Қазақстан • 11 Шілде, 2018

Дипломаттар қалай дайындалады? Түлектердің арманы ЖОО үшін бизнеске айналды

1405 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметіне өзгерістер енгізу» туралы заңға қол қойды. Мамандар бұл жолғы өзгерістер, дипломатиялық қызметті құқықтық тұр­ғы­дан жетілдіргенмен, негізгі бағытты тағы да айналып өткенін айтып отыр. 

Дипломаттар қалай дайындалады? Түлектердің арманы ЖОО үшін бизнеске айналды

Мәскеудегі Халықаралық қаты­нас­тар мемлекеттік институты немесе ҚХР-дағы Бейжің, Шанхайдағы ха­лы­қа­ралық саясат университеті, Дип­ло­ма­тиялық университет тәрізді тек қана Сыртқы істер министрлігінің балансы­на қарайтын дербес оқу орнының біз­ге де қажеттілігі жайлы мәселе пі­сіп-жетілді. Осыдан 4 жыл бұрын сол кездегі Сыртқы істер минис­трі Ер­­лан Ыдырысов бізге берген сұх­ба­тын­­да СІМ мамандарының 40 пайызы шет­­елдік жоғары оқу орындарында дайындалғанын, 50 пайызы шетел­де кәсіби біліктілігін көтергенін, ҚазМУ, Абылай хан атындағы Халық­ара­лық қатынастар және әлем тілдері уни­вер­ситетінің түлектері екенін айтқан. Сан­ды көбейтіп, санатқа ілінбей қалатын кейбір оқу орындарының түлектерін СІМ-нің есепке алмайтынын сол кезде білген едік. Демек білім жүйесінің қа­зір­­гі қол жеткен мүмкіндігімен әлем­дік талаптарға жауап беретін сыртқы сая­сат саласы мамандарын жеткілікті түр­де дайындай алмаймыз. Осы орайда мә­селенің күрмеуін шешу үшін барлық мүм­кіндіктерді қарастыра отырып, күш-жі­герді бір орталыққа шоғырландыру, оған әлемдік саясаттың тамыршысына ай­налған өзіміздің, шетелдің мамандарын тарту қажет. 

Сарапшы-маман Тоғжан Қожалиева кез келген салада басымдық түпкі нә­ти­женің қорытындысына қарап баға­ла­натын көзқарас үстемдікке ие болып келе жатқанын айтады. Өткен жы­лы «Атамекен» кәсіпкерлер пала­тасы Үкі­метке білім гранттары ЖОО тү­ле­к­терінің жұмысқа орналасу қо­ры­тын­дысына қарап берілсін деген ұсы­ныспен шыққан. Егер, сол ұсы­ныс­ты Үкімет қолдаса, сыртқы саясат саласы мамандарын дайындау тәрізді өте жауапты және қиын мамандықтарды дай­ындау салалық ведомствалардың қа­рауына өткізілуі әбден мүмкін. Бұл әдіс маман дайындауда сандық емес, са­палық деңгейге көтерілуімізге жол ашады. 

«Кейде тосыннан жүргізілген шок-терапиядан ағзадағы жасушалар оянады. Маман дайындауға қатысты кез кел­ген оң шешім ұлтымызды жаңа са­па­лық деңгейге көтереді. 1991 жылғы Қазақстан мен қазіргі Қазақстан мүлдем бөлек. Сондықтан кейбір бағыттарда мамандарды дайындаған кезде әлемдік тәжірибелерді ескерген дұрыс шығар», – дейді Тоғжан Қожалиева. 

«СІМ талабы қатал» деп, дипломат мамандарды дайындаймын деген тә­бе­тін шектеп жатқан жоғары оқу орнын көрмедік. Осы мамандықты игерсем деген жастардың қатары жылдан-жылға өсіп келеді. Тіпті өзіміздің ЖОО-ларда дайындалған мамандар алдағы онжы­л­дықтардағы осы маманға деген қа­жет­тіліктің орнын толтырып тастады де­ген пікір бар. Нарықтағы ұсынысты кү­ні бұрын болжайтын кейбір ЖОО халық­аралық саясат факультетін көптеп ашып тастап, түлектерді шақырып жатыр. Ресми мәлімет бойынша жыл сайын қазақстандық және шетелдік ЖОО-лардан 500 ден астам түлек халықаралық саясат саласы бойын­ша біл­ім алып шығады. Ал Сырт­қы істер ми­нистрлігі немесе елде тір­келген шет­елдік дипломатиялық кор­пус­тар­дың мамандарға деген жыл сайын­ғы қа­жеттілігі 5 немесе 10 маман­нан аспайды. Ал өзге 480 маман жұмыссыздардың қатарын толтырады немесе несібесін өзге жақтан іздейді. Сондықтан «Біздің елде дипломат мамандары қалай дайындалады?» деген сұрақ бүгін де, ертең де өзекті. Түлектеріміздің «дипломат болсам» деген асқақ арманы – ЖОО үшін бизнес.

