Қазақстан • 11 Шілде, 2018

Ұн экспортын ұлғайтамыз десек...

801 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздің астық державасы атанған Қостанай өңірі диірменнен кенде емес. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, Қостанай және Рудный қалаларына шоғырланған  сексеннен аса ұн тартатын кәсіпорын бар. 

Ұн экспортын ұлғайтамыз десек...

Жылына 1,5 миллион тон­на қуаттылықпен жұмыс істей­тін диір­мендер биыл жыл ба­сы­­нан бері 550 мың тоннадан аса ұн шығарған.  Осы уақыт­қа дейін еліміз бойынша экспортқа шығарылатын ұн­ның төрттен бірін Қостанай об­лысы беріп келді. Солардың ара­сында «Қостанай ұн комбина­ты» АҚ, «Асалия», «Романа нан», «Компания Саламат», «Ару­ана-2010» ЖШС секілді ірі ас­тық өңдеу кәсіпорындарының  қа­та­рына Астана қаласының 20 жылдығы мерекесі күндері пай­далануға берілген  «Бест-Қостанай» диірмен кешені қо­сыл­ды. Қазақстанда, тіпті іргелес Орталық Азия елдерінде баламасы жоқ диірмен облыстың ұн экспорты әлеуетін одан сайын әлдендіре түсетін болады. Оның құны да оңай қаржы емес, 4,5 миллиард теңгеге түсті.

– Астананың 20 жылдығы тек мереке ғана емес, біздің да­муы­­мыздың  көрсеткіші, дең­ге­йі тәрізді болды. Осы мереке құрметіне облыста тағы бір зама­науи кәсіпорынды іске қо­сып отырмыз. Тәулігіне 700 тон­на ұн шығаратын «Бест-Қос­танай» диірмен кешені елі­мізде жылдам енгізіліп отыр­ған «Цифрлы Қазақстан» бағ­дар­­ламасының талаптарына то­лық жауап береді. Кешенге жұм­сал­ған барлық қаржының  2 мил­лиард 800 миллион теңгесін ті­келей шетел инвесторы салды. Бұл диірмен кешені біздің ел­дің инвесторлық жағдайының қо­лай­лы екенін де көрсетті. Тү­рік ағайындар қаржысын эко­но­микаға ешқандай қауіпсіз, се­нім­мен салады, – деді өңір басшысы Архимед Мұхамбетов.

Диірмен кешенінің ерек­ше­лігі, оны жер жүзінің кез кел­ген нүктесінде отырып бас­қаруға болады. Барлық жұ­мыс автоматтандырылған, ком­пью­терлендірілген. Бұл диірмен  Қостанайдың сапалы бидайын жер жүзіне таныта түсудің төте жолының бірі екені даусыз.    

– Мен, мысалы, Америкада отырып та «Бест-Қостанай»  диір­мен кешенінде бүгін  тәу­лігіне қанша тонна ұн өнді­ріл­ге­нін, тағы басқа да көр­сет­кіш­терді біле аламын. Өрке­ни­ет­тің, цифрландырудың өресі де­ген осы. Осыдан екі жыл бұ­рын Швейцарияда өткен ауыл ша­ру­а­шылығы өнімдерінің көр­ме­сінде біз «Дүние жүзіндегі ең сапалы ұн» аталымымен медаль алған едік. Ең жақсы ұн Қазақстанда, оның ішінде Қостанайдың ұны­на жетері аз. Сол медальды ал­ғанда менің Қостанайда ең үз­дік технологиямен жұмыс іс­тей­тін диірмен қоямын деген сер­тім болып еді, бүгін сол мақ­сат­қа жеттік.  Мына за­ма­на­уи диір­менде өндірілген өнім­нің 95 пайызы экспорттала­ды, – дей­ді инвестор, «Бест-Қос­та­най» компаниясының  бас­қар­ма төр­аға­сы Нихат Жан мыр­за. Бү­гін­де Тобыл өңірінің ұны көр­ші Ор­та­лық Азия республи­ка­­лары мен Қытайға және Ау­ған­станға жө­н­елтіледі.

Облыс басшысы айтқандай, өңір­де инвесторлық жағдай жақ­сармаса, мұндай ірі өңдеу кәсіпорнын салуға кез келген инвестор тәуекел ете бермес еді. «Бест-Қостанай»  компаниясы Тобыл-Торғай өңірінде осымен 11 диірмен салды. 

– Біздің компания алғашқы ди­ір­менді 2009 жылы іске қосқан бо­л­атын. Ол тәулігіне 250 тонна ұн тартатын. Ал бүгінгі диір­мен кешенінің қуаттылығы одан үш есеге жуық артық,  мұн­да тәу­лігіне 700 тонна ұн шы­ға­­ры­лады, – дейді кәсіпорын ди­рек­­торы Видади Юсубов. Кә­сіп­­орын басшыларының айту­ла­­рына қарағанда, диірмен ке­ше­нінде қазір 70 адам жұмыс іс­тейді. Алдағы уақытта жұмыс орны көбейетін болады. 

