11 Шілде, 2018

Жалғыздық жыры

3772 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жақында жастық шағында жарқылдап дәурен сүрген, марқұм ағамызбен бақытты ғұмыр кешкен, қазір сексеннің сеңгірін саялаған бір жақсы апамыздың көңілін сұрап, халін білгенбіз. 

Жалғыздық жыры

«Е-е, шырақтарым-ай, несін айтасың, менде ауру дейтін ауру жоқ, менің ауруым – жалғыздық, қой!» дегенінде тіліміз байланғандай, үнсіз жабырқап қалғанбыз. Құдайға шүкір, ұл да бар, қыз да бар. Қос-қостан. Құдай көп көрмесін, немере де жетерлік. Бірақ жұмыс бабымен, тіршілік ыңғайымен жан-жаққа тарап кеткен. Қарт анаға мойын бұруға мұршалары жоқ. Күтуші жалдаған. Жағдайын жасаған. Сонымен шаруаны, ана алдындағы перзент парызын біттіге санаған. Бірақ олар осы «жақсылығымен» аналарын жалғыздық дертіне, бұл дүниедегі ең ауыр дертке шалдықтырғандарынан бейхабар.

Біз бұл арада әлдекімдерді айыптаудан аулақпыз. Жалпы, пәни тірлікте әйтеуір бір жалғыздықтан ешкім құтыла алмаса керек. Атам қазақта жалғыздық феномені ежелден бар, белгілі нәрсе. «Атадан тудым жалқы боп, Жақыннан көрдім талқы көп» деп жырлаған Ақтамберді жырау бабамыз сол замандағы жалғыздық сұрқын жақсы кейіптейді. «Жағама қолдың тигенін, жалғыздық, сенен көремін. Жамаулы киім кигенім, Жарлылық, сенен көремін». Иә, жалғыздық адамға жапа шектіреді, залал келтіреді, қапа қылады, қор қылып төмендетеді екен. Осыған орай көмекей әулие Бұқар жырау: «Рулының оғы қалса табылар, Жалғыздың тартатұғын жағы қалса табылмас» деп тегін айтпаса керек. Бұл сол замандағы жалғыздардың санатқа ілінуінің, қоғамдағы орнын алуының аса қиындығын тәуір тұспалдап аңғартады.

Бабалардың далалық философиясында жалғыздық категориясына ерекше мән беріліп, оның дәлме-дәл сипаттамасы бір-ақ ауыз сөзбен соншалықты ғажап айқындалады. Иә, шынымен-ақ, «Жалғыздың жары – Құдай», әйтпесе «Жалғыздық Құдайға ғана жарасады». Осынау даналық нақылдар жалғызды әрі жұбатады, әрі жалғыздықтан құтылудың жолын іздеуге жетелейді.

Жалғыздықтың түрі көп. Қандай жалғыздық болмасын жанға азап шектіреді. Ақтамберді жыраудың айтып отырғаны ағайынның аздығынан, туыстың кемдігінен, бірге туған бауырдың жоқтығынан болған жалғыздық. «Жалғыздың үні шықпайтын, жаяудың шаңы шықпайтын» болғандықтан олар несібесінен қағылады, төрден төмендетіліп шеттетіледі. Адамға бауыр, туыс, бала қай кезде де керек. Онсыз өмірдің мәні де, сәні де жоқ. Ақын Төлеген Айбергенов айтса айтқандай, «Болғанмен бойда қандай күш, Не жетсін бауырың болғанға. Жападан жалғыз мен байғұс келе жатқандаймын орманда». Осы кептегі, осындай шерлі сезімдегі жалғыздар аз ба арамызда?! Бәлкім, өзіміз де сондай жалғыздардың бірі шығармыз. Қалай болғанда да Құдай жалғыздықтан сақтасын. 

Жалғыздықтың ең ауыры – рухани жалғыздық. Ол дертке көбінеки күнделікті күйбең тірлікті күйттейтін, бар уайымы ішер ас, киер киімнен аспайтын тоғышар санадағы қарапайым пенделер емес, ойшыл даналар ұшырайды. Себебі хакім Абай айтқандай, «ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда». Ойшылдардың пешенесіне жалғыздық жазылған ба дерсіз. Бірақ ол көптің көсегесін көгерту жолындағы, қазағының қамын жеп, қайғы ойлаған, ұлы адамның ұлы жалғыздығы, пайғамбардай пұшаймандығы болатын.

Бір сәт зер салайықшы: «Ендігі жұрттың сөзі – ұрлық-қарлық. Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық. Осы күнде, осы елде дәнеңе жоқ Мейір қанып, мәз болып қуанарлық». Міне, осындай халдегі, осындай жағдайдағы жан азабын кешкен Абай жалғыз болмағанда кім жалғыз болмақ еді? Басқа да тауқымет-налалары аз болғандай, кең далада, қалың жұртының ортасында, қара шаңырағының астында жебір жалғыздықтың керсен-керсен уын ішкен Абай: «Атадан алтау, Анадан төртеу, Жалғыздық көрер жерім жоқ. Ағайын бек көп, Айтамын ептеп, Сөзімді ұғар елім жоқ. Моласындай бақсының Жалғыз қалдым – дәп шыным!» деп зар күйін толғады. Сонысымен де Абай бақида жалғыз қалмады. Хакім қазағымен мәңгілік бірге. «Мыңмен жалғыз алысқан, соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен, жұмбақ адамның жүрегіне терең бойлауды» әлде де болса қазағыма нәсіп етсін. Солай еткенде ең ұлы қазақтың жалғыздығының сырын да тереңірек ұғына түсерміз. 

Жалпы, шығармашыл тұлға табиғаты жалғыздыққа бейім. Мағжандай зарлық ақынның: «Ақында адамзатта дос болмайды» деген сөзі осыған айғақ. Заманмен, қоғаммен, көпшілік ортамен түсіністік табу – жалғыздықтың ем-шипасы, дауасы да сол. «Адамды адам түсінбеу – бір ақырет» дейді Мұқағали. Одан соң: «Ойлы жас, түсініпсің, рахмет!» деп жұбанады. Демек, Мұқағали кер замандағы жан жалғыздығынан құтылуға өзі де жол салып отырғанын, өзіне деген халықтың сүйіспеншілігін, оқырманның құрметін сезінгенін байқаймыз. Кезінде қазақтың арда ақындары Қасым, Жұмекен, кейінгі Жұматай, Кеңшіліктер де жалғыздықтан азат болды деп айта алмаймыз. Бәлкім, жан жалғыздығы оларды рухани азаттыққа самғатқан болар.

Қалай десек те, жалғыздық феномені – жалпыадамзаттық философиялық категория. Түптің түбінде, Ескендір Зұлқарнайын, Наполеон, Шыңғыс хан, Сталин сияқты әлемді тітіреткен тиран тұлғалар да жалғыздыққа ұшырамай қалмаған. Жалғыздық жыры да – мәңгілік жыр. 

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»