«Қазақ дипломаттарын дайындау мәселесін бір жүйеге келтіру керек» деген пікірді дипломатиялық қызметте жүрген мамандардың өзі айта бастады. Кәсби ортада шыңдалмаған және жаһан­дық геосаясаттың қойнынан мем­лекеттік мүддені суырып алуды тео­рия­лық тұрғыда негіздей алмаған жас ма­мандарымыздың кемшілігі әр тұс­тар­дан байқалып қалады екен. 

Философия ғылымдарының докторы Дәулетбек Раев Білім және ғылым ми­нис­трлігі са­лалық мамандарды дайын­дауды игере ал­мағандықтан, осы мә­се­ле өзекті болып отыр­ғанын айтады. Шет­елде жекелеген министрліктер ға­на емес, компаниялар да өз мамандарын дайындауға тапсырыс береді. Тіпті кей­бі­рінің қарауында бір­не­ше ЖОО бар. Ал бізге бұл үрдіс жаңа­лық, сол себепті оған қауіптене қараймыз. 

«Бізге келер жылы қанша дипломат-мамандар қажет екенін білмейміз. Мони­торинг жасап жатқан ешкім жоқ. Қазір 156 елде елші бар. «Оларға қандай ма­ман керек?» деген сауалға жауап жоқ. Мысалы, СІМ-де, шетелдердегі ме­ке­мелерде біздің кейбір түлектеріміз бас­пасөз бөлімінде отыр. Ал ол жерде сыр­тқы саясат саласына маманданған жур­налистер отыру керек»,  дейді Дәулетбек Раев.

Бірер жылдан бері дипломат ма­ман­да­рын дайындау Сыртқы істер ми­­нис­трлігінің қарауына өтсе деген ұсыныс қайта көтеріліп жүр. Бұл тә­жі­ри­бе бізде бар. Мысалы, ұлттық қау­іп­сіздік қыз­мет­­керлерін дайындайтын академия ҰҚК-нің балансында. Себебі бұл саланы табиғатына мүлдем жат мекемеге сеніп тапсырудың мүмкін еместігі белгілі. 

Профессор бізбен әңгімесінде бұл мәселе әлі қазанда қайнап жатқанын, бірақ қақпақ ашылмағанымен мәселенің пісіп-жетілгенін айтты. Сыртқы істер ми­нистрлігінің осыдан бірер жыл бұ­рын Абылай хан атындағы Қазақ халық­ара­лық қатынастар және әлем тілдері уни­верситеті халықаралық байланыс фа­культетімен ілеспе аудармашыларды дайындау туралы жасаған келісімі бар. 

«Қазір біздің университет үшін осы мамандарды дайындауға қосымша грант бөлінді. Оның өзі үлкен жеңіс. Мүм­кін келешекте, қажет мамандарды біз­дің түлектеріміздің арасынан таңдап алу­ға назар аударылатын шығар деп үміт­тенемін», дейді Дәулетбек Раев. 

Дипломат-мамандарды дайындау ісі екі түрлі бағытта жалғасып келе жатқаны белгілі. Алғашқысы қазақстандық және шет­елдік жоғарғы оқу орындарын­да, екін­шісі  Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия­лық ұлттық университеті құра­мын­дағы дипломатиялық академияда жүзеге асуда. Бұл дербес білім ордасы емес, құрылымдық бөлімше. Мәскеу ха­лық­аралық қатынастар мемлекеттік инс­ти­туты сияқты дипломат мамандарды дайындайтын дербес құрылым бізде жоқ. Қазақстаннан шыққан кәсіби дипломат Ғани Қасымов Мәскеудегі дипломатия институты 1944 жылы Иосиф Сталиннің бұйрығымен ашылғанын, 1991 жылға дейін КСРО Сыртқы істер министрлігінің балансында болғанын, ондағы оқу бағдарламасы аймақтық және мемлекеттану – Таяу Шығыс елдері, Латын Америкасы мен Африка және ҚХР, Үндістан, АҚШ бағыты бойынша дайындалатынын айтады. Бір сөз­бен айтқанда, Ресейде аймақ және мем­ле­кет­аралық бағыттардағы сырт­қы саясат са­ла­сы мамандары біз­де­гі­дей ұзақ уақыт Сыр­тқы істер минис­тр­лігі қа­бырғасында емес, институт қабыр­ға­сында дайындала­ды. 

