Қазақстан • 11 Шілде, 2018

Маңдайшадан тамған май. Қазақшамыздың қатесін түгендеген қыздардан үлгі алсақ...

1400 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әуелі жағымды жаңалықтың өзгеше мәні елең еткізген. Алдымен қуандық, со­дан соң қысылдық. Ұят тіпті. Тыңның эпицентрі – Көкшетау қаласында қа­зақ тілінің кірпігі ғана қимылдап жатқандығы рас. Сол жарымжан тілі­міз­дің жанашыры қаршадай қыздар болғандығы намыстандырады екен. Жа­ңағы қаршадай қыздар кілең орыс ұлтының өкілдері болса, ұят салмағы есе­лене түсері сөзсіз. 

Маңдайшадан тамған май. Қазақшамыздың қатесін түгендеген қыздардан үлгі алсақ...

Шоқан Уәлиханов атындағы Көк­шетау мемлекеттік университетінің жа­нын­дағы көпсалалы колледждің оқу­шылары «Біз – халық... Мен – Қазақ­стан азаматымын» әлеуметтік жо­басы аясында үстіміздегі жылдың сәуір айында ауыз толтырып айтуға әб­­ден лайықты орасан жұмыс істеген. Жо­ба­ның тақырыбы – «Жарнамадағы ақаулар». 

Төрт қыз облыс орталығындағы қа­зақ тілінің көрнекі ақпарат және жар­на­ма тілі ретінде қолданылуына назар аударған. Иә, шынында да қоғам на­рық­тық қатынасқа басы бүтін көше ке­ле, төңіректің бәрін жарнама жау­лап алғалы қашан. Жалғыз көшеде ға­на емес, теледидар, радионы қосып қал­са­ңыз да, баспасөздің бетін ашып қал­саңыз да, жарқ-жұрқ еткен жарнамадан көз тұнады. Мен тіл білемін дейтін көкшетаулықтардың талайы көшеде жүргенде көзіне іліккен жарнамалардың жайын көріп, талай «бетін басқан» шығар. Жарнамалар таралу тәсіліне, қамтитын тақырыбына орай әр түрге бөлінеді. Ал оқушылар негізінен сыртқы жар­намаларға көңіл аударған. Мұндай типті жарнамалар дүкендер мен дүң­гіршектердің маңдайшаларында, жар­намалық қалқандарда көрініс тап­қан. Өздерінің айтуына қарағанда, зерт­теу тақырыбында алдарына қойған мін­­дет сауатсыз жарнамалардың шы­ғу арналарын анықтау екен. Қала көше­ле­ріндегі сапасыз жарнамалар топта­ма­сын облыстық тілдерді дамыту бас­қар­масына табыстап, ушығып тұр­ған мәселенің бір шешімін табуға ұмты­лып­ты. 

Сонда біз сөз етіп отырған оқушылар қандай жарнамаларды көрген дейсіз ғой? Мәселен, Е.Әуелбеков көшесінің бойындағы «Ет әлемі» – «Мясной мир» жарнамасы. Бұл аудармаға қарап отырсаңыз, сөйлем тиянақсыз, айтайын деген ой аяқталмаған. Дәл осы арада «өнімдері» деген сөз керек-ақ болып тұр. Мәселен, «ет өнімдері әлемі» десе әлдеқайда жатық болар еді.

Осы көшенің бойында орналасқан ком­­пьютерлік қызмет көрсету орта­лы­ғының маңдайшасында «Продажа, ремонт и настройка компьютера, ноутбуков, принтеров» деген сөйлемнің аудармасы «Компьютерлер, ноутбуктар, принтерлер сату, жөндеу және күйге келтіру» деп аударылған. Дұрысы «күйге келтіру» емес, «қалпына кел­тіру» болмақ. Қазақ «күй» сөзін басқа ма­ғынада қолданған. Е.Әуелбеков кө­шесі мен З.Темірбеков көшесінің қиы­лы­сында «Свежее разливное пиво» деген жарнама «Жаңа құыйлмалы сыра» деп аударылыпты. Бір сөзден бірнеше қа­те жіберілген. «Small» дүкендері же­лі­сінің сөрелерінде де тауар жарнамасы­на қатысты грамматикалық қателер өріп жүр. Мұнда «жеңіл йогурт» «жебіл йогурт» деп жазылған.   

– Мұндай қателер өте көп, – дейді жобаға қатысушылардың бірі Анна Филатова, – біз Анжелика Подгорная, Анас­тасия Абишева, Кристина Клю­ш­никова төртеуіміз бір ай тегін жұмыс істедік. Барлық қатені суретке түсіріп, өз ұсынысымызды жазып, облыстық тіл­дерді дамыту басқармасына тапсырдық. Осындай әлеуметтік жобаға қатысқан 13 топтың арасынан екінші орын алдық. Енді еңбегіміз жанып, барлық қате жөнделсе, ең басты сыйлық  сол болар еді. Мен өзім Солтүстік Қазақстан об­лы­сының Айыртау ауданының тумасы­мын. Кішкентай кезімнен қазақтың қыз­дарымен бірге өстім. Тілді содан жақ­сы білемін. Менің құрбыларым да қазақ  тілін жете меңгерген. 

­Жобаға қатысушы қыздардың айтуына қарағанда, қате жарнамалар әсіресе ор­талық көшелерде көп кездеседі. Мысалы, «меняем старое на новое» де­ген сөйлем «кәріні жаңаға ауыстырамыз» деп жазылыпты. Ал мына «Камаз ту­ған қосалқы бөлшектер» деген сөй­лемді түсіндіріп бере алған адамға ке­лесі айда алатын стипендиямызды бе­рер едік дейді тіл жанашырлары. Абай көшесі мен Қанай би көшесінің қиы­лысында орналасқан жарнамаға на­зар аударсаңыз, «Сварочные работы» сөйлемі «Пісіру жұмыстары» деп ауда­рылыпты. 

Күлкілі болғанымен, бұл кеудеңді ащы запыранға толтыратын  кермек, ащы күлкі. Келісесіз ғой. 

Облыстық тілдерді дамыту бас­қар­ма­с­ының басшысы Марал Жа­қы­­п­о­ва­ның жұмыс кабинетінде жүз­дерінен иман төгілген төрт қызбен шүй­ір­ке­­лес­тік. Тіл жайында, тіл тағдыры жай­ын­да. 

– Өте үлкен жұмыс атқарды, – дей­ді басқарма басшысы Марал Қа­жы­­кенқызы, – енді осы жобаның қо­ры­тын­ды­сы бойынша қателікке жол берген жар­намалардың иелеріне хат жолдап, жөндеуді талап етеміз. 

Колледждің қаршадай қыздарының қарекеті қарлығаштың қанатымен су сеп­кендей әрекет. Ал сонда таза қазақ ті­лінде оқитын колледждер мен жоғары оқу орындарының осындай жобаға қа­тыс­пағандары қалай?!.

Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»

КӨКШЕТАУ