар­дан интернет-ұтыс алатын бук­мекерлік кеңсе мемлекетке салық төлемей қойған. Ақыры Бас прокурордың Жоғарғы сот­қа жолдаған наразылығының не­гі­зінде жоғарыдағы сот ак­ті­лері­нің күші жойылды. Ал «OLIMPKZ» ЖШС өтініші қа­на­ғат­­тан­дырылмады. Сөйтіп атал­ған се­ріктестік мемлекетке кел­тір­­ген залалды толықтай өтеді.

Жалпы прокурорлар еңбек заңнамасының бұзылмауын қадағалауда аса қырағылық танытып келеді. Мәселен, олар еңбек ету жағдайы қауіпті жә­не зиянды кәсіпорындардан 27 мың заң бұзушылықтың орын алғанын әшкереледі. Ол заң бұ­зу­шылықтар еңбек шартын қол­дануда, өндірістік нормаларды, санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігін сақтауда жіберілген. Осындай заң бұ­зушылықтардың салдарынан жапа шеккен 45 мың азамат­тың құқығы қорғалыпты. Ең­бекақы бойынша жарты миллиард теңге қарыз өтелген. Осындай жұмыстардың арқа­сында «Қарашығанақ Петро­лиум оперейтинг БВ» қазақ­стан­дық филиалының, «СБК «Қаз­мұ­най­газ-Бұрғылау» ЖШС, «Мос­т­остроительный отряд №25 им. Рязанова» ЖШС және т.б. кә­сіп­орындарда қызмет ететін 405 мың жұмысшы қайғылы оқи­ғалардан алдын ала сақтан­дырылды. Ал «Восток­цветмет» ЖШС, «Қазцинк», «Жам­былские электрические сети» және т.б. кәсіпорындарда 2,5 мың жұмысшының жұмыс орнында өндірістік қауіпсіздік нормаларын сақтауы қалпына келтірілді.

Қазіргі күндері Бас проку­ра­тураның «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жобалары бойынша оңды шаралар қолға алынып отыр. Бұл орайда Қ.Қожамжаров: «Бас прокуратура процестерді цифрландыру бойынша көптеген шаралар қабылдауда. Жыл басынан бері 4 мыңнан аса қылмыстық іс және 160 мың әкімшілік іс электронды түрде тергелуде», дейді. Бұлардың ішінде 2,5 мыңы қылмыстық теріс қылық және жеңіл қылмыстар бойынша болса, 1,5 мыңы – орташа ауырлықтағы, қалғандары ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша. Және осы тергеліп жатқан қылмыстар барлық құқық бұзушылықтар санының 2%-ын құрайды. Ал электронды түрдегі 1,8 мың іс сотқа жолданып, оның 1,3 мыңына қатысты шешім шығарылған.

Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»