Қостанай ұны қашан да са­па­лылығымен ерекшеленеді. Облыста өңделген  ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерінің экспортында да ұнның таразысы  басым. Биыл жыл басынан бері  435 мың тонна ұн сыртқа шығарылды, бұл облыстан экспортталған барлық ауыл шаруашылығы өнім­де­рі­нің 40 пайызын құрайды. Қамыр­лы­лы­ғы жоғары  Қостанай ұнына рес­публикамыздың өзге облыс­тарында да сұраныс күшті. Жыл басынан бері еліміздің әр шалғайына 44 мың тонна ұн жіберіліпті.

Дегенмен, ұн экспортында ойланатын сәттер де жоқ емес. Бұрнағы жылдармен салыстырғанда  Өзбекстанға жөнелтілетін ұнның 69 пайызға, Түрікменстанға – 53, Тәжікстанға 10 пайызға кемігені  байқалады. Соңғы жылдары Өзбекстан Қазақ­стан астығына иек артып,  өз­дерінде диірмен қоюды жи­і­л­ет­кен. Олар Қазақстанмен ше­­к­араны  жағалай 84 диірмен ке­­шенін орнатқан.  Бізден ас­тық тасиды да, оны өңдеп, әрі қарай Ауғанстанға, өзге де өңір елдеріне шығарады. Осы­лайша ала топылы ағайын Қазақ­стан­ның сапалы ұнын Орталық Азия мен Ауғанстан нарығынан ығыстыра бастады. 

– Мұнымен қоса, Қазақстан ұнын өз аумағынан алып өткен­ге Өзбекстан  жоғары баға қоя­ды. Ал бұл біздің өнімге өзбек­стан­дық диірменшілер   ұнының бір тоннасына қарағанда   25-25 долларға жоғары айыр­ма­шы­лық береді, – дейді облыс­тық ауыл шаруашылығы басқар­ма­сы басшысының орынбаса­ры Төлеутай Ержанов. – Об­лыс өңіріндегі диірмендер жұ­мы­­сына көлденең тұратын ке­дер­гі­лер де жоқ емес. Ең бас­ты­сы – астықты өңірде отыр­ған­мен, оның жұмысының нау­қан­дық сипатқа ие болып және диір­мен­дердің шикізаттан жұтап қа­латын кезі аз болмайды. Оған да астық нарығындағы бағаның тұ­рақ­сыздығы себеп болса керек.  

Мамандардың айтуларына қара­ғанда, бүгін еліміз бойын­ша ұн экспорты көлемінің қостанайлық үлесі 25 пайыздан 40 пайызға дейін көтерілген. Сон­да да сыртқы нарықты игеру­де әлде де ізденістер қажет. Қытай, Иран, Біріккен Араб Әмір­ліктері, Моңғолия нарығын иге­ру үшін  астық өңдеу кәсіп­орын­дарына мемлекет тарапынан жасалатын қолдау шараларын қарастырудың жөн екенін ай­тады диірменшілер. Электр энер­гиясына, жанар-жағар майға  баға­ның өсуі, соған байланыс­ты коммуналдық қызметтердің қым­баттауы өнімнің өзіндік құ­нын жоғарылатпай қоймайды.  Өнім қанша сапалы болса да, ба­зар­да баға жеңіске бейім емес пе? Сонымен қатар құрал-жаб­дықтардың да техникалық  тозуы өн­дірістің кібіртіктеуіне әкеледі. «Асалия» диірмені біраз жылдан бері Ауғанстанға ұн артады. Бірақ кәсіпорынның тасымалдан көріп отырған қиындықтары да, шығыны да аз емес. 

– Ең басты мәселе тасымал­да­ғы қиыншылықтар,  нақты айт­қанда, вагонның жетіспеуі мен оның бағасының күн сайын құ­былуы болып отыр. Қазақ­стан­ның өз вагоны жеткіліксіз, біз көбіне Ресейдің вагондарын пай­даланамыз. Ал меншік ие­ле­рі оның бағасын күн сайын кө­те­ре­ді. Вагон мәселесінде бә­секе де, таңдау да жоқ болған соң, олар бағаны қалауынша қояды. «Аса­лия» диірмені 20 жылдан бе­рі ұн шығарып келеді. Біздің ұнның сапасы ішкі-сыртқы на­рық­та өзін мойындатқан. Бі­рақ солай бола тұра, нарық бә­се­­кесінде мықтымыз деп ай­ту қи­­ын, – дейді «Асалия» ЖШС ди­­ректорының экономика мә­се­­лелері жөніндегі орынбасары Наталья Рымарева.  

Бұл бір «Асалияның» ғана емес, Қостанай өңіріндегі бар­лық диірмен өндірген ұнның та­сы­малына тән жағдай десек, қа­телеспейміз. Осындай ішкі мә­селелер шешімін тапқанда, Қостанай ұнының сыртқы на­рық­қа да жолы кең ашылады. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