Қазақстан • 11 Шілде, 2018

Ерлан Сағадиев Сәуле Айтпаеваны ҮЕҰ өкілдерімен таныстырды

293 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы Ұлттық ғылым академиясында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев маусым айында Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне тағайындалған Сәуле Айтпаеваны балалардың құқықтарын қорғаумен айналысып жүрген ҮЕҰ өкілдерімен таныстырды. 

Ерлан Сағадиев Сәуле Айтпаеваны ҮЕҰ өкілдерімен таныстырды

Басқосудың мақсаты – аза­мат­тық секторлармен өзара іс-қи­мылдың жаңа тетіктерін қарас­тыру мен балалардың өмір сүру сапасын әлеуметтік және құқықтық кепілдіктермен қамтамасыз ету үшін тиімді шараларды қабылдау.

Азаматтық сектор өз кезегінде  балалардың құқықтары мен мүд­делерін қорғауды жүзеге асыра­тын мәселелерде қоғамдық бақы­лаушының міндетін атқаратыны аян. Сондықтан кездесуге келген қоғам белсенділері мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, рес­публикада балалықты қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастыру мә­селелерінде бірлескен қызмет нысандары мен диалог құруға ұмтылатыны белгілі. 

Оның үстіне соңғы жылдары бала Омбудсменіне артылған жауап­кершілік бұрынғыдан да күшейді. Қазіргі таңда балаға қа­тысты қылмыстардың өршуі Омбудсмен қызметінің өзекті бола түсетінін көрсетуде. Баланы  дәрет­ханаға лақтыру, зорлау, өлтіру, сату, еңбегін қанау, ерте жүктілік, суицид сынды мәселелер легі қоғамның алаңдаушылығын тудырып отыр. 

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл бұл өрескел жайттардың бірін де айналып өтпейді. Бірақ Омбудсменге жиналғандар тарапынан көбінесе электрондық күнделіктерге қатысты сауалдар қойылды. Қоғамдық ұйымдардың ойынша, электрондық күнделікті ендіру салдарынан ата-аналар мектепке баруды қойған. Алайда бұл мәселеге қатысты Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев өз уәжін айтып, керісінше соңғы жылдары ата-аналар жиналысына қатысатындар саны 1,5 есе өсті деген деректі алға тартты. 

Кездесуде «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қоғамдық қоры­ның жетекшісі Аружан Саин ай­мақтардағы мәселелерді алға тартты. Оның ойынша, жергілікті атқарушы органдар тұрғындардың мәселелеріне жүрдім-бардым қарайды. Сол сияқты Аружан Саин Омбудсменнің өз штаты бо­луы керек дейді. «Бір ғана Ом­будсмен барлық жағдайды игере алмайды. Институт та өз­гер­ді жә­не заңдарды да қайта қарау қажет. Қоғамдық ұйымдарға да иек артуға болады», дейді А.Саин. 

Өз кезегінде Сәуле Айтпаева тоқсанына бір рет жергілікті атқарушы органдарды қатыстыра отырып, бейнеконференциялар ұйымдастыру қажеттігін атады. 

– Қазіргі таңда азаматтар бір­ден орталық атқарушы органдарға немесе Бала құқықтары жөніндегі уәкілге жүгінеді. Сондықтан Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Білім және ғылым министрлігі алаңында, Денсаулық сақтау министрлігінде ҮЕҰ-лармен бірге жергілікті атқарушы мекемелермен қосылып бейнекон­ференция-байланыс арқылы аза­маттарды қабылдайды. Осы­ған қарап, біз қалай жұмыс істей­тінімізді анықтаймыз. Адам­дар қолымыздағы қазіргі бар­лық мүмкіндіктермен оларға қам­қор­лық жасайтынымызды сезінуі қажет. Күзге қарай алғашқы қабылдауды жүргіземіз деп ойлаймын, деді Омбудсмен.

Кездесу қорытындысы бойынша, әлеуметтік жетімдікке және кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерінің нақты қадамдары, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға көмек көрсету және жедел әрекет ету жолдары әзірленетін болады.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