«Бір салаға бағытталған кәсіби дип­ломаттарды дайындаудың құны қым­бат. Онда студент 2-курстан бастап алыс-жақын шетелдердің Сыртқы істер ми­нис­трліктерінің орталық аппаратын­да тәжірибеден өтеді. Бұл мәселе мем­лекетаралық келісімдер кезінде ш­е­шімін тапқан. Егер, қазақстандық ЖОО Мәскеу халықаралық қатынастар мем­ле­кеттік институтымен бірігіп мамандар дайындау туралы келісімге келе алса, бұл – үлкен жеңіс. Бірақ бұл күрделі, екі ел президенттерінің келісімімен ше­шілетін мәселе. Қазақстан, сыртқы саясат саласында елдің мүддесін сауатты және табанды қорғау үшін біздің өзіміздің дербес халықаралық институтымыз болуы керек. Мұны кешіктіруге болмайды»,  дейді Ғани Қасымов.

ЖОО түлектері арасынан шетел ті­лін меңгергенді дипломатиялық қыз­метке тарту оң шешім, бірақ бұл жет­кіліксіз. Дипломатияның таби­ға­тында тілді меңгеруден де маңызды қыр­лар көп. Солардың ішіндегі ең өзек­тісі – келіссөздерді жүргізу тәсілі, мәмі­легерлік қабілеті. Президенттер кез­десуі кезіндегі құны миллиардтарға баға­ланатын келісімшарттар – дип­ло­маттардың еңбегінің жемісі. Ғани Қасымов, осы тұста РФ, ҚХР және Орталық Азия елдері бізбен көр­ші бол­ған­дықтан, біздің ұлттық мүдде­міз­дің түйінін осы бағытпен са­бақ­­таст­ыру маңызды екенін айтады. «Жо­ға­рыда аталған елдермен бір кез­дері бір мемлекет құрамында бол­ға­­нымызды естен шығарып, байланыс­та­рымызды жоғары деңгейде, алға жүргізуіміз керек», дейді Ғани Қасымов. 

«Бізге тек Ресей бағытында емес, қыр­ғыз, өзбек бағыты бойынша кәсіби тұрғыда дипломаттарды дайындау керек. Бізде ондай мамандар жоқ. Біздің ЖОО-лар Орталық Азия бағыты бойынша мамандар дайындамайды. Жекелеген бағыттар бойынша мамандар дайындау бағдарсыз бағытты бетке алып барады. Қытай бағыты енді ғана қолға алынды. Бірақ бұл мемлекеттің ғаламдық саясаттағы орнымен және біздің экономикадағы ҚХР үлесімен са­лыстырғанда олардың қатары аз. Осы­ларды орталықтандырып, бір жүйеге топтастыратын кез келді», дейді Ғани Қасымов. 

Қырғызстанда Сыртқы істер ми­нис­трлігіне қарайтын Т.Дихамбаев атын­дағы Дипломатиялық академия, Өзбекстанда Әлемдік дипломатия жә­не экономика институты, Қытайда мем­ле­кеттік сыртқы істер университеті жә­не Бей­жің халықаралық қатынастар уни­вер­ситеті бар. 

«Дипломатиялық академияның жеке құрылым болғаны дипломатия та­биғатының жан-жақты ашылуына мүм­кін­дік береді. ОА-дағы көрші­ле­ріміздің саясатымен ұлттық мүддеміздің түйі­нін сабақтастырып, байланысты­ра жүру маңызды. Бұл мәселе бізде ғана емес, сіздерде де өзекті. Қазір эко­но­ми­калық дипломатияға басымдық бере бастағандар көп. Күні бүгінге дейін дипломатияны тек саясатпен байланыстырып келген ЖОО-лар ендігі жерде сабақ кестесін қайта түзеуге тура келеді. Бұл өте күрделі. Бұл міндетті дипломат дайындауды қолға алу арқылы орындаймыз», дейді Алишер Файзуллаев.

Мүмкін, бізге де осы мәселені қай­та ой елегінен өткізудің кезі келген шы­ғар. Себебі қазір саяси емес, эко­но­­микалық дипломатияның заманы. Эко­номиканы цифрландыру кезеңінде дип­ломатияның осы қырына көбірек мән бергеніміз жөн болар еді... 

Гүлбаршын САБАЕВА,  

журналист

АЛМАТЫ